Халқының 41%-ы ауылды аймақтарда тұратын Қазақстанда 10,9 млн қалалыққа 61 310, ал 7,6 млн ауыл тұрғынына 12 736 дәрігер келеді. Сондай-ақ, ауылда 51 мың (қалада 126,4 мың) орта санаттағы медқызметкер, 635 (қалада 2779) қоғамдық денсаулық сақтау маманы бар. Қаладағы көрсеткіш бұдан кемі екі есеге артық.
Коронавирус пандемиясының болжалды күзгі толқыны қарсаңында 16 қазан Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Қанат Төсекбаев саланы мамандармен қамту туралы ОртКом-да онлайн брифинг өткізді. Министрлік өкілі жас мамандарға жалпы практика дәрігері ретінде 654, анестезиолог-реаниматолог қызметіне 360 штат бос тұрғанын айтып, жұмысқа шақырды.
Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде 253 883 адам қызмет етеді. Оның 74 046 – дәрігер, 179 837 – орта санаттағы қызметкер. Мемлекеттік медицина мекемелерінде 6075 қызметкер бар, мұның 2152-сі дәрігер. Ал жекеменшік ұйымдарда 40439 маман (16 796 дәрігер) жұмыс істейді. Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бастығы Қанат Төсекбаевтың мәлімдеуінше, биыл былтырға қарағанда дәрігерлер өсімі 1,5%-ға, орта санаттағы қызметкерлергене сұраныс 2,6%-ға артқан.
Астана мен Алматы қаласында кадр жетілікті болғанымен, Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл және Қостанай облыстарында маман тапшылығы әлі де толықтай шешілмеген. Өңірлер арасындағы айырым көрсеткіші 24,5-тен 75,9-ға дейінгі аралықта. Бұл кадр ресурсының дисбалансқа ұшырағанын көрсетеді. 9464 жалпы дәрігердің 1205-і Түркістан облысында. Сонымен қоса, 7558 терапевт пен 4950 педиатр бар.
Төсекбаев «маусым-шілде қырғынында», яғни 15 шілдедегі жағдай бойынша елде 5201 дәрігер жетіспегенін мойындады. Әсіресе, Қостанай өңіріне 624 штат қажет болған. Көбіне салдардан соң қозғалатын ресмилер әдеттегідей, көктемдегі карантинде емес, қырғыннан кейін жас мамандарды тартуды қолға алған. 10 қыркүйектегі ахуалға сенсек, 5,2 мыңдық тапшылық 1079-ға кеміпті. Дегенмен биыл 7,9 мыңдай түлек медицина саласының маманы атанғанына қарамастан, тап қазіргі кезде әлі де болса 4122 дәрігер, орта санаттағы 8583 қызметкер жетіспейтін көрінеді.
Мына мамандықтар бойынша кадрлар тапшы:
- анестезиолог-реаниматолог (393);
- терапевтер (346,75);
- жалпы дәрігерлер (319,5);
- дәрігер-лаборанттар (226);
- психиатрлар (213);
- акушер-гинекологтар (203,5);
- педиатры (202,75);
- инфекционистер (121,5);
- эпидемиологтар (102,5);
- неонатологтар (85,25).
Биыл 10 773 дәрігер мен 4295 медқызметкер біліктілікті арттыру және қайта даярлау курсынан өткен.
Төсекбаевтың баяндамасында айтылған дерекке қарағанда, 2018 жылы орта санаттағы медқызметкердің айлығы 90 843 теңге болса, биыл бұл 56%-ға не 161 281 теңгеге ұлғайған.
Президент Тоқаевтың дәрігерлердің орташа жалақысын 2023 жылға дейін 2,3 есеге арттыруға берген уәдесі және Денсаулық сақтауды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламада көрсетілген 2025 жылға қарай дәрігердің орташа айлығы 550 мың теңге болады деген мақсат нақты қандай жолмен жүзеге асары белгісіз.
Пандемия басталғалы бері Қазақстанда мыңдаған медқызметкер вирус жұқтырған, 180-нен астамы өмірден өткен. Қазан айының басындағы ресми дерекке қарағанда, Қазақстанда 12 830 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған, оның 8333-і қызмет барысында ауырған. Үкімет басшысы Асқар Маминнің 4 қазанда ұсынған мәліметінше, қазіргі таңда эпидемияға қарсы 46 мыңнан астам медицина қызметкері тартылған.