Қазақстанда 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасын егу басталды. Денсаулық сақтау министрлігінің есебінше, жыл соңына дейін 6 млн-ға жуық азаматқа екпе салынбақ. Бүгін алғашқылардың бірі болып Денсаулық сақтау вице-министрлері коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Отандық QazCovid-in екпесі әлі де сынақтан өткізіліп жатыр. Мәліметтерге сенсек, ресейлік вакцина 92%, ал қазақстандық вакцина 96% тиімділік көрсеткен.
Вакцинаның алғашқы 20 мың дозасы Ресейден әкелінген. Ал 15 ақпаннан бастап Қарағандыдағы фармацевтикалық кешен өндірген вакцина тіркеледі. Бірінші кезеңде 90 мың доза өндірілген препарат өңірлерге 26 ақпаннан бастап таратылмақ. Наурызда вакцинаның 150 мың дозасы жеткізіледі. Кейіннен өндіріс көлемін 2 млн дозаға дейін жеткізу жоспарлануда.
Бірінші кезеңде шамамен 100 мың адам: инфекциялық аурухана, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қабылдау бөлмелері, санэпидқызмет медицина қызметкерлері екпе қабылдайды.
1 наурызда басталатын екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, ЖОО-ның педагогтері, медициналық қызмет қызметкерлері. 1 сәуірден бастап үшінші кезеңде: мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтері, студенттер және созылмалы ауруы бар адамдар егу салдырады.
Вакцинаның қандай да бір компонентіне аса жоғары сезімталдығы бар адамдарға, жүкті әйелдерге, 18 жасқа дейінгі және 65 жастан асқан адамдарға тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы деректердің болмауына байланысты екпе егуге тыйым салынған. Сонымен қатар, препаратты бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары, қант диабеті, қан түзу жүйесінің аурулары, эпилепсия, инсульт және жүрек-тамыр жүйесі аурулары, бастапқы және қайталама иммундық тапшылық, аутоиммунды аурулар, өкпе аурулары, астма және созылмалы обструктивті өкпе аурулары, қатерлі ісік, оның ішінде қатерлі қан аурулары болған жағдайда сақтықпен қолдану керек.
31 қаңтарда «Спутник V» вакцинасының алғашқы 2 050 дозасы Алматыға жеткізілді. 1 ақпанда таңертең екпе сегіз ауданның емдеу мекемелеріне таратылады. Ал қалада барлығы 40 егу пункті жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, вакцина алғандар 30 минут ішінде дәрігерлердің бақылауында болатын жеке кабинет қарастырылған.
Отандық QazCovid-in вакцинасына келер болсақ, бірінші кезеңде шамамен 2 млн доза өндіру жоспарланған. Қазір ол клиникалық сынақтардың III кезеңінен өткізіліп жатыр. QazCovid-in наурыздың соңы мен сәуірде тіркеледі. Вакцинаның тәжірибелік партиясын шығару биологиялық қауіпсіздік проблемалары институтының базасында, ал тәжірибелік-өнеркәсіптік партиясы «Антиген» ҰКП ЖШС өндірістік алаңында шығарылады. Отандық вакцинаны өндірушілер екпе толығымен қауіпсіз деп сендіреді.
Қазақстан Ресейдің «Спутник V» вакцинасын сатып алуға 16,8 миллиард теңге (40 миллион долларға жуық) жұмсамақ.
ДенМин мәліметінше, сәуір-мамыр айларында барлық қазақстандықтар аясында коронавирусқа қарсы тегін екпе ала алады. Дегенмен, өткен аптада Үкімет отырысында ел президенті Тоқаев «сынақтан сәтті өткен жағдайда, отандық вакцинаны қабылдаймын» деген. Бірақ ДенМин Қазақстанда 18 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқандарға «вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәлімет жоқ болғандықтан», екпе салынбайтынын хабарлады. Яғни 67 жастағы екінші президентке екпе салынбайды. «Қазақстандық екпені салдырамын» деп сендірген президенттің бұл мәлімдемесі мен ДенМин хабараламасындағы қайшылық халықтың вакцинацияға деген күдігін одан ары күшейткен тәрізді.