Бейжің Шыңжаң мәселесі жөніндегі саясатын түсіндіретін хабарлама жарияланғаннан кейін Twitter Қытайдың АҚШ-тағы Елшілігінің ресм аккаунтын бұғаттады. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.
Хабарлама 7 қаңтарда жарияланған. Twitter команиясы ресми мәлімдемесінде: «Біз бұл твит бойынша адамгершілікке қатысты саясатымызды бұзғаны үшін тиісті шаралар қабылдадық», – деді. Енді елшіліктің ресми аккаунты бұғатта болады.
Сейсенбіде Дональд Трамп әкімшілігінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы қызметін атқарған Майк Помпео Қытайдың Шыңжаң саясатын «геноцид және адамзатқа қарсы қылмыс» деп деп атады. АҚШ Мемлекеттік хатшысы лауазымына үміткер Энтони Блинкен бұл бағалаумен келісетінін айтты.
Помпео мәлімдемесінде: «Геноцид әлі де бар. Біз Қытай коммунистік партиясының тікелей бақылауымен ұйғырларды жою үшін жүйелі түрде талпыныс жасалып жатқанының куәсі болып отырмыз», – деді.
Бейжің билігінің Шыңжаңдағы әрекеттерін геноцид деп тану – Трамп үкіметінің биліктен кетер алдында Қытайға қарсы соңғы шарасы. Шыңжаңдағы аз санды ұлттарға жасалған қысымдар мен Бейжіңнің адам құқықтарын ауыр дәрежеде бұзу әрекеттері көптеген елдерде талқыланып келді.
Ал ҚХР СІМ өкілі Хуа Чуньин Помпеоны сынға алып, «әлемге күлкі болды» деді. Сөйтіп Қытай СІМ Трамп әкімшілігінде қызмет еткен 28 АҚШ азаматына санкциялар енгізетінін айтты. Олардың қатарныда Ақ үй жанындағы Ұлттық сауда кеңесінің басшысы Питер Наварро, президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Роберт О ' Брайен, АҚШ-тың БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Келли Крафт, АҚШ Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Алекс Азар және Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Джон Болтон бар.
2018 жылдың тамызында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссар басқармасының өкілдері Шыңжаңдағы түзету лагерлерінде 1 млн-ға жуық мұсылманжардың заңсыз ұсталғанын және адам құқықтарының тапталғанын мәлімдеді. Басқарма бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, осы аймаққа бақылаушылар жіберуді ұсынды.
Қытай билігі Шыңжаңда пенитенциарлық мекемелердің ауқымды желісін құру туралы ақпаратты бірнеше рет жоққа шығарды. Сонымен қатар, 2018 жылдың соңында олар өңірде білім беру және кәсіптік даярлау орталықтары жұмыс істейтінін хабарлаған. Қытай шенеуніктерінің мәлімдеуінше, онда терроризм мен экстремизм идеяларының ықпалына түскен, қытай тілін, жазу негіздерін, коммуникативтік дағдыларды және ҚХР заңнамасының негіздерін оқитын адамдар бар. Бұл орталықтардағы адамдардың нақты санын Қытай билігі жасырын ұстап отыр.