АҚШ президенті болып сайланған Джо Байден мен сайланған вице-президент Камала Харрис 20 қаңтардағы инаугурацияда ант қабылдап, қызметке кірісті. Ал сайлау нәтижелерін мойындаудан бас тартқан Дональд Трамп инаугурация рәсіміне қатысқан жоқ. Ол 20 қаңтарда таңертең Байденді күтпестен Ақ үйден кетіп, президент ұшағымен Флоридаға аттанды.
Биылғы ұлықтау рәсіміне шақырту алған адамдардың саны ковид індетіне байланысты өте шектеулі болды. Атап айтқанда, шараға конгрессмендер, олардың отбасы мүшелері мен АҚШ-тың Барак Обама, Джордж Буш және Билл Клинтон сияқты бұрынғы президенттері қатысты.
Байден халық алдында ант қабылдағаннан кейін президент қызметіндегі алғашқы сөзін демократиялық құндылықтардан бастады. Өткен қиындықтарға қарамастан демократияның сақталып қалғандығын айтты. Сондай-ақ Байден халықты бірігуге, бірге жұмыс істеуге шақыра келе, коронавирустан қайтыс болған 400 мың адамды еске алды.
Халыққа үндеуінде Байден: «Демократия – қасиетті ұғым, біз оны сақтай білдік. Қадірлі отандастарым. Бұл – Америка Құрама Штаттарының күні. Бұл – демократияның күні. Жылдар бойы Америка көптеген қиындықты өткерді. Қазір де жағдай күрделі. Бірақ халқымыздың бірігуі арқылы біз барлығын жеңе аламыз. Сапалы білім беріп, жаңа жұмыс орындарын ашып, денсаулық сақтау жүйесін жақсартып, нәсіларалық теңдікті де орната аламыз. Кез келген дағдарыстан шыға аламыз. Бізге тек бірігу қажет», – деді.
Ресми түрде президенттік қызметіне кіріскен демократ Байден АҚШ-ты климат жөніндегі Париж келісіміне қайта қосып, АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүшелігін қалпына келтірді. Сонымен қатар, Мексикамен шекарадағы дуал құрылысын тоқтатып, мұсылмандар көп шоғырланған кейбір ел тұрғындарының АҚШ-қа кіруіне қойылған шектеуді жоятын бұйрыққа қол қойған. Аталған келісімдер Дональд Трамп билігі кезінде күшін жойған болатын.
Париж келісімі 2015 жылғы 12 желтоқсанда климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциядан кейін қабылданды. Келісім, атап айтқанда, парниктік газ зиянын азайтуды көздейді. Трамп 2017 жылдың 1 маусымында келісімшарттан шығу туралы шешім қабылдады, өйткені ол америкалық жұмысшыларға, бизнеске және салық төлеушілерге мөлдір емес экономикалық міндеттемелер жүктелетіні айтылған.
Джозеф Байденнің Париж келесіміне қайта қосылу туралы шешімі демократтар мен республикашылдардың пікірін екіге бөлді. Бір тарап Париж келісімі АҚШ-ты көшбасшы етпейді десе, енді бірі жаңа президенттің бұл қадамын қолдап отыр.
78 жастағы Джо Байден – АҚШ тарихындағы мемлекет басшысы қызметіне келген ең қарт саясаткер. Ал Камала Харрис вице-президент мансабына келген алғашқы әйел. Камала қазір беделді саясаткер ретінде БАҚ беттерінде жиі бой көрсетіп жүр. Ол ең алдымен Камала Сенаттағы Майк Пенстің орнына барды. Осылайша, жоғары палатадағы басымдықты алды. Жалпы демократтар президенттік сайлауда да, Өкілдер Палатасында да, Сенатта да жеңіске жетіп басымдыққа ие болды.
Ақ үйде 4 жыл билік еткен Дональд Трамп президенттік мерзімінің соңында абақтыда жазасын өтеп жатқан 73 адамға рақымшылық жасағаны белгілі. Бұған дейін АҚШ тарихында бірде-бір президент мұндай қадамға бармаған. Рақымшылыққа ілінгендер қатарында президенттің бұрынғы кеңесшісі және Детройт қаласының бұрынғы мэрі бар. 2016 жылы Дональд Трамптың сайлау науқанын басқарған, кейін кеңесшісі болған Стив Беннон сыбайластарымен бірге Мексикамен шекарада дуал салуға жанашырлық жәрдем ретінде берілген миллиондаған долларды жымқырғаны үшін жазаға тартылған еді. Жемқорлықпен ұсталған Детройттың бұрынғы мэрі Кваме Килпатрик 2013 жылы 28 жылға сотталған. Дональд Трамп тағы 70 адамға өтеп жатқан жазасын жеңілдетті.
Америкадағы ірі саяси жағдайдың бірі – Трампқа екінші рет импичмент жариялау. АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы импичмент жариялағаннан кейін құжат Сенатқа қарауына өтті. Дегенмен, сарапшылар Трамп «мемлекетке қауіп төндірмегендіктен» екінші мәрте импичмент енгізудің қажеті шамалы деп санайды.