Қазақстан Қарулы Күштерінің әскерлерінде қысқы оқыту кезеңінің қорытындысы бойынша бақылау тексеріс жалғасуда. Бүгінгі таңда екінші кезең басталды. Оның шеңберінде ӘҚК әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері, сондай-ақ, ҚР ҚК Құрлық әскерлері жауынгерлік және материалдық-техникалық қамтамасыз етудің құрамалары мен әскери бөлімдері тексерілуге жатады. Бұл туралы Қазақстан Қарулы Күштерінің ресми сайтында жарияланды.

ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірлерінде жұмыс жасайтын кешенді комиссия құрылды. Екінші кезеңдегі жалпы басшылыққа алу мен бақылау ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасарларымен жүзеге асырылады.

Оңтүстік бағыттағы тексеріс Бас штабы бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Әмір Халиковтың, шығыс бағытында Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласовтың жалпы басшылық етуі және бақылауымен өтеді. Оңтүстік-шығыс бағытында тексеріс барысын басшылыққа алу мен бақылауды Бас штабы бастығының орынбасары авиация генерал-майоры Нұрлан Кәрбенов, батыста Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Әділбек Алдабергенов, орталық бағытта ҚР ҚК БШ Стратегиялық жоспарлау департаментінің бастығы генерал-майор Руслан Шпекбаев жүзеге асырады.

Қазақстан Қарулы Күштерінің әскерлерінде бақылау тексеріс басталды. Фото: mod.gov.kz

Әскери қызметшілер жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндері бойынша өздерінің шеберліктері мен машықтарын дәлелдеуі тиіс. Бұл тактикалық, арнайы, атыс, дене, саптық және мемлекеттік-құқықтық дайындық, жалпыәскери жарғылар, сондай-ақ, әскери топография. Сабақтар көрсетілген ауданға жылжу, батальонның (ротаның) командалық-бақылау пунктін өрістету, жауынгерлік тапсырмаларды қою, кіріспе және жауынгерлік оқ атуларды өткізу бойынша қойылған тапсырмаларды орындау барысында бөлімшелерді басқару мәселелерін пысықтай отырып, күндізгі және түнгі уақытта өткізіледі.

Бақылау тексерісі жеке құрамның дағдысын, жауынгерлік дайындықтың шынайы деңгейі мен взводтардың, роталардың, құрамалар мен бөлімдер батальондары басқармаларының үйлесімділік деңгейін, бөлімшелердің қысқа мерзімде қойылған жауынгерлік тапсырмаларды орындау әзірлігін айқындауға, сондай-ақ, жауынгерлік даярлық жоспарлары мен бағдарламаларының орындалуын бағалауға көзделген.

Одан басқа, комиссия қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйін, бағынысты құрамаларда жауынгерлік даярлықты басшылыққа алу бойынша лауазымды адамдардың жұмысын ұйымдастыру жүйесін, жауынгерлік және жұмылдыру әзірлікті тексеретін болады.

“The Qazaq Times”