Қырғызстанда президенттік сайлау өтетін күн жақындаған сайын талапкерлер арасындағы және сайлаудағы административті ресурстар, заңның сақталуы, сондай-ақ, Конституциялық референдумның заңдылығы қатарлы мәселелер бойынша қоғамдық пікір талас тіпті де күшейе түсті. Президенттікке талапкерлер екінші рет телеарнада пікірталасқа шықты, алайда, негізгі талапкер саналған және қырғыз билігін қолына ұстап отырған Садыр Жапаров пікірсайысқа екінші рет қатыспай қалды. Сонда да оның бұл әрекеті оған деген сын-пікірлерден қорғап қалған жоқ.
Пікір сайыс барысында Садыр Жапаровтың Қытаймен астыртын байланысы бар болуы мүмкін деген ойдың ұшын Қанат Исаев ортаға тастағаны көп талқыға шоқ тастады. Ол бұған дейін «Қытай тыңшысы болуы мүмкін» делінген ЖК депутаты Әділ Жүнісұлы мен Садыр Жапаровтың байланысын жіті тексеру керек деген пікірін айтқан болатын.
Садыр Жапаровтың әкесі Қытай жерінде туып өскені туралы кейбір мәліметтер бұған дейін де қырғыз арасында айтылып жүрген. Дегенмен, Қанат Исаев айытып отырған Әділ Жүнісұлының онымен қатар айтылуы Жапаровтың саяси ықпалына көбірек ықпал еткендей болды. Әділ Жүнісұлы Қытайда туып-өсені және онда жоғары лауазымды шенеуніктің күйеу баласы болғаны үшін ол туралы түрлі әңгімелер айтылып келген. Қанат Исаев оның бизнестерінің бәріне Қытайдың инвесторлары салым салғанын баса айта келіп, Әділ Жүністі өзінің досы деп атаған Садыр Жапаровтың да күмәнді екенін айтып салды.
Қырғызстандағы әлеуметтік желі қолданушылар арасында Садыр Жапаров өзінің сайлаудағы бәсекелестеріне әлеуметтік желі арқылы да шабуыл жасап жатыр деген пікірлер бар.
10 қаңтарда өтетін сайлау Қырғызстан ауыр саяси және экономикалық дағдарыс бұғауына түскен тұста өткелі тұр. Қазан айының бас шенінде болған бұлғақтардан кейін Қырғызстан билігі құлап, уақыттық үкімет қатарында Садыр Жапаров командасы келген болатын. Дегенмен, кезекті сайлауда да қазандағы билік алмасуға алып келген келеңсіз жайттердің қайталанып жатқаны сарапшыларды алаңдатады. Кезекті сайлауда да талапкерлерді үркітіп-қорқыту, негізгі талапкердің административтік ресурстарды пайдалануы, заң бұзушылық әрекеттері сол күйінде сақталып отыр.
Әрине, қырғыз ағайын алдағы сайлауды елдегі саяси дағдарыстан шығу үшін өткізгелі отыр және бұған дейінгі болып жатқан бейбастақ әрекеттерді заң шеңберіне түсіруге тырысуда. Алайда, сайлау барысындағы келеңсіздіктер Қырғызстанды тағы бір толқуға алып бара жатыр ма деген ой тудырады.