Швейцария Алматының экс-әкімі Виктор Храпунов пен оның әйелі Лейла Храпунова саяси босқын ретінде баспана берді.

«2020 жылдың 29 желтоқсанында Швейцарияның федералды әкімшілік соты бізге – Виктор Храпунов пен Лейла Храпуноваға Швейцариядан саяси баспана беру туралы ақырғы шешімін шығарғанын қуана хабарлаймын», – деп жазды парақшасында  ол.

Мұны 7 қаңтар күні Швейцария федералдық әкімшілік соты растап, хабарлама таратты. Соттың ресми хабарламасында «Егер ерлі-зайыптылар еліне қайтарылса, ол жақта әділетсіз сотқа тартылуы мүмкін» деген қаупін білдірген.

Бұған дейін швед соты Храпунов жанұясының өтінішін бірнеше рет қанағаттандырмаған. Мәселен, 2014 жылы Федералды әкімшілік сот Храпуновты Қазақстанға экстрадациялаудан құтқарып, босқын құқығын қорғаған. Ал 2018 жылы Қазақстанның құқықтық өзара көмек туралы өтінішін кері қайтарып, 2019 жылы Женева прокуратурасы Храпуновтың атына ашылған қылмыстық істің бәрін жауып, ақтаған. Енді саяси баспана бермек.

Ал Женева прокурорының баспасөз хатшысы Марк Коминнің айтуынша, Швейцария билігі Храпуновтың саяси тұрғыдан қудалауға ұшырағанын ресми түрде мәлімдеді әрі оның құқығын қорғау Қазақстандағы диктатура режімімен күресудің белгісі деп таныған.

Виктор Храпунов Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласының әкімі, энергетика министрі, төтенше жағдай вице-министрі лауазымында қызмет атқарған. Оған Алматы қаласының әкімі болып тұрған тұста бюджет ақшасын жымқырды деп айып тағылған еді. 2018 жылы Қазақстан соты оны 17 жыл, ның әйелі Лейла Храпунованы 14 жылға сырттай соттаған. Сот материалдарына сәйкес, олардың «қылмыстық әрекетінен мемлекетке 250 миллион доллар көлемінде шығын келген». Храпуновтар бұл айыптарды жоққа шығарып, қылмыстық істердің саясиланғанын хабарлаған.

Әділет министрлігінің хабарлауынша, Храпунов 300 млн АҚШ долларын жымқырып, Швейцария мен АҚШ-тан офшор шоттары арқылы жылжымайтын мүлік сатып алған.

Қазақстан билігінің қуғынындағы Виктор Храпунов пен Мұхтар Әблязов бір-біріне құда, туыстық қатынасы бар. Храпуновтың ұлы Ілияс Әблязовтың қызы Мадинамен некелескен. Ал Мұхтар Әблязов былтыр Франциядан саяси баспана алған.

"The Qazaq Times"