Өзбекстан экс-президентінің қызы Гүлнәр Кәрімованың Францияда тәркіленген мүліктеріне қатысты сот үкімі мәлім болды. Үкім бойынша Кәрімованың Париждегі пәтері, Сен-Тропадағы вилласы, Париж маңындағы сарайы сатылып, ақша өзбек бюджетіне аударылатын болды.
Биыл 6 наурызда Өзбекстан Бас прокуратуроасы таратқан мәлімдемеде: «Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімовтың үлкен қызы Гүлнара Кәрімова жазасын өтеу шарттарын бұзғаны үшін жалпы режимдегі колонияға ауыстырылды», – делінген.
2013 жылы Швейцарияда Гүлнәр Кәрімова мен оның айналасындағы бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғалады. Одан соң Швейцария соты «заңсыз жолмен табылған» деп Кәрімованың 800 млн швейцар франкін бұғаттады. Ал 2014 жылы 5 қыркүйекте Турнер Кәрімованың Париждегі үш жылжымайтын мүлкін (Сен-Тропадағы вилласы, Версалдың маңындағы сарайы, одан соң Франция астанасындағы пәтері) тәркілеу туралы қаулы шығарады.
Мәліметтер бойынша, бүгінгі сот шешімі де осы Швейцариядағы тергеу кезінде Францияда тәркіленген Кәрімованың мүліктеріне қатысты. Швейцария құқық қорғаушылары француз әріптестеріне Кәрімованың заңсыз ақшасына қатысты сұрау жолдаған. Соған сәйкес, Француз прокуратурасы 2014 жылы «қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңсыз жылыстату» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғайды. Бұл іс Париж сотының қаржы бөлімінің тергеушісі Серж Турнерге тапсырылмақ.
Француздың Challenges іскерлік басылымының мәліметінше, қаладағы пәтер 31 млн, вилла 2,4 млн, сарай 28 млн евро тұрады. Гүлнәр Кәрімова міне осы қымбат үйлерді Өзбекстанның телекоммуникация нарығында орын алу үшін шетелдік компаниялардан алған парасы есебінен сатып алған көрінеді. Жемқорлық түрінде алынған ақша Кәрімованың шотына Швецияда, Ресейде және Нидерландыда тіркелген компаниялар атынан келіп түскен.
Кәрімова 2013 жылға дейін көпшілік алдында жүрді, елдің саяси өміріне араласты. Сонымен қатар, ол Өзбекстанды 27 жыл басқарып, 2016 жылы қыркүйекте қайтыс болған әкесі Ислам Кәрімовтің орнын басуы ықтимал тұлға ретінде танылған. Гүлнара Кәрімованың үстінен қылмыстық іс 2015 жылы қозғалды. Дәл осы жылы Ташкент қалалық соты оны «аса ірі көлемде қаржы жымқыру», «бопсалау», «салықтан жалтару» айыптары бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған. 2017 жылы шілдеде Өзбекстан Бас прокуратурасы Гүлнара Кәрмованың үстінен тағы бірнеше қылмыс бойынша іс қозғалғандығын мәлімдеді. Өзбекстан ресми органдарының мәлімдемесінен кейін онған тиесілі әлемнің 12 еліндегі банк шоттары мен жылжымайтын мүліктері бұғатталған. Кәрімоваға қарсы екі қылмыстық іс бойынша мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 2 млрд доллар.