16 қараша күні президент Тоқаев «Бірқатар облыстарда коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталғанын» мәлімдеген. Президенттің айтуынша, статистиканы бұрмалау фактісі анықталған аймақтар – ШҚО, СҚО, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары. Тіпті ол жауапты шенеуніктердің қатысуқан жиында «өтірікті шындай етіп жасырғанын» ашық айыптаған.
Қараша айының соңында өңір әкімдері Павлодар облысында 59, Ақмола облысында жүзден аса, Қостанай облысында 57, ШҚО-да 2 жүзден астам, СҚО-да жүз шақты науқастың мәліметі жалпы есепке кешігіп енгізілгенін мәлімдеген. Бұған себеп – ауруханаларда науқастар артқан тұста вирус анықталғандардың мәліметін ұсыну процесі кешіктірілген. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бастығы Айжан Есмағамбетованың редакцияға берген жауап хатында кадр тапшылығынан жүктеме ауырлап, дерек уақтылы өңделіп-жолданбағаны айтылады.
Бірақ комитет басшысы мен әкімнің сөзі кереағар. СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жүзден астам, ал министрлік өкілі Айжан Есмағамбетова 2 жүз шақты жағдай уақытында тіркелмей қалғанын айтқан.
¡Толығырақ: 27 қараша күнгі ОртКомдағы баспасөз жиынында Есмағамбетова қазан-қараша айларында Солтүстік Қазақстан облысында 100-дей кейс уақтылы есепке алынбай, қалып қойғанын нақтылап айтқан. Желтоқсанның 8-і өткен есеп беру брифингінде әкім Ақсақалов комитет бастығының сөзін еске салған тілшіге ведомство цифрын терістеп, «Мен жүзден аса факті дедім ғой» деп қату жауап берген еді. Ертеңіне денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов бұл қайшылық туралы сұрағанымызда тосырқап, жауапты жазбаша жолдауға сөз берген. Министрлік арада үш аптаға жуық уақыт өткенде әрең жауап берді. Әкімнің айтаны – қате.
Редакцияға келген ресми жауапқа сәйкес, министрлік тексерісі барысында бес бірдей өңірде коронавирус ПТР тесті арқылы анықталған науқастардың саны есепке алынбай қалған.
- Шығыс Қазақстан облысында – 273 жағдай
- Солтүстік Қазақстан облысында – 177 жағдай
- Ақмола облысында – 112 жағдай
- Павлодар облысында – 59 жағдай
- Қостанай облысында – 58 жағдай
Елде коронавирус жұққаны ПТР тесті арқылы нақтыланған 650-ден астам адамның мәліметі жалпы есепке дер кезінде кірмей қалған. Ресми жауапқа қарағанда, қазіргі таңда статистика қалпына келтірілген.
Осылайша, министрлік облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың дерегін жоққа шығарды.
Қазақстанда әдеттегіден бірнеше есеге күрт өскен биылғы 256 мың пневмония кейсін есепке қоспай, жалпы статистиканы «маусым-шілде қырғынан» кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көп. Тәуелсіз дәрігерлер мен медицина сарапшылары, қоғам белсенділері статистиканың ашықтығы мен әділдігіне сеніңкіремейді.