COVID-тің жаңа штамы (VUI-202012/01) Ұлыбританияда тіркеліп, вирусты жұқтыру деңгейі күрт артқан. Осыған байланысты елде төртінші деңгейлі локдаун енгізіліп, бірқатар мемлекеттер Ұлыбританиямен әуе байланысын уақытша тоқатты.
The Guardian мәліметінше, вирустың жаңа штамы адамдар арасында 70%-ға тез тарайды. Бірақ қауіптілігі жағынан бұрынғы түрінен ерекшеленбейді. Англияның бас дәрігері, профессор Крис Уитти Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ескерту жібергенін және шұғыл зерттеу жасалып жатқанын жеткізді. Вирустың басқа мутациясының табылғанын Оңтүстік Африка Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі де хабарлады. Оның да таралу қарқыны жоғары.
Қауіпті вирустың алдын алу үшін карнатин талаптары бұрынғыдан қатаңдатылды. Бүгіннен бастап Лондонда және Англияның оңтүстік-батысында сауда және қызмет ету орындары түгел жабылып, 18 миллион халыққа туыстарымен араласуға тыйым салынады. Тек шаштараз және спорт клубтары секілді аса қажет қызмет орталықтары жұмыс істейді.
Осыған дейін Ұлыбритания заңында карантин шектеулерінің тек үш деңгейі ғана қарастырылған. Осы күнге дейін ел локдаунның үшінші деңгейінде болған. Оның өзі «аса жоғары эпидемиялық қауіп төнгенде» енгізіледі.
Елдің денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок Корольдікте коронавирустың бұрынғыдан жылдам таралатын штаммы анықталғанын 14 желтоқсанда хабарлаған. Ахуалдың ушығуына байланысты мәлімдеме жасаған Британия премьер-министрі Борис Джонсон: «Вирустың жаңа түрі тудыруы мүмкін қауіпке байланысты бұған дейін жоспарлағанымыздай Рождествоны еркін тойлай алмайтындығымызды хабарлағым келеді. Жаңа шектеулер жарияланған аймақтардың тұрғындары мереке күндері өз отбасы мүшелерінен басқаларымен араласпауы керек», – деді. Жаңа штамның тіркелгендігі жайлы мәлімет тарай салысымен, Канада, Еуропаның бірқатар елдері мен Латын Америкасы Ұлыбританиямен әуе байланысын уақытша тоқтатты.
Елде карантиннің күшеюіне наразылар аз емес. Кеше локдаунның енгізілуін қарсы шыққандар Парламент үйінің алдына жиналды. Бейбіт ереуілді атқа мінген полиция араласпай, бақылап тұрды. Өткен сенбіде премьер-министр Борис Джонсон ел астанасында және Британияның оңтүстік-шығысында Жаңа жыл алдында шектеу шараларын күшейтетінін айтып, мерекені кеңінен тойлауға тыйым салған болатын. Ол бұл талапты коронавирустың жаңа түрінің пайда болуымен түсіндірді.
Әлем бойынша қауіпті вирус жұқтырғандар саны 76,8 миллионға жетті. Коронавирус алғаш Қытайдың Ухань қаласында тіркелген. Қазір Ұлыбритания коронавирустан қайтыс болғандар саны бойынша Еуропада Италиядан кейін екінші орында тұр. Вирус жұқтырғандар күрт көбейіп, медицина қызметкерлерінің күші жетпей жатыр. Өткен аптаның өзінде ауруханалардағы науқастардың саны 18,5 мың болған. Бұл пандемияның алғашқы толқынындағы цифрлардан сәл ғана төмен.