Әлемдегі қару-жарақ саудасында таңқаларлық өзгерістер болды. 2019 жылы қару-жарақ сату бойынша АҚШ пен Қытай әлем көшін бастады. Бұған қоса Орта Шығыс елдері арасынан алғаш рет Біріккен Араб Әмірлігі алдынғы 25 ірі қару өндірушілердің арасына қосылған. Бұндай мәліметтерді Стокгольмдегі Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты (SIPRI) жаңа есебінде көрсетті.

Аталған институттың дерегенше, былтыр қару-жарақ саудасы 8,5 пайызға көбейген. Ең ірі 25 өндірушінің қару саудасының көлемі 361 млрд АҚШ долларына тең болған, бұл БҰҰ-ның бітімгершілік күштеріне бөлетін қаржысын 50 орайды. Бұл халықаралық қауымдастықтың әлемдегі қақтығыстарды тоқтатуға дәрменсіз күйде екенін көрсетеді. Ал, АҚШ пен Қытайдың 2019 жылы сатқан қару-жарағының мөлшері өзге 23 елдің жалпы жиынтық сауда көлемінен көп.

Қару-жарақ өндіруші алдынғы он ірі компания арасында америкалық Lockheed Martin, Boeing, Northrop Grumman, Raytheon, General Dynamics және L3 Technology қатарлы 6 компания, қытайлық China Aviation Industry Corporation, China Electronics Technology Group және China North Industries Corporation қатарлылар кірген. Аталған Қытай компаниялары тізімде 6-,8-,9-шы орындарды иелеген. Үздік ондықта Еуропадан бір ғана BAE Systems компаниясы кіріп, 7-ші орынға жайғасқан. Қытайдың тағы бір China Ordnance Equipment Group деп аталатын компаниясы үздік 25 тізіміне кірген.

Есепте көрсетілгендей, әлемнің ең үздік 25 қару-жарақ өндірушілері нарығының 61 пайызы бір ғана АҚШ-қа тән. Қытай 15,7 пайызына иелік еткен, оған қоса 2019 жылы Қытайдың төрт ірі қару-жарақ өндірушілерінің сатылымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,8% өсіп, 56,7 миллиард АҚШ долларын тапқан. Бірақ, 2019 жылы АҚШ-тың ең үздік 5 компаниясының өзі 166 миллиард доллар қару сатқан екен.

SIPRI биыл алғаш рет Қытай компанияларын үздік 25 өндіруші тізіміне кіргізіп отыр, орталық бұған дейін сенімді деректерді ала алмай келген. Дегенмен, Қытай қару-жарақ өндірушілері 2015 жылдан бастап қомақты табыс таба бастағаны белгілі болған.

Қазір Батыс елдері Қытайдың әскери қатерінен де алаңдай бастаған. Өткен аптада НАТО жиынында да Қытайдың НАТО-ға төніп келе жатқан болашақтағы ең үлкен қатер екені сөз етілді. Оның үстіне Еуропа қару өндірушілері жыл сайын АҚШ пен Қытай және Ресейге жол беріп келеді.

Айта кетейік, 1966 жылы құрылған Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты қақтығыстар, қару-жарақ, қаруды бақылау және қарусыздану мәселелерімен айналысатын тәуелсіз талдау орталығы. Ол сондай-ақ, осы саладағы ең беделді институттардың бірі.

“The Qazaq Times”