Президент Тоқаевтың қабылдауына кірген үкімет басшысы Асқар Мамин қазақстандық вакцинаның өндірісі туралы айтты.
Ақорда таратқан ақпарат бойынша, «маусым-шілде қырғынына» жол беріп алған үкімет құрамының жетекшісі Мамин 29 қараша күні клиникалық сынақтардың екі кезеңі де аяқталғаны туралы жеткізген. Премьердің сөзінше, вакцинаның кері әсері анықталмаған әрі тиімділігі байқалған. Үш аптадан кейін, анығы 25 желтоқсаннан бастап клиникалық сынақтың 3-ші кезеңінде барысында 3 мың еріктіге екпе салу жоспарланған.
Ресми мәліметке қарағанда, сынақтар толығымен 2021 жылғы наурыз айының соңына қарай аяқталады. Кездесуде Мамин Тоқаевқа осы жылдың аяғына дейін «отандық вакцинаның» алғашқы партиясы ретінде 2 млн дозасы шығарылатынын хабарлады.
Бұдан өзге, Тоқаев пен Путиннің ортақ келісімшартына сәйкес, 22 желтоқсанынан бастап Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіру қолға алынбақ.
«2021 жылдан бастап тұрғындарға ерікті түрде жаппай вакцина егу жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде тұрғындардың ауруды жұқтыру қаупі жоғары тобы, яғни дәрігерлер, педагогтар, күштік құрылымдардың қызметкерлері қамтылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Маминге отандық вакцина өндірісіне қатысты берілген тапсырманы жедел орындағаны үшін алғыс білдіріп, дәрінің тиімділігіне баса мән беруді және тұрғындарға қол жетімді болуын бақылауда ұстауды тапсырды», – делінген Ақорда хабарламасында.
ДДСҰ-ның дерегінше, әлемде коронавирусқа қарсы 212 вакцина-кандидат зерттеу жүрігізіп жатыр. Оның тек 48-і клиникалық сынақ сатысында. Бұған Білім және ғылым министрлігінің Биоқауіпсіздік мәселелері жөніндегі ҒЗИ әзірлеп жатқан қазақстандық QazCovid-in екпесі де енген.
Жамбыл облысында салынатын вакцина өндіруге арналған зауыттың құрылысына Үкімет көктемде өңір әкімдігіне қордан 685,9 млн теңге бөлген.
12 маусым күні зауыт құрылысы басталғаны хабарланған. Қуаты жылына 60 млн дозаға дейін екпе шығаратын өндіріс орнының бюджеті 7 млрд теңге. Білім министрлігі жариялаған тендерді «Ка-Строй ЛТД» ЖШС ұтып алған. Жоспар бойынша зауыт ендігі жылдың алғашқы тоқсанында жұмысын бастауы тиіс.
Қарашаның ортасында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой онлайн-брифингте әлеуметтік осал топқа жататын 3,6 млн тұрғынды вакциналауға Үкімет қорынан 47 млрд теңге қарастырылғанын хабарлаған. Тіпті ол 14 қазандағы мәлімдемесінде «аталған (қазақстандық – QT) екпе қымбатқа түспейді, өзіндік құны 2-3 доллар төңірегінде болады» деген. Бір адам QazCovid-in екпесінің екі дозасын алуы керек.