Қырғызстанның мемлекет басшысы лауазымына үміткерлер саны 63-тен 20 адамға дейін қысқарды. Азаттык үналғысының хабарлауынша, 11 адам сайлауға қатысу туралы өтінішін өз еркімен қайтарып алған.

Қазіргі уақытта ОСК үміткерлер ұсынған қолдардың растығын тексеруге кіріскен. Орталық сайлау комиссиясының мәлімдемесінде: «20 адам 30 мың адамның қолы мен 1 млн сом (шамамен $13 мың) көлеміндегі кепіл ақшаны заңда бекітілген мерзімде жинап үлгерді. Тексерістен соң үміткерлер саны тағы азаюы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз», – делінген.

Президенттікке үміткерлер сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына 15 желтоқсанда кіріседі. Ал елдегі мерзімінен бұрынғы президенттік сайлау 2021 жылдың 10 қаңтарына өтеді.

Үміткерлер қатарында Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы басшысы Абдил Сегизбаев, «Бутун Кыргызстан» партиясының көшбасшысы Адахан Мадумаров, бірнеше шақырылым депутаты әрі журналист Каныбек Иманалиев, ІІМ басшысының бұрынғы орынбасары Курсан Асанов, кәсіпкер Арстанбек Абдылдаев пен мемлекет басшысының міндетін атқарып келген Садыр Жапаров бар.

Таяуда Қырғызстан президентінің міндетін атқарушы және премьер министр болған Садыр Жапаров Конституцияға өзгертулер енгізу деген бастаманы ұсынған. Қолданыстағы Қырғыз Ата заңы оған президент міндетін уақытша атқарушыға ондай құқық бермеген.

Қырғызстандағы саяси жағдайларды бағамдаған тәуелсіз сарапшылар бұл өзгерістердің елді одан бетер тығырыққа тірейтінін айтады. Сондай-ақ, 30 жыл біртіндеп болса да алға ілерілеп келе жатқан қырғыз демократиясы дағдарыстан кейін кері кетсе бұл аймақтағы демократиялық процестерге кері әсерін тигізеді деп санайды. Себебі, маңындағы авторитарлық режимдер ендігі жерде қырғызды мысал етіп, елдегі азаматтық қоғамның прогресін кері шегіндіруі мүмкін деген болжамдар бар.

22 қарашада Бішкекте жүздеген адам Конституцияның өзгеруіне қарсы бейбіт маршқа шықты. Олар жаңа заң президентті диктаторға айналдыратынын айтады. Шерушілер қолында «Ханституцияға жол бермейміз!» деген жазуы бар плакат болды.

"The Qazaq Times"