Саясатқа кәсіпкер ретінде келген Дональд Трамп енді АҚШ-тың экс-президенті (2016-2020 ж). Төрт жылдық жоспарларына қарап, Трампты Рейган және үлкен Буш сияқты ескі гвардия президенттерімен салыстыруға болады. Ал эксцентрик ретінде ол кіші Бушқа ұқсас. Яғни оның саясаты оң мағынасында алғанда, ашық популистік сипатта өрбитіндігі сайлау науқанынан-ақ белгілі болған. Әр мәлімдемесін «Make America great again!» лозунгымен бастайтын Дональд Трамп билігі қандай жетістік-жеңілістерімен есте қалды? Сараптап көрелік.

Республикалықтардың «Америка бірінші» саясаты кезінде Қытайды ысыру, НАТО мен ДДСҰ-ны қаржыландыруды шектеу, Париж келісімінен шығу – Америка перспективасы үшін оңтайлы қадамдар еді. Егер субъективті пікір білдіретін болсақ, саяси тәуелсіз адамдар ғана осындай ірі қадамдарға бара алады деуге болады. Ал Американың 46-шы президенті атанған Джо Байден антиресейлік саясат жүргізуді мақсат еткендіктен, Ресейге қарсы кез келген шектеулер Қазақстан экономикасын айналып өтпейді. Теңге құнсызданып, тауар сатылымы да төмендеуі әбден мүмкін. Дегенмен бұл гипотезаның қаншалықты орындалатындығы Байден билігі тұсында белгілі болмақ.

Трамп саясатындағы жетістік

Дональд Трамп сайлауда 2016 жылдың 8 қарашасында жеңіске жетіп, ресми қызметіне 20 қаңтар кіріскен. Сол уақыттан бастап Трамп билігіндегі кезекті жетістіктің бірі экономикадағы прогресс болды. 2016 жылғы сайлаудан кейін 1 жыл ішінде бір ғана өңдеу өнеркәсібі саласында 200 мың, жалпы 2,4 млн жаңа жұмыс орны құрылған. Еңбек статистикасы бюросының мәліметінше, 2017 жылы өңдеу өнеркәсібінде 197 мың бос орын ұсынылған. Ал осы уақытқа дейін 7 миллионнан астам жаңа жұмыс орындары ашылған.

2018 жылы Рождество мерекесі қарсаңында корпоративті салық 35%-дан 21%-ға дейін төмендеді. Дегенмен, Рональд Рейган мен 2010-2013 жылдары Барак Обама тұсында қабылданған салықтық жеңілдіктермен салыстырсақ, бұл айтарлықтай көрсеткіш емес.

2017 жылдың соңында бастаған салық жүйесі – Трамп саясатындағы бірден-бір жетістік еді. Конгресс оның корпоративті салық мөлшерлемесін төмендету туралы заң жобасын мақұлдап, салық жүйесінде прогресс орын алды. Кейіннен ол Жоғарғы сотқа екі консерваторды тағайындап, республикалықтардың позициясын ұзақ мерзімге күшейтті.

Салықтық жеңілдіктер жарияланғаннан кейін, бірқатар компаниялар өз қызметкерлерінің жалақысына үстеме жариялады. Осылай «Disney» компаниясы 125 мың қызметкеріне 1 000 доллар көлемінде сыйақы ұсынса, «Fiat Chrysler Automobiles» 60 мың қызметкерінің әрқайсысы 2 000 доллардан алатынын хабарлады. Америкалықтар салық реформасы үшін («Americans for Tax Reform») ұйымы 285 компанияның үстеме жариялау акциясына қатысқанын, бұл шамамен 3 млн жұмысшыны қамтитынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымына қарсы АҚШ бастаған коалицияның генералы террористер жаулап алған жердің 98%-ы халыққа қайтарылғанын мәлімдеді. Ол сондай-ақ азат ету операциясындағы Ресей мен Иранның қолдауына сүйенген Сүрия Үкіметі әскерінің үлесін атап өтті. Дональд Трамп АҚШ Президенті қызметіне кіріскенге дейін, «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы өз қуатын жоғалта бастағаны белгілі.

Көрнекі сурет. Дональд Трамп жұбайы Мелания Трамппен. Фото: ВВС

Әділ сауда үшін күрес

Экс-президент Трамп Солтүстік Американың еркін сауда келісімін (NAFTA) алмастыру үшін АҚШ, Мексика және Канада (USMCA) арасындағы байланыс бойынша келіссөздер жүргізді.

Әлем бойынша үшінші ірі экономикасы бар Американың ауылшаруашылық және цифрлық саудасын ынталандыру үшін Жапониямен екі үлкен мәміле жасады. Сонымен қатар Трамп Америка мен Корея арасындағы еркін сауда туралы келісімді қайта қарау туралы уәдесін орындап, автомобиль экспортын 2 есеге арттырды. Еуропалық Одақпен еркін сауда туралы келісімге қол қойылды. Шетелдік болат пен алюминийге тарифтер енгізілді.

Осы төрт жылда Қытай әлемдік гегемония үшін күресте АҚШ-тың тікелей бәсекелесіне айналған. Дональд Трамптың 2015 жылғы сайлау алдындағы уәделерінің бірі – АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастарында түбегейлі өзгеріс жасау болатын. Бұл уәде бір жылдан астам уақытқа созылған толыққанды сауда соғысына айналды. Бейжіңмен ірі сауда қақтығысы басталды. Ресми нұсқа ретінде айтсақ, сауда қатынастарындағы теңгерімсіздік орын алды. Бірнеше ұйымдар мен жеке тұлғаларға санкциялар енгізілді.

Қытайдың әлемдік экономикалық аренада дамуына қарсы тұру үшін Трамп әкімшілігі сауда соғысын бастады: бірнеше ұйымдар, жеке тұлғаларға санкциялар енгізіп, Қытайдан тасымалданатын кей өнімдерге тыйым салынды.

Трамптың толыққанды жүзеге аспаған жоспарлары да бар. Мысалы, Ақ үй әкімшілігі мұсылмандардың Америкаға кіруіне тыйым сала алмады. Алғашқы екі отырыста бірқатар мұсылман елдерінің азаматтарының АҚШ-қа кіруіне тыйым салу туралы заң жобасын Жоғарғы Сот қабылдамады. Тек үшінші отырыста мақұлданып, тізімге енген санаулы мемлекеттерге тыйым салынды. Бұл – сайлау уәдесі ішінара орындалды деп айтуға болады.

Трамп сонымен қатар алдыңғы президент Барак Обама енгізген Денсаулық сақтау жүйесін реформалай алмады. Ол бастапқыда «Obamacare»-ді толығымен жоюды көздеп, сынға қалған.

Түйін

Трамп билігіндегі төрт жыл ішінде Америкада салық жүйесіндегі өзгеріс, Қытаймен сауда соғысы, иммигранттар мәселесі, афроамерикалықтың қазасы сынды ірі оқиғалар орын алды. Қызылдар (республикалықтар) мен көктер (демократтар) боп екіге бөлінген АҚШ үшін де, жалпы әлем үшін де Дональд Трамп прогресі мен регресі қатар жүрген президент ретінде есте қалары анық. Ең бастысы, жоғарыда келтірілген жетістіктер «Америка бірінші» лозунгының саясаттағы рөлін айқындап тұр.

(Трамп әкімшілігі тұсында жеткен жетістіктердің толық нұсқасын ресми Ақ үй сайтынан оқуға болады)

"The Qazaq Times"