АҚШ-тағы президенттік сайлаудың екінші күні демократ Джо Байден 264 дауыс, ал Дональд Трамп 214 дауыс жинаған. Президенттік сайлаудың алдын ала қорытындысы бүгін жариялануы мүмкін. Джо Байден алда келе жатса да, тап қазір оны Американың 46-президенті атанды деуге ерте. Себебі қорытынды шешім әлі шыққан жоқ.
Дәл қазір Америка халқының пікірі екіге бөлінген: бір топ Байденнің жеңісіне сенім білдірсе, бірі «сайлауда бюллетеньдер дұрыс саналған жоқ, дауыс ұрланды» деп есептейді. Осы мәселебойынша Манхэттенде шеру басталған. Осыған байланысты 4 қарашада қазіргі президент Дональд Трамп штабы сайлау ерекше тартысты өткен, бірақ сайлау нәтижесі әлі шыға қоймаған Мичиган, Пенсильвания және Джорджия штаттарында дауыс санауды тоқтату туралы сотқа арыз түсірген. Трамп штабы аталған үш штатта бюллетеньдерді есептеу кезінде ашықтық болмағанын алға тартып отыр.
Екі үміткер де күні бұрын өздерін жеңімпаз деп танығанымен, Ақ үйден орын алуға әзірше Джо Байден жақын тұр. Үміткер президент болу үшін сайлаушылар алқасындағы 538 дауыстың кемінде 270-ін алуы керек. Құрама Штаттардың 46-шы президенті атануы үшін Байденге қазіргі уақытта небары 6 дауыс қана жетпейді. Демократтар атынан додаға қатысқан үміткер таңдауы құбылып тұратын Висконсин мен Мичиган штаттарында да аз ғана басымдықпен болсын жеңісті жұлып әкетті. Енді екі кандидат Пенсильвания, Солтүстік Каролина мен Джоджия штаттарындағы дауыс беру қорытындысын күтіп отыр. Бұдан бөлек Невада мен Аляскада кімнің жеңіске жеткені де әзірге белгісіз.
Америкадағы сайлау жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Халық президентті тікелей сайламайды. Яғни «бір адам – бір дауыс» ережесі қолданылмайды. Ақ үй басшысын Таңдаушылар коллегиясының мүшелері анықтайды. Олардың жалпы саны – 538. Әр штаттың халық санына сәйкес іріктеледі. Үміткердің қайсысы болмасын, белгілі бір штатта жеңіске жетсе, осы штат таңдаушыларының барлығы сол үміткер үшін дауыстарын беруге тиіс.
Бұл ереже тек шағын Мэн және Небраска штаттарында қолданылмайды. Жеңіске жету үшін үміткер 538 дауыстың кем дегенде екі жүз жетпісін жинауы қажет. Сондықтан кейде халықтың көпшілігі дауыс берген үміткер президенттік орнынан қағылуы мүмкін. Соңғы сайлауда тап осындай жағдай тіркелген еді. Хиллари Клинтон көп дауыс жинағанымен, штаттар таңдаушыларының дауыстары бойынша артта қалды. Сырттан бұл жүйе тым күрделі көрінуі мүмкін. Алайда АҚШ дербес штаттар одағы ретінде құрылғанын ескеруі керек. Яғни іс жүзінде федерация басшысы сайланады.
Мәлімет
АҚШ президенттігіне бірінші үміткер – республикалық партияның өкілі Дональд Трамп. Республикалықтардың соңғы жылдардағы ұстанымы – салықты азайту, қаруды ұстау құқығын қолдау және көші-қонға қатысты қатаң шектеулер енгізу. Шалғай өңірлерде қолдаушылары көп. Республикалық экс-президенттердің қатарында Рональд Рейган мен Джордж Буш бар.
Екінші үміткер – демократ Джо Байден. Барак Обама ел басшысы болған кезде 8 жыл бойы вице-президент қызметін атқарған. Саясаттағы тәжірибесі 50 жылға жуықтайды. Демократтар партиясының өкілі. Бұл саяси ұйым азаматтық құқық, көші-қон және климаттың өзгеруі секілді мәселелерге деген либералдық көзқарасымен ерекшеленеді. Демократиялық партияның экс-президенттері қатарында Джон Кеннеди, Билл Клинтон мен Барак Обама бар.