Дональд Трамп екі рет импичмент жарияланған АҚШ-тың алғашқы президенті ретінде тарихта қалмақ. Өткен жылы Сенат Ақ үй басшысын ақтады. Бірақ биыл АҚШ Сенаты көпшілік дауыспен экс-президент Дональд Трамптың импичмент процесін Конституцияға қайшы емес деп таныды.
Бұл шешімге дауыс берген жоғарғы палатадағы 50 демократтарға алты республикашыл қосылды, оның ішінде АҚШ президенттігіне кандидат болған Митт Ромни де бар.
Бұрынғы президентке айыптауды Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси таңдаған конгресстің тоғыз демократы ұсынды. 25 қаңтарда олар Сенатқа айыптау құжатын ресми түрде тапсырды. Осыдан кейін жоғарғы палатадағы демократиялық көпшіліктің жетекшісі Чак Шумер және республикалық топ басшысы Митч Макконнелл Трамптың адвокаттарына экс-президентке тағылған айыптарды жоққа шығаратын өтініш дайындауға қосымша уақыт берді.
Сарапшылардың пікірінше, сайлаудағы жеңіліс, Сенаттағы спикерлердің азаюы Республикалық партияның бөлінуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, бұрынғы президентті қолдайтын Республикалық партия өкілдері: «Трампқа импичмент жариялап, биліктен шеттету – абсурд шешім. Себебі өкілеттігі тоқтаған экс-президентке импичмент процесін жүргізбеу қажет. Яғни демократтардың басты мақсаты – республикалықтардың ықпалын азайтып, келесі сайлауға Трампты қатыстырмау ғана», – дейді.
Қаңтарда демократтарға тиесілі Конгресс Дональд Трампқа импичмент жариялап, оны бүлік шығарды деп айыптады. Заң шығарушылардың пікірінше, Трамп сайлау нәтижелерін мойындамағаны үшін және Капитолийдегі бүлік үшін жауапқа тартылуы тиіс.
Ақ үйдің бұрынғы басшысы «жасаған қылмыстар» туралы 80 беттен тұратын құжат 2 ақпанда Сенатқа тапсырылған. Алты күннен кейін, 8 ақпанда, Трамп өкілдері өз ұстанымын білдірді. Заңгерлердің пікірінше, өкілеттігін тоқтатқан президенттің импичменті заңға қайшы.
9 ақпанда төрт сағатқа созылған дебат кезінде тараптар өздерінің аргументтерін алға тартып, қызметінен кеткен президентке импичмент жариялау процесінің заңдылық мәселесі дауысқа салынды. Нәтижесінде 56 сенатор (50 демократ және 6 республикашыл) импичментті заңды деп таныған. 44 сенатор-республикашыл аталған тұжырыммен келіспеген. Бұған дейін Трамп адвокаттары сенаттың бұрынғы президентке импичмент жариялау ісін талқылауға заңнамалық өкілеті жоқ деп мәлімдеген.