Сайлау туралы заңға сәйкес Қазақстанда мәжіліс және мәслихаттар сайлауы онлайн өтпейді.
Орталық сайлау комиссиясының 22 қазан күнгі брифингте ОСК төреғасы Берік Имашев «Мәжіліс сайлауын дәстүрлі жүйемен қағаз бюллтеньдер арқылы өткіземіз» деді.
ОСК мүшесі Серік Сыдықовтың айтуынша, конституциялық не құқықтық заңнамалардың ешбірінде сайлау процесін карантинге байланысты кейінге шегеру қарастырылмаған.
«Мәжіліс сайлауы онлайн өтеді деген сұрақтың қайдан шыққаны түсініксіз. Саяси науқан «Сайлау заңы» шеңберінде өтеді. Мән беретін жайт, онлайн-сайлау туралы және келіп жатқан ұсыныстардағыдай бірнеше күн бойы дауыс беру заңда көзделмеген. Мәжіліс сайлауын дәстүрлі жүйемен қағаз бюллтеньдер арқылы өткіземіз», – деді бірнеше жыл бойы ОСК басшысы қызметінде отырған Имашев.
Бұған дейін, 7 қазан күні денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус індетіне байланысты сайлау онлайн өтуі мүмкін екенін мәлімдеген. Дегенмен онлайн дауыс беруге наразы азаматтар петиция жариялап, президенттен оған тыйым салуды сұраған.
Сайлау комиссиясының мамандары «маусым-шілде қырғынына» жол беріп алған пандемиядағы модератор-ведомство ДенМин-нің кәсібилігіне иек артады, оның сайлау өткізуге қатысты барлық шараларды қабылдайтынына сенімді. Тіпті Сыдықов съезд, үгіт-насихат, сайлау түгел дерлігіне жеке-жеке арнайы нұсқау әзірленетінін айтты. Оның айтуына қарағанда, сайлаушылар 10 қаңтар күні қолына кемі 2-3 бюллетень алады. Бірі мәжіліс депуттаттарын, екіншісі облыстық не аудандық мәслихат «халық қалаулысын» анықтауға беру жоспарланып жатыр.
ОСК мүшесінің бірі Анастасия Щегорцова халықаралық бақылаушылар келетінін жеткізді. Дегенмен мұндай бақылаушылар комиссия мен Сыртқы істер министрлігінің тізімі бойынша шақырылатындықтан, оның «ашық әрі мөлдір» принципіне толықтай кепіл болары анық емес. Сарапшылар мен азаматтық қоғам белсенділері мұны «биліктің қолайына келетін қуыршақтар» деп сынайды.
Кеше мемлекет басшысы Тоқаев Мәжіліс пен Мәслихат сайлауын 10 қаңтарға белгілеген. Оған бюджеттен 15,3 млрд теңге жұмсалмақ.