Арада екі айдай уақыт өткен соң 1 қазан күні денсаулық сақтау министрі Орталық коммуникациялар қызметінде Алексей Цой орысша мен вице-министр Ажар Ғиният қазақ тілінде тілшілердің алдында арнайы мәлімдеме жасады.  

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният кейінгі екі айда (тамыз-қыркүйек) ЖРВИ-мен тіркелгендер саны былтырға қарағанда 25%-ға төмендегенін мәлімдеді. Оның дерегінше, биыл тамызда 154 533 (былтыр тамызда 193 465), қыркүйекте 263 775 (былтыр қыркүйекте 378 267) жағдай тіркелген.

Министрдің ескі әріптесі, «маусым-шілде қырғынының» дәл ортасында тағайындалған Ғиният  бүгінгі таңда елде 1955 мекеме барын, оның ішінде 577 емхана жұмыс істеп жатқанын айтады.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният. 2020 жыл 1 қазан. Фото: ҚР ОКҚ

ДенМин басшылығы емханаларда қызметкерлер мен пациенттерге жағдай жасауға сөз берді. Енді ауруханаларда әлеуметтік қашықтықты сақтауға арналған белгілер қойылып,  вирустың бар-жоғына байланысты лас және таза аймақтарға бөлінеді.Медқызметкерлер термометрлермен және арнайы қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілуі тиіс. Сондай-ақ, көрінетін жерлерде келушілер мен қаралушыларға арналған санитарлық тазартқыштар орнатылады. COVID-19 күдігі бар науқастар бөлек бөлімшелерде емделетін болады.

Амбулаториялық-емханалық науқастарда тыныс алу жетіспеушілігін ерте анықтау үшін емханаларға 25,5 мың импульстік оксиметр беріледі, 3640 мобильді топ қауіпті саналатын санат бойынша қызмет етуді жалғастырады. 550 жедел жәрдем тобы халықтың 4 санатына қызмет көрсетуде.

Жоспарлы қабылдау тәртібі бойынша алдын ала жазылу арқылы жүзеге асырылады. Басқа-басқа тап қазіргі жағдайда Call-орталығы, консультативті орталықтар үздіксіз жұмыс істеуі керек.

Күзгі-қысқы эпидмаусымда тұмаудың алдын алу мақсатында әзірге емханаларда ауруы ықтимал 931 млн адамға вакцина егілген. Бұл жалпы тұмауға қарсы вакцинаның 2,2 миллионнан астам дозасының 44%-ы. Әлі жалғасып жатыр. Әлеуметтік осал топтардан өзге санаттағы азаматтар ақылы түрде салдыра алады.

ДенМин-нің қазақша сөйлей алмайтын басшысы Алексей Цойға баяндаманың мемлекеттік тілдегі нұсқасын мүдірмей оқып беретін Ажар Ғиният үнемі «көмектеседі». 2020 жыл 1 қазан. Фото: ҚР ОКҚ

Вице-министр «220 мың жүкті әйелдің 49 мыңға жуығы, яғни 22% вакцинациядан өткен, кем дегенде 40% жүкті әйелдерді вакцинациялау жоспарланған» дейді.

ДенМин күзгі ықтимал толқында ЖРВИ, тұмау және коронавирусты өршітпес үшін 1 млн адамға амбулаториялық дәрі-дәрмек тізіміне сәйкес ЖРВИ ауруларын емдейтін 5 дәрі (антибиотиктар, қызуды басатын дәрілер), қосымша коронавирусқа қарсы 5 дәрі қорын дайындапты.

Министр мен вице-министрдің сөзіне қарағанда, кез келген пациент ауруханаға кедергісіз жатқызылуы үшін бүгін жұқпалы ауруларға арналған 14 мыңнан астам төсек-орын, оның ішінде 1142 (толық жабдықталған) реанимациялық төсек-орын әзірленген. Қазіргі таңда жұқпалы аурулар ауруханаларының жүктемесі 12%. Бұдан былай, ЖРВИ, тұмау және  коронавирус болуы мүмкін барлық науқастар жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылмақ.

Күзгі толқынға дайындық режимінде қазір 51 мың төсек қарастырылған. Мұның 5,5 мыңы реанимациялық төсек, ал 4 мыңы ӨЖЖА-мен жабдықталған. Қыркүйек айында 1,2 мың өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынған. Және 22 мың төсек-орын оттегі қорымен қамтамасыз етілген.

Науқастың қатар не созылмалы ауруының асқынуы, медициналық көмекке кеш жүгінуі және өз бетінше емделуі себепті жағдайы қиындап, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне ауыстыруға тура келетін көрінеді. Қазіргі кезде жүзге тарта пациент интенсивті бөлімшеде емделіп жатыр.

Вице-министр бір айдай берілмеген есебін баяндамасында жалғады. Ол:

– Медицина мекемелерінің жұмысы және  жоспарлы стационарлық көмек толық қалпына келтірілді. Жедел жәрдем қызметіне қазіргі уақытта 1,4 мың бригада жұмылдырылған, мұның үштен бір бөлігі ауылдарда (498). Күніне орта есеппен 17 мың шақыру түседі, оның 3,6%-ы жоғарғы тыныс жолдарының вирустық инфекция белгілері бойынша тіркеледі. Ковидке байланысты шақырту жағдайы айтарлықтай азайды. Мысалы, шілдеде күніне орташа есеппен 3 мың, тамызда 1 мың, қыркүйекте 500-700 қоңырау шалынды, – дейді министр орынбасары.

Жылжымалы медициналық шағын «емхана». Фото: ҚР ОКҚ

ДенМин «маусым-шілде қырғынан» кейін қосымша 807 жедел жәрдем көлігін сатып алған. Тағы 360 көлік мемлекет тарапынан сатып алынады.

Қазіргі кезде шалғай жатқан ауылдарда 49 жылжымалы медициналық көлік бар. Министрлік мұның жетіспейтінін айтады. Сондықтан «президенттің тапсырмасымен 100 жылжымалы медициналық емхана сатып алынады. Онда терапевт, педиатр дәрігерлер пациенттерді қабылдайды және толық тексеруден өткізеді. Дәрі-дәрмек жеткізу мүмкіндігі бар шағын-клиникада COVID-19 анықтау бойынша барлық тексерулер жүргізіліп, талдаулар алынады».

Алексей Цой мен Ажар Ғиният  сөз соңында ел азаматтарын санитарлық талаптар мен профилактика ережесін қатаң ұстануға шақырды. Медициналық бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, қолды жиі сабындап жуып, үнемі антисептик құралдарын пайдалану керек.

*Жоғарыда көрсетілген деректер министр Алексей Цой мен орынбасары Ажар Ғинияттың ресми баяндамасынан алынған.

“The Qazaq Times”