Армения-Әзірбайжан шекарасындағы шиеленіс екінші күнге ұласты. Кавказдағы екі мемлекеттің ең ірі қақтығысы қайта беталды. Кеңес үкіметі де нүктесін қоя алмаған конфликт нәтижесін Ереван мен Бакудың саяси ерік-жігерін ескерместен болжау қиын. Соңғы жылдары қару-жарақ қорын арттырған екі ел де соғысқа тас-түйін дайын екенін білдіріп отыр.

Дау хронологиясы

Әзірбайжан мен Армения арасындағы жер дауы 1988 жылдан бері әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл соғыстың салдарынан Әзірбайжанның 40 мыңға жуық азаматы қаза тауып, 1 миллионнан астам адамы өз үйлерінен босып кеткен.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына қарасты Минск тобының көмегімен 1994 жылы мамырда Баку мен Ереван арасында атысты тоқтату бітіміне қол қойылған соң тараптардың қақтығыстары біршама азайды. Келісімге қол қойылғанына қарамастан, жауласушы екі елдің текетіресі аяқталмай, бейбіт келіссөздер нәтиже берген жоқ.

1992 жылы Таулы Қарабақ қайшылығын тоқтату мақсатында Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына қарасты «Минск тобы» құрылды. АҚШ, Ресей мен Франция осы топты басқаруды өз мойындарына алды. Минск тобының басшылары осы күнге дейін қарсыласушы тараптарға бірнеше бейбіт шешім жобасын ұсынған. Бұл бейбіт жобалар әр кезде бір немесе екі тараптың да қарсылығына ұшырап отырды. Мұнымен бір мезгілде атысты тоқтату бітімі де орындалуын кепілдендіретін құжаттардың болмауына байланысты тарптар байланысы қайтадан бұзылып отырды.

2016 жылы сәуірде екі ел арасындағы мәселе нағыз соғысқа ұласты. Сол жылы тараптар 48 сағаттың ішінде бір-біріне едәуір шығын әкелді.

Бұл жолы кезекті мәрте ірі қақтығыстың басталуы оңтүстік Кавказда орналасқан жауласушы екі елдің де ұлттық мүдделеріне қайшы келеді. Сол себепті соғыстың алдын алуға міндеттелген Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына қарасты Минск тобы қазірден бастап қарсыласушы екі елдің ісіне араласып, Кавказдағы жер дауының тараптары арасында нағыз соғыстың басталуына тосқауыл қоюы керек.

Қайта беталған шиеленіс

27 қыркүйекте Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзірбайжан Қарулы Күштері Таулы Қарабақ бағытында шабуыл бастағанын айтты. Армения СІМ мәліметінше, Әзірбайжан армиясы елді мекендерді, соның ішінде танылмаған Степанакерт Республикасының астанасын бомбалаған.

Өз кезегінде Әзірбайжан Қорғаныс Министрлігі Әзірбайжан армиясы армян тарапының байланыс жолындағы әрекеттеріне жауап ретінде шаралар қабылдап, жағдайды бақылауда деп мәлімдеді. Кейіннен Армения, Әзірбайжан және танылмаған Таулы Қарабақ Республикасында әскери жағдай енгізілді.

Ереван 28 қыркүйекке қараған түні атыс толастамағанын айтса, Баку армян күштерінің Тертер қаласын атқылағанын хабарлады.

Биыл шілдеде Әзірбайжанның Товуз облысы мен Арменияның Тавуш облысы арасындағы шекарада атыс болған. Шетелдік басылымдар Армения әскері қақтығыс кезінде Әзірбайжанмен шекаралас аймақты тас-талқан еткенін жазды. Сол күні Товуз кентінде әрбір 15-20 минут сайын оқ атылған. Әзірбайжан халқы жер-жерде митинг ұйымдастырып, биліктің Арменияға қарымта соққы беруін талап етті.

Армян басылымдарының мәліметіне сүйенген BBC сайтының жазуынша, өткен түні әзербайжан әскерилерінің Мартакерт қаласын атқылауы кезінде балалар мерт болған. Әзербайжан тарабы Арменияның энергетикалық инфрақұрылымдарға шабуыл жасағанын хабарлады. Қақтығыс барысында тараптар тікұшақ, дрон, танкілер пайдаланып жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, екі тараптан барлығы 65 адам қаза тапқан.

Халықаралық реакция

Қазір екі ел арасындағы конфликт халықаралық ұйымдар назарында. Кеше БҰҰ мен Еуроодақ Таулы Қарабақтағы қақтығысты тоқтатуға шақырды. Бұл мәселеге Анкараның араласуы да дау кульминациясының қандай ықтимал нәтиже беретінін болжауға қиындық туғызып отыр. Ұлыбритания мен Канаданың Сыртқы істер министрлері Доминик Рааб пен Франсуа-Филипп Шампань ЕҚЫҰ-ның Минск тобының шеңберіндегі келіссөздерді қайта бастау туралы ұсыныс білдірді. Британия премьер-министрі Борис Джонсон дүйсенбіде Таулы Қарабақтағы жағдайды Түркия президенті Тайып Ердоғанмен талқылады.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен және Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен бейнебайланыс бойынша келіссөздер жүргізді. Дүйсенбіде БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дужарриктің айтуынша, ұйым басшысы Таулы Қарабақтағы атысты дереу тоқтатуға шақырды. Осыған байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтетін болды.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян БҰҰ Бас хатшысымен, Германия канцлері Ангела Мерклеьмен әңгіме барысында Түркияның қақтығыстағы біржақты ұстанымын айтты. Пашинян Әзірбайжанға қолдау көрсеткен Түркия президентіне ренішін білдірген.

Негізінен бұл мәселе жөнінде плюрализм туындаған: кей тараптар бұл жағдайда Ресей президенті Путин Арменияға қолдау көрсетеді десе, кей тараптар Түркияның тікелей қатысы бар дейді. «Welt» немісі басылымында жарияланған «Таулы Қарабақ – Ердоғанның кезекті миссиясы» атты сараптамада: «Таулы Қарабақтағы дауда саяси мүдде жатыр. Бұл жолы Ердоған Путинге қарсы шындап қарсы шықты. Анкара тарапынан даулы аймаққа сириялық оппозиция жөнелтілген, оларға айына 2500 доллар төленеді. Путин де Армения қолдау мақсатында Анкараға қарсы күш біріктіреді. Бұл жағдай Ливия қақтығысымен ұқсас және өте қауіпті», – делінген. Ал ВВС сарапшылары «Әзірбайжан Ресей қару-жарағынан бас тартқандықтан, ресми Мәскеу Ереванға қолдау көрсетеді»  – дейді.

Мәлімет

Таулы Қарабақ (Nagorno-Karabakh) – Әзірбайжанның оңтүстік-батыс аймағы. Аймақ бұрын Иран құрамына кірген. 1813 жылы Ресей жаулап алды. Әзірбайжан ССР-нің автономды облысы мәртебесіне 1923 жылы ие болды.

Таулы Қарабақ автономиялы облысы (ТҚАО) 1988 жылы ақпанда Әзірбайжан ССР-нің құрамынан шығуға талпынып, 1991 жылы қыркүйекте ТҚАО-ның орталығы Степанакертте Таулы Қарабах Республикасы жарияланды. ТҚР Әзірбайжан жерінде жария етілгендіктен оны Баку ресми мойындаған жоқ, Ереван қолдады. Бұл жағдайдан кейін Әзірбайжан мен Армения арасы бүлініп, Таулы Қарабах мәселесі әлем назарына ілікті.

 "The Qazaq Times"