Түрмелерге бейне бақылау енгізу басталады. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Тоқаевтың екінші жолдауында айтылған тапсырмасын «қолға алғандай» мәлімдеме жасады.
Ол бүгінгі Үкімет отырысында «Түрмелер мен ғимараттарға бейне бақылау енгізуді бастаймыз. Қазір біз олардың санын және техникалық жағдайын есептеуге кірістік», - деді.
Бірақ бас полицей Тұрғымбаев бұл шара қашан іске асатынын нақтыламады. Қылмыстық-атқару жүйесіндегі заңсыз әрекеттер мен азаптау оқиғасы аз кездеспейді. Тіпті видео жазбалары да тарап отырады. «Халықаралық түрме реформасы» (PRI) ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры Азамат Шамбиловтің сөзінше, ресми статистикаға сай 2016-2018 жылдар аралығында тұтқындарға қысым көрсетіп, азаптағаны үшін құқық қорғау органдарының 53 қызметкері жазаланған.
Ресми дерекке қарағанда, кейінгі онжылдықта Қазақстанда түрмеге қамалғандар саны екі еседен артыққа азайған. Дегенмен жыл өткен сайын әртүрлі айыппен қамалып жатқан белсенділер аз емес. Құқық қорғаушылар оларды саяси көзқарасы үшін сотталған «саяси тұтқындар» деп санайды. Былтыр төрт абақтының есігіне құлып ілінсе, биыл тағы екі түрме жабылмақ көрінеді.
Естеріңізде болса, биыл ақпан айының 24-і күні полиция азаматтық белсенді Дулат Ағаділді алып кеткен соң абақтыда жұмбақ жағдайда қаза тапқан. Азаматтық құқық пен демократиялық құндылықтардың орындалуын талап ететін белсенділігіне байланысты қысқа уақытта бірнеше рет қамалған оның өлімі «жүрек қан тамырларының жетіспеушілігінің себебінен» деп көрсетілді. Дегенмен көптеген белсенділер, жұртшылық және марқұмның туыстары бұған сенбейді.
Былтыр көктемнен бері жиілеген әлеуметтік наразылықтардың бел ортасында жүрген белсенді өмірінің ақырына дейін әкімшілік жаза ретінде кемінде 60 күндей қамауда болған. Демократиялық өзгерістерді ашық талап еткен белсендінің астана абақтысында қалай қайтыс боғланы жөнінде ІІМ ешбір бейнежазба жариялаған жоқ. Бірақ құзырлы органдар бейне бақылау жүйесінің барын айтқан. Қоғамдық резонансқа айналған Ағаділдің өліміне қатысты қозғалған іс көпке ұзамай үш айда, биыл көктемнің аяғында «қылмыстық құрам мен мотивтің болмауы» себепті тоқтаған.
Қазақстан түрмелеріндегі әлімжеттік, тұтқындардың құқығын бұзушылық және заңсыздықтар туралы сарапшылар мен құқық қорғаушылар көп сынайды. Осыдан кейін бе әйтеуір реформалау қажеттігін айтқан Тоқаев сейсенбі күнгі екінші жолдауында пенитенциарлық мекемелерде, полицияның қызметтік үй-жайларында жаппай бейнебақылау енгізу тапсырған. Бұған дейін қылмыстық-атқару құрылымын бейне бақылау туралы жақ ашпаған министр Тұрғымбаев бірден іске кіріскендей көрінді. Бірақ түрмедегі жақын-туысының жағдайын білуге азаматтарға не адвокаттарға бұл материалдың қаншалықты қолжетімді болары анық емес.
Азаттықтың дерегінше, Еуропарламент былтыр наурыздағы қарарында Қазақстанда «тұтқындар мен күдіктілерді азаптау» қалыпты жағдайға айналғанын айтқан. АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі адам құқығының ахуалы туралы биыл жариялаған есебінде Қазақстанда түрмеде отырғандарды азаптау, ұрып-соғу тыйылмай тұрғанына назар аударған.