Қазақстандық «СК-Фармация» сынақтың соңғы үшінші кезеңінен толық өтпеген Ресейдің тіке инвестиция қорымен коронавирус вакцинасын алу туралы келісімге қол қойды. 

11 тамызда Владимир Путин Ресейдің әлемде бірінші болып коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны тіркегенін хабарлаған еді. Путин сөзінде екпенің өте тиімді жұмыс істейтінін, тұрақты иммундық жүйені қалыптастыратынын және барлық қажетті тексерулерден өткенін атап өтті. Бірақ кейбір батыс сарапшылары мен жергілікті мамандар сынақтан толық өтпеген вакцинаның қауіпсіздігіне күмән келтірген болатын. Сонымен қатар Reuters агенттігі препарат вирустың мутациялануына жол ашуы мүмкін деген. Бірақ Ресей тарапы бұл дабылды жоққа шығарып отыр.

Путиннің жаңалығынан кейін Қазақстан президенті Тоқаев құттықтау жеделхатын жолдаған. Хатта: «Бұл оқиға ресейлік ғылымның жоғары әлеуеті мен беделін, сондай-ақ жаһандық қауіп-қатерге қарсы күресте Ресейдің жетекші рөлін растайды. Біз бүкіл әлем үшін қиын-қыстау кезеңде Қазақстанның, оның ішінде гуманитарлық көмек пен елеулі үлес қосқан дәрігерлердің бағыт-бағдары үшін, еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға көмектескені үшін алғыс білдіреміз», – делінген.

Ресейде коронавирус вакцинасы Гамалея атындағы мемлекеттік зерттеу орталығының көмегімен шығарыла бастаған. Жоба құны 4 млрд рубль (55 млн доллар). Орталықты Ресей тіке инвестиция қоры қаржыландырады.

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов «коронавирусқа қарсы вакциналар толық сынақтан өтпейінше оларды сатып алмаймыз» – деп мәлімдеген. Оның айтуынша, Қазақстан вакцина және иммунизация жөніндегі ғаламдық альянсқа қосылса, бұл ұйымға мүше мемлекеттер 2020 жылдың 31 тамызына дейін алғашқы жарнасын (15%) төлеуге міндетті. Бұдан соң вакцинаның жетуіне қарай халықтың 20%-ға жететіндей вакцина құнын толық төлеуі тиіс болады. Қазақстан альянсқа қосылуға келісім бергенмен әзірге ұйыммен келісім-шартқа қол қойылмаған.

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшысының орынбасары Сумия Сваминатан коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау 2021 жылдың ортасында басталатынын айтты. Әлемде пандемия басталғалы, дамыған мемлекеттер вирусқа қарсы екпе өндіру бойынша өзара жарыс бастап кеткен. Осы ретте Америка Құрама Штаттарында клиникалық сынақтарды жеке фармацевтикалық компаниялар өткізбек. Қазір елде бес вакцина өндірушісі AstraZeneca, Johnson & Johnson, Merck, Sanofi және Moderna үкіметпен келісімшарттқа отырды. Ал Ресейде вакцинаның клиникалық сынақтары шілденің ортасында аяқталады деген болжам бар. Клиникалық зерттеулер тамыздың аяғында – қыркүйектің басында басталуы керек.

"The Qazaq Times"