Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 23 миллион адамнан асып, 805 мыңға жуық адам қайтыс болған. Вирус дерегі тіркелгендер саны артып, Латын Америкасы, Еуропа, Азияның бірқатар елдерінде антирекорд орнаған.

Осы аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 12 жастан асқан балалар мен ересектер міндетті түрде маска тағуы тиіс деп хабарлады. Сонымен қатар халықаралық ұйым өкілдерінің болжауынша, пандемия екі жылда аяқталады. ДДСҰ сарапшысы Мария Ван Керкхове: «Инфекцияның жас ерекшелігіне байланысты таралуын анықтайтын зерттеулер жүргізілді. Мысалы, 5 пен 10 жасқа дейін және жеткіншектер мен орта жастағы адамдар тексерілді. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Нәтижесінде вирус адамдардың жас ерекшелігіне байланысты әр түрлі таралатын көрінеді», – дейді.

Германия мен Италияда вирус дерегі артты. Вирус жұқтырғандардың басым бөлігі Германияның батысы мен оңтүстігінде, Берлинде тіркелген. COVID-19 пандемия деп жарияланған уақыттан бастап коронавируспен 232 082 адам ауырып, одан 9267 адам көз жұмған. Ал Италия денсаулық сақтау министрлігі соңғы тәулікте мұнда коронавирус жұқтырудың жаңа 1071 оқиғасы тіркелгенін айтты.

Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенконың коронавирус жұқтырып, ауыр халде ауруханаға түскен. Оппозициялық партия жетекшісінен бөлек, індетті оның қызы мен күйеу баласы да жұқтырған. Елде 105 мың адам вирус жұқтырған. Киевте бір күнде 307 жаңа оқиға тіркеліп, тәуліктік антирекорд орнады.

Оңтүстік Кореяда наурызбен салыстырғанда, аурудың ең жоғары тәуліктік көрсеткіші тіркелді. Сеулдегі шіркеуде 800-ден астам адамның дертке шалдыққаны мәлім болды. Жергілікті басылымдар эпидемияның екінші толқыны келе жатқанын және оның салдары біріншіге қарағанда әлдеқайда ауыр болатынын жазды.

Үндістанда үш миллионнан астам COVID-19 дерегі тіркелді. Сарапшылардың пікірінше, елде жаппай тестілеу жүйесінің орнатылмауына байланысты қауіпті дертке шалдыққандар саны күн санап артып барады. Делидегі және басқа да ірі қалалардағы статистика азайғнмен, елдің шалғай аудандарында жаңа ошақтар пайда болуда.

Қазіргі уақытта Латын Америкасы вирустың ошағына айналған. Бір ғана Бразилияда 4 миллионға жуық дерек тіркелсе, 115 мың аждам ажал құшқан. Осы ретте Бразилиядағы Сан-Паулу университеті Медициналық мектебінің және Omni-electronica стартапының зерттеушілері жаңа коронавирустың үлгілерін ауада жинауға мүмкіндік беретін технологияны жасап шығарды. Spiri атауына ие болған құрылғы бұрын да бар болатын. Оны стартаптың негізін қалаған университеттің Политехникалық мектебінің бұрынғы студенттері жасаған. Құрылғының әуелдегі мақсаты ғимарат ішіндегі ауа сапасын бағалау болатын. Екі ай бойы зерттеушілер жергілікті ауруханалардың ішіндегі ауаға сараптама жүргізген.

Қазақстанда эпидемия басталғалы барлығы 104 718 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Ай басталғалы COVID-19 клиникасы бар 22 744 пневмония, 258 өлім жағдайы тіркелді. Ресми статистикаға сенсек, осы уақыт аралығында ауырғандардың 4519-ы айыққан.

Өзбекстанда 40 мыңға жуық адам дертке шалдықса, Қырғызстанда тәулік ішінде 134 адамнан коронавирус анықталған. Елде коронавирус басталғаннан бері 1 мың 56 адам осы қауіпті дерттен көз жұмған.

"The Qazaq Times"