Бейруттағы жойқын жарылыстан кейін, наразылық күшейіп, ереуілшілер мен полиция арасында қақтығыс болды.
Бейруттағы портта болған жойқын жарылыстан 137 адам қаза тауып, 5 мыңнан астам адам түрлі жарақат алды. Үйінділер астында қаза болғандар әлі де болуы мүмкін. Соңғы екі жылдан бері дағдарысты бастан кешіріп келе жатқан Ливан үшін сейсенбідегі жарылыс жығылған үстіне жұдырық болып тиді.
Ел билігі екі аптаға төтенше жағдай жариялады және қатарынан үш күнды аза тұту күні етіп белгіледі. Алайда, елдегі дағдарыстан билікке наразы халықты тоқтата алмады. Жарылысқа себеп болған Бейрут портында 2013 жылдан бері сақталып келе жатқан 2750 тонна жарылғыш зат болған. Мәліметтерге қарағанда 7 жылдан бері қауіпсіздік шаралары ескерусіз қалған.
Елдегі наразы топ жарылыстың жемқорлыққа белшесінен батып, әбден шіріктескен биліктің селқостығынан болды деп есептейді. Жергілікті ақпарат құралдары апатқа жауапты деп табылған 16 адамның қамауға алынғанын алға тартты.
Бейрутты астан-кестең еткен аммоний нитраты және аммиак селитрасы (NH4NО3) сынды жарылғыштар Ливан орталығына қалай келген? 2013 жылы 3 мың тоннаға жуық жарылғыш затты тиеген кеме Бейрут портына техникалық ақауларына байланысты тоқтаған. Rhosus атты бұл кемеде Молдованың байрағы ілінген. Анығында бұл кеме, Грузиядан Африкадағы Мозамбикке кетіп бара жатқан.
Rhosus техникалық ақаулардан кейін басы дауға ілініп, ісі сотқа түскен және содан қайтып қауіпті затты ол арадан алып кетпеген. Порт қоймаларына сақталған қауіпті жарылғыш заттар 7 жылға жуық қауіпсіздік талаптары ескерусіз сақталған. Үкіметтің салғырттығы қосылып, ақыр соңында Арыс оқиғасына ұқсас апатты жағдай болған.