Жаңа сауылған сүтті сепараторға тартып, одан сүті мен қаймағын бөле сүзетін көрініс ауыл көрген көптің есінде болар. Қазақстан пандемия жағдайында індеттің тарау аумағын анықтауға көмектесіп, алдағы жүрісті бағамдайтын басты статистиканы әрқандай әдісте жіктеп, түрлендіріп, қолданып-бас тартып келеді. Коронавируспен қатар пневмонияның әдеттен тыс күрт өршуіне қарамастан, Денсаулық сақтау министрлігі әлі күнге дейін зертханалық растау мен сала дайындығын алға тартып, сылбыр қозғалуда. Министр Алексей Цой өкпесі қабынған қазақстандықтар қынадай қырылып жатқанда пневмонияны бірге қарастыруға бірнеше рет уәде берген. ДДСҰ-ның өкілдерімен өткізген жиында ескі деректерді өңдеуге уақыт керектігін айтқан. Десе де билік шілденің бастапқы екі жұмасында тіркелген екіжылдық есепті іске алғысыз санап, індет қарқыны бәсеңдеген соң тамыздан бастап екі дертті жалпы статистикада бірге жариялайтынын хабарлады. Цойдың пневмония-вирус екеуін ажырататын эпидемия сепараторы неге істемей тұр? Бұған мамандар не дейді? 234 мыңнан астам пневмония жағдайынан коронавирус кейсін қалай анықтауға болады? Статистикаға коронавирустық пневмонияның енгізу арқылы қай жағынан ұтамыз? Статистиканың шынайылығы біздің өмірімізге қалай әсер етеді? Сарапшылардан сұрап көрдік. 

 

Пневмония бетпердесін таққан вирус: Қазақстан неге қуыстанып отыр?

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі елде 585 адамның коронавирустан, 319 адамның коронавируспен қайтыс болғанын мәлімдеді. Бұдан бөлек ресми санақтағы 1 қаңтар-15 шілде аралығында пневмониямен ауырған 234 мыңнан астам науқас, оның ішінде қайтыс болған 3327 жағдай (тек 1-15 шілде күндері 135 мың пневмония тіркеліп, 1555 адам осы дерттен көз жұмды) 1 тамызда жаңадан басталатын статистикаға енгізілмейтін болды. Бас дәрігер Алексей Цой 22 шілдеде мемлекеттік ақпарат саясатын жүргізуші басты ақпарат құралының бірі Хабар арнасына берген сұқбатында осылай деді. Министрліктің мұндай қадамға бару себебін қатардағы дәрігерден сарапшыларға дейін «цифрлық коррекция» деп санайды. Бұлай ету неге қажет, сұрап көрдік.

Дәрігер-сарапшы Әкім Тұрсын. Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

«QmeD» Ұлттық инновациялық медицина палатасының президенті Әкім Тұрсын Қазақстан пандемия басталған уақытта ДДСҰ-ның нұсқаулығы бойынша ПТР тестінің қорытындысын негізге алғанын айтады. Дегенмен қазір жағдай да, оны дұрыстаудың амалы да өзгерді. Маманның сөзінше, «минситрлік 1 тамыздан бастап есептелетін жаңа форматтағы статистикаға енгізбеуінің себебі – ауру көлемі бойынша алғашқы қатарға шығып кетуі мүмкін».

– Екінші бір мәселе, пневмониядан қайтыс болды не ауырды делінген дәрігерлердің қолын ауру тарихын сараптап, анализдің көмегімен қажетті төлемге қол жеткізуге болады. Антидене, иммуноглабин G анықталса, онда қызмет барысында жұқтырған дәрігерге мемлекет тарапынан берілуі тиіс жәрдемақы төленуі шарт, – дейді ол.

Әкім Тұрсын «дәрігер ретінде пневмония дегеннің бәрі коронавирус» екенін айтады.

«Себебі классикалық клиникасы келіп тұр. Пневмониядан қайтыс болғанның барлығы қант диабеті, артерия қысымы сияқты созылмалы ауруы барлар. Дәл осындай уақытта пневмония қатты қарқында өршуі мүмкін емес» дейді.

«Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі Бақыт Түменова қаңтардан бергі пневмония деп тіркелген барлық жағдайды қайта екшеу керектігін алға тартады. Мұны жүзеге асыру үшін республика көлемінде кешенді-нақтылы ғылыми зерттеу жүргізу қажет.

– ДДСҰ-ның ұсынысы бойынша 1 тамыздан бастап бұрын бөлек санаған пневмонияны бірге есептейтін болдық. Қазақстан ұйымға мүше болғандықтан ұсынымды орындайды, дегенмен өзіміздің тарапымыздан қосымша зерттеу жұмысын тереңдету керек. Сонда жылдың басынан бергі мыңдаған пневмония жағдайын статистикадан тыс қалдырмаймыз. Бұл ертеңгі күні індетті болжауға мүмкіндік береді, – дейді тәжірибелі сарапшы Түменова.

Швейцариядағы қазақ дәрігері, медицина білімдері бойынша оқытушы-тәлімгер Серік Тұрсын 1 тамызда ведомствоның «ел статистикасын ұмытшақтыққа шалдықтыру» әрекетіне сынай қарайды. Шілде айының алғашқы жартысында пневмониямен ауырған 135 мың адам «орта-ауыр жағдайдағы науқастар» деген маманның айтуынша бұл жалпы кейстің 20%-ы ғана.

– Қалған бөлігін қоса есептегенде сол кезде 600 мыңдай адам ауырды деуге болады. Министрліктің мұны жасыру себебі – вирус жұқтырған не одан қайтқан медқызметкерлерге  төленетін Тоқаевтың уәдесіне қол жеткізетіндердің санын мейілінше кемітіп көрсету. Меніңше, алты аптада 6 трлн теңгені басына құйып жіберген Біртановтың тұсындағы ақша қазір жоқ. Екінші себебі, үкімет Қазақстанның имиджін жақсы кейіпте көрсетуге тырысуынан. Цой бір сөзінде Англиямен салыстырғанда Қазақстандағы өлім-жітім жағдайы аз екендігін айтты. Бұл – өтірік. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Үшінші себебі, ДДСҰ Қазақстан ішіндегі жағдайға араласып отыр. Менің білуімше, қазір Назарбаев университетінде түпнұсқа статистика бойынша ғылыми зерттеу жүріп жатыр. Сонымен қоса, Қазақстанның деңгейін түсіріп аламыз ба деген уайымнан, халық тағдырының алдында жауапкершілігінің жоқтығынан. Осы себепті пневмонияны коронавирусқа кіргізбеу керек болды. Пневмонияны коронавирус есебіне қосып, бұл мәселеге нүкте қою керек, – дейді.

Медицина ғылымдарының кандидаты, сарапшы-дәрігер Қайырғали Көнеев. Фото: маманның жеке мұрағатынан

Денсаулық сақтау саласындағы белгілі сарапшы, дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев те бұл пікірмен келіседі. Пневмония коронавирусты бүркеуге арналған маска деп санайтын дәрігер Денсаулық сақтау министрлігіндегі «бүгінгі команда да бұрынғы Біртановтің шалыс қадамын қайталап, статистиканы ойнатып жатқанына көзіміз жетті» дейді ашынғаннан. Оның пікірінше, «коронавирусқа қарсы күрес нәтижелі болсын десек, онда ресми есеп кемінде жуық мәнде дұрыс болуы керек».

– Министрліктің шындықты мойындауы 1 тамыздан басталатыны өкінішті. Мұның сыры – пневмонияны сылтауратып, ауырған не қайтқан медицина қызметкерлеріне президент тапсырмасына сәйкес тиісті 2-10 млн теңге аралығындағы өтемақыны төлемеудің амалы, – дейді балалар неврологі.

Қазақстандық жоғары санатты нейрохирург-дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев ел күткен статистиканы  тамыздан қайта бастаудағы «көп себептің бірі – дүниежүзілік статистиканың ішінде Қазақстан алғашқы орынға шығып кете ме деген қоқыныш болар» деп топшылайды. «Бұл – жарыс емес. Шындықты айтып, шындықты жазатын болсақ, ғалымдардың арасында өз орнымызды алатын едік. Саясатты былай қойғанда, медицина саласында шынайы жағдайды біліп қана жоспарды дұрыс түзер едік», – деген дәрігердің сөзінше мұндай әрекетке ведомство жауап беруі қажет.

 

Ескі кейстерді жұмыс санайтын министрлікке кеңес

Гиперрекордтық 235 мың пневмониядан вирусты ажыратудың жолы

Әдеттегі статистикадан 3,3 есеге басып озған шілде айының алғашқы жартысындағы 135 мыңнан астам пневмония жағдайын дәрігерлер қалай түсінеді және қайтіп түсіндіреді? Қазір пневмония қарқыны біршама бәсеңдегенін елден бөлек мамандар да, ресми мекемелер де, үкімет пен министрлік те мойындап отыр. Аз уақытта, яғни маусымның аяғы мен шілденің басындағы қырғынға коронавирустың әсері болғанын анықтау мүмкіндігі қандай деген сұрақ туады.

Әкім Тұрсын патоморфологиялық зерттеу арқылы вирустан қайтыс болғандардың қай ағзасы істен шыққанын, қалай зақымдалғанын анықтау керек еді дейді. Сарапшының сөзіне қарағанда, бұл елде әлі күнге дейін жасалмаған көрінеді. Әйтпесе мұндай зерттеу жасауға арналған зертханалар бар екен.

«ДДСҰ методикасының өзіне күмәнмен қарайтындар аз емес. Басында өкпені қабындыратын вирус деп айтты, бірақ оның бүкіл қан жүйесіне әсер ететінін кейінірек мәлімдеді. Қан ұйып, тромбоз тудыратынын білмеді емес, білді. Алайда дер кезінде айтқан жоқ. Сондықтан халықаралық ұйымның нұсқаулығына қарсы шықпай, сонымен қатар отандық лабораторияларда зерттеу жүргізу керек», – дейді.

Қазақстанның медицина саласында ұзақ жылдан бергі тәуелсіз сарапшы Бақыт Түменова. Фото: маманның жеке мұрағатынан

Бақыт Түменова пандемия Қытай елінде қараша-желтоқсан айларында басталуы Қазақстанға көп жағынан әсер етуі мүмкіндігін жасырмайды.

«Алыс-берісі көп, қатынасы өте жақсы, шекарасы 2 мың шақырымнан асатын көрші ел болғандықтан, COVID-19 ауруы Қазақстанда мүмкін ертерек басталған шығар. Сондықтан жылдың басынан бергі вирустық өкпе қабынуы және ауыр формадағы тұмаумен ауырған науқастардың ауру тарихын зерттеп-талдау арқылы пандемияның елдегі қозғалыс-бағдарын, аурудың табиғатын анықтаймыз. Зертханалық растау болмаған күннің өзінде клиникалық белгілеріне және эпидемиологияға сүйеніп, диагнозды нақтылау қажет. Сөйткенде ғана зерттеу растауымыз толық болады», – дейді Түменова.

Серік Тұрсынның пікірінше, қазір ПТР тесті тиянақты нәтиже көрсетуден қалып барады. Енді қалай есептейміз деген сауалға маман мынадай ұсыныс білдіреді:

– ПТР анықтай алмай жатқан 30% сегментті компьютерлік томграфияға түсіру керек. Тестілеуден теріс шыққандарды КТ-мен тексеріп, скринингті толық қамтуға болады. Рентгеннен нақты қорытынды жасай қою қиын. КТ вирусты диагностикалаудың 100%-дық ең сенімді жолы. Вирус алғаш пайда болған тұста Қытайда қалыпты эпидмаусым кезі еді. Сонда қытайлық дәрігерлер дифференциалды диагностика ретінде КТ-ның көмегімен вирусты жарыспалы аурулардан ажыратқан. Ал ешқандай эпидемия өршімейтін жаздыгүні Қазақстанда көбейген пневмония анық коронавирустың өкпеге шапқан түрі.

Қайырғали Көнеев ПТР тесті коронавирусты даму сатысының алғашқы кезеңінде ғана анықтайтынын айтып, оны иммунды глобулинді қан талдауына жүгініп қана білуге болады дейді. Бірақ маман «шындықты бүркеуге тырысатын» биліктің мыңдаған псевдопневмонит пациенттерді тексеруге қомақты қаражат бөле қоярына күдікпен қарайды:

«Вирус асқынып, клиникасы күшейген кезде тест қауқарсыз. Сондықтан кешенді зерттеу жүргізу қажеттігі туады. Бұл жай өкпе қабынуы емес, коронавирус. Вирустан ауырғандарды анықтаудың жалғыз жолы – пневмониямен ауырғандардан IgG түріндегі антидене үшін қан анализін алу қажет. Егер талдаудан G иммунды глобулин түзілгені айқындалса, онда вирустан айыққанан кейінгі тіндік иммунитетіне қарап, пневмония делінген адамның бұрын коронавируспен ауырғанын дәлелдеуге болады. Бірақ мұндай жаппай анализден өткізу – айтарлықтай қаржыны қажет етеді. Бюджеттен бөлінген қаржы вирус ошағы мен жаңа пациенттерді анықтауға жұмсалуы керек еді. Ал билік керісінше шынайы жағдайды жасыруға тырысады», – дейді Көнеев.

Қан құрамын талдау арқылы андиденені тауып, есептеу керек деген мамандардың бірі Мыңжылқы Бердіқожаев  «егер қажет болса, ИФА әдісімен қан талдауын, КТ түсірілімдерін алып коронавирусқа тән пневмония екенін анықтауға әбден болады» дейді.

 

Министрлік «дайындықты» бюрократияны жоюдан бастау керек

Жарты айда пневмониядан ауырған 1,5 мың адамынан айырылған, екі аптада екі жылдың статистикасын шығарған Қазақстан тегін ем-шара және базалық дәрі-дәрмекпен қамтуды алапат толқын басылған соң енді жолға қойып келеді. Аймақтарда күндізгі стационарлар ашылып, науқастарға тегін дәрі беріле бастады. Бірақ кеш...

Қырғызстан билігі 17 шілдеде коронавирустық пневмония мен коронавирус кейсін жалпы статистикада жариялауды қолға алды. Сол күннен-ақ тәулігіне 20-дан 80-ге дейін өлім жағдайы ашық айтылуда. 1 тамызға дейін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігіне қандай дайындық керек? Бұған Әкім Тұрсын статистиканың манипуляцияға ұшырауына бір ведомствоны ғана емес, тұтас үкіметті кінәлайды.

«Қырғыздар бұрыннан демократиялы, ашық айтатын ел ғой. Бізде мұны жасыруға тырысып, мойындағысы келмеді. Бұрмалаудан гөрі мойындамау деген дұрыс болар. Пневмония мен вирустың классикалық клиникалары бірдей болғанына қарамастан, министрлік ПТР-да расталмады деген сылтаумен мойындамай қойды. Басында келген ПТР тесттердің реагенттері вирустың ескі штамын анықтай алды. Бірақ бірнеше айда вирус штамы мутацияға ұшырап үлгерді. Алғашқы тесттер оны анықтай алмады. Бұл бір министрдің мойнында емес, осыған дейін жалғасқан жүйенің салдары. Халыққа жаны ашып, шындықты алға қойса, олардың қадамы мүлде басқаша болар еді. Бұл жерде дәрігерлердің кінәсі жоқ, жүйенің ісі. Әкімдерге қажетті нұсқау берілмеді. Аула мен подъезд алдын күніне екі мезгіл залалсыздандырудың орнына, даңғыл-көшелерде вирус жоқ жерде дәрі шашып жүр. Әркім өзінше әрекет етіп жүр. Ал ең басты дайындық ретінде – бюрократияны жою қажет. Құжат рәсімдеуді жеңілдету керек. Өткенде қаншама гуманитарлық көмек осының кесірінен дер кезінде қажетті науқасқа жетіп үлгермеді. Күздегі екінші толқынға бар әлем қамданып жатыр», – дейді Әкім Тұрсын.

Сарапшылардың ойы бір арнада тоғысты. Еуропадағы дәрігер Серік Тұрсын да Қырғызстанның қадамын дұрыс деп бағалайды.

«Қаңтардан бастап пневмонияға қатысты архивті түгел көтеріп, ішінде лимфалық тіні бұзылған ақөкпенің бәрін коронавирусқа қосу керек» деген шетелдегі маманның сөзін еліміздегі әріптесі Көнеев те растайды. Қайырғали Көнеев пневмония мен коронавирусты қосқандағы құрбандардың 3 мыңнан асқанын, «Қырғызстанның статистикасы бізге қарағанда барынша шынайырақ» екенін айтады. Мыңжылқы Бердіқожаев статистикадағы түйткілдерді Қырғыз елі бізден бұрын ретке келтірді деп санайды.

 

Бөліп-жару – жалпы есепті кемітудің басты формуласы

Бойынан вирус табылған, бірақ басқа себептен қайтыс болған 319 адамның өлімі жалпы статистикада, халықаралық ресурстарда, тіпті ДДСҰ-ның деректер қорында жарияланбай келеді. Коронавирустан және коронавируспен қайтыс болды деп жіктейтін Қазақстанның бұл шешімі қоғамның күдігін күшейтіп, өткір сынға түрткі болды. Алайда билік бұл райынан қайтқан жоқ. Бұл ДДСҰ жариялаған вирус жұққан құрбандардың өлім жағдайын сертификаттау туралы халықаралық нұсқаулығында вирус тудырған ауру мен өлім жағдайын бөліп көрсете отырып жалпы есепке ену қажеттігі айтылған. Соңғы есебі жиырма күнде БАҚ өкілдері мен белсенділердің талабымен әрең жаңарған деректе 201-ден 319-ға дейін өскен.

Медицина саласының мамандары Әкім Тұрсын және Серік Тұрсынның бұған көзқарасы екітүрлі. Серік Тұрсын оқыс жағдайдан қайтқандарды жалпы статистикаға енгізуді құптамайды. «Мәселен, жол апатынан ауыр жарақат алған адам ауруханада бірнеше күн жатып қайтыс болса, бірақ бойынан вирус табылса, оны вирустан өлгендер статистикасына қосудың қажеті жоқ. Инфаркт миакард, миына қан құйылу, бүйректің істен шығуы т.б. өзге фактордан қайтқандар жалпы есепке қосуға келмейді», – дейді.

Шетелдегі (Еуропа, Швейцария) жоғары саннаттағы қазақ дәрігері Серік Тұрсын. Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Серік Тұрсын коронавирус жұғып, бірақ басқа аурудан қайтты деудің қате екенін айтады.

– Вирус өлген науқастардың созылмалы ауруын қоздырып, жағдайының нашарлауына әсер еткен. Патофизиологиясына қарасақ, вирус ACE-2 тыныс рецепторынан кіреді. Ал бұл тыныс жолдары мен аппаратында, іш қарында, барлық тамырда қалыптасқан. Вирус осы аумақтың бәріне әсер етіп, тамырдың қабырғасында тромб іркіліп қан ұйиды. Антикоагулянт бергенімен, артынан қайтыс болған науқасты есепке алмай отыр. Осылай жақсы атын сақтамаққа шынайы жағдайды жасырып әлек. Ертең бәрі әшкерек болғанда бар абыройынан айырылады. Ең дұрысы, шындықты ашып айтудан тартынбау қажет, – дейді Серік Тұрсын.

 

Індеттің беті әзірге бәсең... Статистиканың шынайылығынан не пайда?

Қазақстанда пневмонияны қоспағанда, зертханада реагенттік тесті негізінде расталған COVID-2019 жағдайы індеттің бастапқы ошағы Қытаймен теңесті. Статистиканың шынайылығы мен мөлдірлігінен пайдасы қайсы? Мемлекет қарамағына қарайтын медицина мекемелерінің мамандары көбіне санаққа бас ауыртпау қажет, бар назар емдеуде болуы керек деп жатады. Қазіргі таңда үкімет жиынында да, ресми баяндамаларда да халыққа қызмет етуі тиіс шенеуніктер жағдайдың оңалып келе жатқанын айтып жүр. Олай болса, алдағы жүрісті байыптап-бағамдауға сеп болар есеп жүйесін неге екшемеске дейді сарапшылар. Тарау тақырыбындағы сауалға мамандар былай жауап берді:

Әкім Тұрсын:

Статистиканың мөлдірлігін де медальдің екі жағы бар деген көзқараспен бағалауға болады. Статистиканың ашықтығы өсім динамикасы, дәрі-дәрімекпен қамту, кадр мен ресурстың жетіспеушілігі, вирустың жайылу атласын анықтауда таптырмас қажеттілік. Осы арқылы ғана алдағы жүрісті бағамдап-есептеуге болады. Санақтың бұрмалауының салдарынан ертең күзде көп нәрсені асқындырып алуымыз әбден мүмкін. Ал ауырған адамдар көбейіп, оның есебін шынайы берсе, ел үрейге салынып кететіні және бар. Қырғызстан халыққа тиімді, ал Өзбекстан мен Қазақстан билікке тиімді жолды таңдады. Меніңше, Бекшинді алдыңғы орнына қайтару керек. Себебі ол тәжірибелі маман, қазір онымен деңгейлес кадр отыр дегенге сенбеймін. Күзде балалар ауырады деген болжам шықты. Біздің білуімізше, осы штам болса, онда ауырмайды. Дегенмен басқа жаңа штам болса, жағдай қиындауы ықтимал.

Серік Тұрсын:

Статистиканың керектігі – әртүрлі аурулардың масштабын анықтап, соған лайық ем-шара мен преператты дайындауда аса маңызды. Індеттің кейінгі толқынына дайындық, карантиннің тиімділігін анықтау, ауруханалардың пациентті қабылдау әлеуеті сияқты параметрлердің бәрі-бәрі шынайы санақтың күшімен ғана іске асады. Министр Цойдың Ошақбаевқа берген сұқбатында «коронавирусқа жауын жауғандай қарап, үйренісу керек» деген сөзіне қаным қайнап жүр. Мұны қазақстандықтар аты басқа-басқа, тегі бір дерттен қырылып жатқаны мен жай жауын екеуі бірдей деп түсіндім.

Қайырғали Көнеев:

Статистикаға қарай болжам жасалады, денсаулық сақтау жүйесі дайындалады және басқару жөніндегі шешім, эпидемияға қарсы амалдар  қабылданады. 234 мың пневмония кейсін түгел дерлік COVID-19 вирусы деп есептеген жөн. ДДСҰ-ның ұсыныс-кеңесінен бөлек Ұлттық хаттаманы қолға алу өте өзекті мәселе. Эпидемияға қарсы шараның қатарындағы вирус жұқтырғандар мен байланыста болғандарды дереу оқшаулап-емдеу үшін қоғамға ашық есеп беру қажет.

Жоғары санатты нейрохирург-дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев. Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мыңжылқы Бердіқожаев:

Коронавирус түгілі жай үйдегі отбасылық бюджетті дұрыс есептемесек, ішіп-жем, жүріс-тұрысқа жеткізе алмауымыз мүмкін. Бұл да дәл сол сияқты статистиканы шынайы жүргізу алдағы қадамымызға тікелей әсер етеді. Одан бөлек, әлем қауымдастығы құрметпен қарайтын болады. Дәрі-дәрмекпен, оттегімен, төсек-орынмен қамтамасыз ету, орта-ауыр жағдайдағы науқастарды емдеу жағы қолға алынып жатыр. Десе де маусымдағы жағдайдан 2-3 есе қуатты сценарийге дайындалу қажет.

"The Qazaq Times"