Қазақстанның Орталық коммуникация қызметі алаңында 24 шілде ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Сәтпаев қаласындағы ереуілге байланысты қысқаша түсіндірме берді.
«23 шілде күні сағат 21:00-де Сәтпаев қаласының полициясына Жезқазған қаласының тұрғыны бес жасар баласының (қыз бала) жоғалғанын айтып шағымданған. Дереу іздестіру нәтижесінде бүлдіршін қаладағы бір үйден табылды. 5 жасар қызды зорлады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды. Бірақ бірнеше адам күдіктіні өз қолына беруді талап етіп, жанжал шығарды. Бұзақылық жасап, полицейлерге қарсылық танытты. Бала дәрігерлердің қарауында. Оған медициналық сараптамаға тексеріс жасалады. Сәтпаев қаласында жағдай тұрақты, бақылауда. Іс Қылмыстық кодексте көзделген жеткіншекті ұрлау және зорлық көрсету айыбымен қозғалды», – деп қысқа қайырды бас полицей.
Сондай-ақ ол жалған ақпаратқа сенбеуге және таратпауға, арандату сарыны байқалатын қауесеттерге ермеуге шақырды.
23 шілде кешкісін Қарағанды облысының Сәтпаев қаласында бес жастағы қыз бала жоғалып, полиция мен еріктілер жұмыла іздеген. Түн ауа жұмаға қараған сағаттарда қаладағы көпқабатты тұрғын үйдің бірінен иісшіл иттің көмегімен бүлдіршін егде жастағы ер адамның пәтерінен табылғаны туралы ақпарат тараған. Сәтпаевтықтар бірнеше сағат бойы күдіктіні «жалпыхалықтық сот ретінде көпшілік алдында жауапқа тартуға тырысып», өз бетінше жазалауға талпынған. Нәрестеге зорлық көрсетті деп ызаланған жұрт қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Ернат Қалиакпаров, қала әкімі Асқар Ыдырысов және жергілікті имамның да сөзіне құлақ аспаған. Осы себепті алға тартқан ашулы ел (әлеуметтік желілерде тараған видеодан топтың қатары қалың екенін аңғару қиын емес – ред.) күдікті жеткізілген полиция бөлімшесіне бет алып, онда таяқ-тас лақтырған, күштік құрылымның көлігін өртеген. Сондықтан Ұлттық гвардияның арнайы әскері, темірқұрсау жасағы жұмылдырылған.
Министр Тұрғымбаев бұзақылықты ақтауға болмайтынын басты көзір тұтқанымен, алайда мұның артында азаматтардың тек формалді түрде реформаланатын ішкі істер органдары мен сот жүйесіне сенімсіздігі, аталған салаларда қордаланған өзекті мәселелердің бары жасырын емес. Наразы көңіл-күйде жүрген жүздеген адамның қатарын редакциялау арқылы «бірнеше адамға» кеміту кімге керек болғаны түсініксіз. Министрдің спичрайтері не баспасөз хатшысы дәл осы тұста манипуляцияға жол берген сияқты. Бірнеше адамның шынтуайтындағы көрінсі қалың топтың, елдің көзқарасы жатқанын ескерсек, оларды жаппай арандатушыларға балау артық кеткендік емес пе?
Бұл жағдайға байланысты азаматтық және қоғам белсенділері «заң қуатына сенім сетінегенде ел айыптыларды өзінше жазалауды қолға алып, Халық соты алға шығатынын, бірақ мұның қауіпті екенін» айтады.