Бүгін, 24 шілде түнде Қарағанды облысының Сәтпаев қаласында жергілікті халық «жоғалған бес жасар қыз баланың күдікті педофилдің пәтерінен табылғанына» наразылық танытып, түні бойы ереуілдетті.
Кеше кешкісін Сәтпаев қаласында іздеу салынған бүлдіршін 24 шілдеге қараған түнде көпқабатты үйдің бірінен табылды. Ерікті түрде іздескен және өзге де тұрғындар үйдің маңына жиналған.
Түнгі сағат 00:00-дер шамасында осы үйдің пәтерінен тапқан. Оны көптің көзінен бүркеп, ауруханаға алып кеткен. Бала туралы басқа хабар әзірге белгісіз.
Сәтпаевтықтар бірнеше сағат бойы күдіктіні «жалпыхалықтық сот ретінде көпшілік алдында жауапқа тартуға» тырысып, өз бетінше жазалауға талпынған. Қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Ернат Қалиакпаров наразы жұртты тарауға шақырған. Қала әкімі Асқар Ыдырысов және жергілікті имамның да сөзіне құлақ аспаған.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардан күдікті мен бүлдіршін табылған тұрғын үйдің қасына жиналған жұртшылық пен сауыт-сайманмен жасанған арнайы жасақты көруге болады. Ашуға булыққан кейбір азаматтар подъезге кіру үшін терезелердің әйнегін шағып-сындырған.
Сондай-ақ әлеуметтік желіде күдікті ретінде тараған егде жастағы ер адамның «ықтимал фотосының» рас-өтірігі әзірге белгісіз. Ресми растала қойған жоқ.
Сағат 4:00-ке қарай ызалы жұрт үйден полиция бөлімшесіне бет алған. Видеодағы мән-жайға көңіл аударсақ, топ болып жиналғандардың арасында бәзбіреуі «қыз баланың реанимацияда жатқанын және оған егде азамат емес, оның ұлы зорлық көрсеткен. Баланы қызметтік иісшіл иттің көмегімен тапқанын» айтады.
Наразылар күдікті жеткізілуі мүмкін полиция бөліміне қарата тас-таяқты қарша боратқан уақытта өрт сөндіруші, өзге де тәртіп сақшылары жетіп келген. Олардың көбі күдіктінің бөлімшеде барына күмән келтірген.
Жұма күні, таң тақай бере сағат 4:30 кезінде СОБР сарбаздары полиция бөлімшесін бақылауға алып, күзетке тұрды. Ал тура сағат 4:35-те полиция көпшілікті сабырға шақырып, тәртіпке келтіру үшін аспанға қарай оқ атқан көрінеді.
Сәтпаев қаласы әкімдігінің аппаратындағы баспасөз қызметінінің хабарлауынша, «жоғалған қыз бала қазір анасымен бірге». Сондай-ақ ресми хабарламада «Азаматтардан сабыр сақтауын сұраймыз және жалған қауесетке сенбеуге шақырамыз» делінген.
Таңғы сағат 6:00-де Қарағанды облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі арнайы мәлімдеме жариялады. Онда:
«23 шілде күні сағат 21:00-де Сәтпаев қаласының полициясына Жезқазған қаласының тұрғыны бес жасар баласының (қыз бала) жоғалғанын айтып шағымданған. Сәтпаев қаласының күштік құрылымдары мен еріктілердің іздеуімен қыз бала көпқабатты үйлердің біріндегі пәтерден табылды. Бала қазіргі уақытта ауруханада тексерістен өтіп жатыр», – деп жазылған.
Сонымен қоса, облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Жанатай Сембеков күдіктінің ұсталғанын жеткізді.
«Дегенмен ондаған азамат күдіктіні өз қолына беруді талап етіп отыр. Тәртіпсіздік болған орында полицейлер жұмыс істеуде. Департамент тарапы қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қорғауға қажетті барлық шараны қабылдайды», – деді ресми уәкіл.
Әкімдік елді арандатуға ермеуге үгіттеп бағуда. Қазіргі таңда қаладағы тәртіпті бақылауға Ұлттық гвардияның жасауылы жұмылдырылған. Өре түрегелген азаматтық және қоғам белсенділері «заң қуатына сенім сетінегенде ел айыптыларды өзінше жазалауды қолға алып, Халық соты алға шығатынын, бірақ мұның қауіпті екенін» айтады.