Еуропалық Одақ Орталық Азия елдеріне коронавируспен күресуге көмектеспек. Одақ өкілдерінің айтуынша, жоба бойынша басты көмек Қазақстанға бағытталады. Осы ретте «Орталық Азия елдеріндегі COVID-19: дағдарысқа қарсы шаралар» атты жаңа жоба басталды.
Екі жылдық бағдарлама құны – 3 миллион еуро. Аталған шара аймақтағы індеттің салдарымен күреске және өңір елдерінің денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынды.
Мәліметтер бойынша, бағдарлама үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезекте қаржы көмекке өте мұқтаж елдерге бөлінеді. Екінші сатыда вирустың таралуы бәсеңдеген соң қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, індеттің екінші толқынына дайындық шаралары жүзеге асырылмақ. Ал үшінші кезеңде аймақ елдерінің денсаулық сақтау жүйелерінің өз жұмысын тұрақты әрі тиімді жалғастыруына қолдау көрсету жоспарланған.
Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Свен-Олов Карлссон: «Коронавирус пандемиясы әр елдің ұлттық денсаулық сақтау саласы қаншалықты әлсіз екенін және мұндай төтенше жағдайға қарсы шараларды қайта қарау керектігін көрсетіп берді. Сондықтан осы бағдарлама аясында қажетті дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтарды берумен бірге зертханалар мен ауруханаларға да түрлі көмек көрсету жоспарда бар», – дейді.
Пандемия басталғалы, Орталық Азия елдеріндегі ахуал нашарлады. Қазақстанда эпидемия басталғалы барлығы 75 153 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Барлығы 610 адам ажал құшты. Бұдан бөлек, елде өкпе қабынуына шалдыққандар саны артқан. Осыған дейін Денсаулық сақтау министрлігі пневмония диагнозы қойылған науқастардың біразынан коронавирус дерегі анықталған жоқ деді. Бірақ оларды да COVID-19 хаттамасымен емдеді.
Өткен аптада министр Алексей Цой шілде басталғалы 135 мың адам пневмонияға шалдығып, 1555 адам қайтыс болғанын мәлімдеді. Ел билігі 1 тамыздан бастап қоздырушысы белгісіз я зертханада расталмаған вирустық пневмонияны коронавирус статистикасына қосу туралы шешімге келді. Жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған. Сарапшылар бір айдың өзінде күрт өскен 135 мың жағдайдың барлығы дерлік коронавирусқа жатады деп санайды. Ресми санақтағы 66 895 кейске қосымша шілдедегі 135 641 пневмонияны, мұның тамызға дейін өсетінін ескерсек, вирус жұқтырғандар саны кемінде 203 мыңға шығады.
21 шілдеде министр Алексей Цой елде коронавирус ахуалы тұрақтала бастады, ауруханалардағы орын тапшылығы біртіндеп азая бастады деп мәлімдеді. Алайда елде карантин шаралары күшейтіліп жатыр.
Ресми мәліметтер бойынша, Қырғызстанда дертке шалдыққандар саны шілдеде 4,5 есеге артқан. Коронавирус жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты ауруханаларда орын, дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшы. Елдің денсаулық сақтау жүйесі өздеріне жүктелген міндетті орындай алмай жатыр, ал депутаттар демалысқа кеткен. Елдің ең ірі үш қаласында – Бішкек, Ош, Джалал-Абадта және бірнеше ауданда төтенше жағдай және коменданттық сағат жарияланған. Елде жалпы вирус жұқтырғандар саны – 28 980 адам, қайтыс болғандар саны – 1 111. Ал Өзбекстанда дертке 18 171 астам шалдыққан.