Пандемия кезінде жұқпалы аурулар мен өкпе қабынуы туралы халықтың білімі біршама артқанымен, әлде де кейбір қолданбалы түсініктерді қате ұғынып жүргеніміз белгілі. Кейінгі кездері көпшілік ӨЖЖА мен протативті желдету құрылғыларын жиі шатастырып, орнын алмастырып қолданатыны байқалуда. Сол себепті елордадағы Ұлттық нейрохирургия орталығы АҚ-ның медициналық аппарттар бөлімінің бас инженері Серік Мұратханнан осы тақырып төңірегіндегі сұрақтарға жауап алып көрген едік.
Өкпеге тыныс алуға көмектесетін аппараттың қандай түрлері бар?
Ауа алмасуын реттеуге көмектесетін өкпені жасанды желдету аппараты, оттегі концентраторы, сосын протативті-флоуметр деген түрлері болады. Көпшілік мұның бәрін «ИВЛ» деп атап жүр, соған байланысты ашыңқырап айтайық.
Біріншісі, өкпені жасанды жолмен желдету аппараты режимдеріне байланысты өздігінен тыныс ала алмай жатқан адамға қысым беру арқылы ритімді тыныстауға көмектеседі. Онда оттегі ырғағы автоматты және қолмен (механикалық) басқарылады.
Екінші құрылғы оттегі концентраторы – оттек мөлшерін концентрациялайды, яғни мұнда дайын оттегі болмайды. Бірақ ауаны жинап-қысу арқылы әртүрлі проценттегі оттекті адам денесіне мұрын арқылы жібереді. Өздігінен тыныс алып жатқан, алайда оттегі жетіспейтін адамға керек.
Ал үшінші түрі флоуметр оттегіні өндірмейді, балондағы дайын оттегіні ылғалдандыру арқылы адамның тыныстауына көмектеседі. Қазіргі таңда әлемде негізгі осы үш түрі пайдаланылады.
Ең бірінші сөз еткен ӨЖЖА құрылғының толық автоматты, жартылай автоматты, қолмен басқаратын және жасанды интеллектпен басқарылатын түрлері бар.
Тыныстауға арналған аппараттың бағасы да әртүрлі ме?
Толық автоматты ӨЖЖА-ның нарықтағы бағасы 40 миллион теңгеге дейін барады, жартылай автоматты түрлері 3-7 миллион теңге аралығында. Ал оттегі концентраторы 150 мың мен 1,5 миллион теңге аралығында. Дайын оттегіге байланыстыратын флоуметр құны 50 мың-300 мың теңге тұрады.
Үйде, жедел жәрдем қызметінде, палатада, интенсивті терапияда, реанимацияда қолданылатын түрлерін және мысалмен маркаларын таратып айтып берсеңіз.
Қазір Қазақстанның барлық облысында әртүрлі елдерден алып келінген үлгілері қолданыста. Тіпті, сонау Кеңес кезінен қалған механикалы түрлері де бар, ал басты қалалардағы Ұлттық орталықтарда техника өндіруші лидерлер Жапония мен Германияның өнімдері. Мысалы, Drager, Аkoma сияқты маркалар. Шалғай облыстарда Корея, Қытай, Ресей елдерінің техникасы қолданылуда.
Қайсысын қашан қолданады?
Өкпені желдету барысында құрылғы пациенттің жасы мен жынысынан бұрын, оның хәліне қарай қолданылады. Түсініктірек айтсақ, интенсивті терапия-реанимацияда жатқан науқастарға оттегі концентраторы немесе флоуметр қолданылмайды (бұлар көбіне жедел жәрдем бригадасында, пульмонология бөлімінде, тіпті үйде қолданылады). Себебі жоғарыда айтқанымыздай бұлар өздігінен тыныстауға мұршасы барларға арналған. Ал жансақтау бөліміне жатқызылғандардың көбі өздігінен тыныстай алмайды немесе есін жоғалтқан. Оларға жағдайына қарай жартылай не толық автоматты ӨЖЖА-ны қосуға тура келеді.
Қазақстанда қолда бар немесе жеткізіліп жатқан аппараттардың басым бөлігі қандай?
Жалпы Алматы қаласы, астана және облыс орталықтарында толық және жартылай автоматты түрлері бар. Ал жасанды интеллектке негізделген түрі Қазақстанда өте аз. Сонымен қатар қазіргі үй жағдайында емделіп жатқан азаматтар (оттегі жетіспей ентігетіндер) мобильді оттегі концентраторын көптеп пайдалануда.
Құрылғылар қазақстандықтарға қаншалықты көмектесіп жатыр?
О баста COVID-19 вирусын өкпенің жедел қабынуынан (пневмония) бөлек қарастырды. Меніңше, бұл ешқандай пневмония емес. Мұның бәрі коронавирустың өкпеге шабулдауынан асқынған салдары. Сондықтан кез келген өкпенің жедел қабыну ауруына оттегі өте қажет. Осыны ескерсек, адам ағзасындағы оттегінің мөлшерін 90%-дан түсіріп алмас үшін бұл аппараттардың тигізер көмегі зор.
Өкпе қабынуы мен коронавирус кезіндегі тыныстау аппаратын қолдануда нақты қандай айырмашылық бар?
Қабынған кезде өкпенің оттегіні сіңіру қабаты (жасушалар) жарамсыз күйге түсе бастайды. Салдарынан қалыпты ауаның құрамындағы 21% оттегі өкпенің дұрыс жұмыс істеуіне жеткліксіз болады. Ал COVID-19 дертінде керісінше, вирустың кесірінен жасушалар емес, өкпенің оттегі сіңіру қабатынан өтетін ұсақ қан тамырлар (капилляр) қанның қоюлануынан бітеліп қалады. Десе де екеуінен туындайтын зардабы бір. Ол – оттегі тапшылығы. Екі жағдайда да аппараттар арқылы оттегі жеткізу қажет. Бірақ COVID-19 инфекциясы мысалында дәрігердің емдік шаралары бірінші орында болмаса, жай аппарат көмектесе алмайды.
Қазақстанның ӨЖЖА өндіреміз деуі – жемқорлық схемасының бір түрі
Жақында Шымкент әкімдігі Kazmedpribor Holding компаниясына ақша аударып, 3 айда ӨЖЖА құрылғысын өндіруге уағдаласты. Мұндай күрделі техниканы өндіру бір тоқсанда шешілетін нәрсе емес. Бір құрылғының құрылымында алдымен электроника, екіншіден компьютерлік бағдарлама бар және ең маңызды бөлігі интеллектуал жады болады. Осының барлығын үш айда өндіру мүмкін емес. Сондықтан олар өзге де отандық «өндірушілер» секілді негізгі бөліктерін шетелден, соның ішінде Қытайдан арзанға алдырып, Қазақстанда құрастырады. Ал өндірген күннің өзінде оны клиникалық тәжірибеден өткізу қажет болады. Мұны адамнан бұрын жасанды өкпеге жасатып тексереді. Эксперименталды кезеңге бас-аяғы үш жыл уақыт кетеді. Жіті зерттелмеген жағдайда техника қауіпті болуы мүмкін.
Сондықтан Қазақстанда ӨЖЖА құрылғысын өндіреміз деп елді алдаудың қажеті шамалы. Бұл нағыз жемқорлықтың жүйелі схемасының бір түрі. Мұндай мерзімде ӨЖЖА құырлғысын өндірем дегенге дамыған жасампаз-технократ елдер күлетін болар.
Қазақстан өкпені жасанды желдету аппараты түгілі оның сыртындағы пластик корпусын да өндіре алмайды. Елдегі өзінше өндіріс жасап отырған компаниялар механикалық жабдықтарды өндірсе өндірер, ал электроникалық техникаларды шетелден тапсырыспен алдырып, осында құрастырады. Осылайша үкіметті де, халықты да алдап отыр. Мұным қате болса, Ақтөбедегі рентген, Алматыдағы Медремзавод және Kazmedpribor компанияларына арнайы үкіметтік комиссия жіберілсін!
Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда COVID-19 дертіне шалдыққандардың ресми саны 72 мыңнан асты. 43 мыңнан астам адам ауруынан айығып шықса, жалпы жиыны 690-дай адам қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің басшысы Тимур Сұлтанғазин 16 шілде күні өткен баспасөз жиынында Қазақстанда вирус жұқтырған 306 адамның ауыр хәлде жатқанын айтқан. Оның 265-інің жағдайы қиын, ал 41-інің ахуалы тым ауыр деңгейде. 41 науқас ӨЖЖА құрылғысында жатыр. Сондай-ақ 133 адам инвазивті емес тыныстау аппаратымен дем алып жатыр. 106 пациент оттегі терапиясын алып жатқан көрінеді.