Бұрынғы және кейінгі министрлердің мәлімдемесіндегі қайшылық. Медицина саласында бағасы қымбат өкпені жасанды желдету аппаратының санына қатысты дауға кім жауапты? Жүздеген құрылғы бірнеше айда қайда кетті?
30 наурыз күнгі брифингте сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жедел жәрдемде, аудандық ауруханаларда, ірі медицина ұйымдарында өкпені жасанды желдететін 3 мыңға жуық (ИВЛ – орысша) аппарат бар екенін мәлімдеген. Мұның 167-сі жұқпалы аурулар емханаларында орналасқан деген.
Сондай-ақ ведомство басшысы Біртанов құрылғы тапшылығын жою мақсатында тендер өткізілгенін және сәуір айында дәл осындай 270 аппарат сатып алынатынын хабарлаған.
Сонымен қоса демеушілердің көмегімен сатып алынған отандық 180 жылжымалы аппарат та жеткізілетінін айтқан. Бұдан өзге пандемия басталғалы бері Қайрат Сатыбалды, Айдын Рахымбаев, Болат Өтемұратов қатарлы олигархтар мен бай-манаптар, қытайлық танымал кәсіпкер Джек Ма 30 құрылғы алып берген еді.
Жалпы жиыны 3300-ден астам барын есептеуге болады. Бірақ жақында ғана министр болып тағайындалған Алексей Цой бүгінгі Орталық коммуникация қызметінде өткізген брифингте басқаша мәлімет айтты. Ол:
– Қазіргі таңда Қазақстанда 3294 дана жасанды тыныстау аппараты бар, оның 978-і өткен айда сатып алынды. Алдағы уақытта тағы мың дана құрылғы сатып алынбақ, – деп хабарлады.
Министрдің сөзіне сенсек, өткен айда небәрі 2,3 мыңдай ғана жасанды тыныстау аппараты болған. Сонда көктемде бар деп айтылған 3 мыңнан астам құрылғы қайда кеткен немесе істен шығып, жарамсыз болып қалғаны қандай есепке алынады деген сұрақ туады. 3,5 мың адамнан вирус табылған наурыз айының соңы мен ендігі 40 мыңға жуықтаған қазіргі таңда арасы бар болғаны үш ай. Осы уақыт аралығында көктемнің басында қолданыста болған құрылғы тозып, іске алғысыз күйге түсуі мүмкін бе? Ведомствоға 20 күн бұрын жолданған хатымызға жауап ала алмай отырғанда бұл сауалды жолдау аузы күйсе де үрлемей ішетіннің кері болар. Сол себепті министрлікке мәселені ашық ақпарат бетінде жолдауды жөн көрдік. Бастапқыдағы мөлшерінен азайып, жүздеген данасы осы айда сатып алынған құрылғының саны неге күмәнді?
ӨЖЖҚ аппараттары мақсатына, пациенттің жасына, жұмыс механизміне қарай әртүрлі болып келеді. Дегенмен оны адамның тыныстауы қиындап, көмірқышқыл газын шығаруда, ауа жетіспегенде, яғни науқастың жағдайы күрделенгенде қолдану – адамның өмірін сақтауға таптырмас мүмкіндік. Құрылғының клиникаға арналған жай түрінің өзі кемінде 15-7 миллион теңге тұрады. Сондықтан да жасанды желдету аппараты аса бағалы, тапшы құралдың қатарына кіреді.
;feature=youtu.be