Өткен демалыс күндері Ресейдің бірнеше қаласында Хабаровскіде тұтқындалған «халық губернаторы» Сергей Фургалды жақтаушылар наразылық акцияларын өткізді. Сенбіде қала көшелеріне ондаған мың адам шықты. Коронавирус пандемиясына қарамастан жер-жерді шарпыған шерулер шетелдік басылымдар тарапынан «революцияға қадам және 1937-38 жылдардағы репрессияның қайталануы» деп бағаланды.
Бірінші шеру 11 шілдеде өткізілді. Билік сағат 12-ге жоспарланған митинг кезінде «коронавируске байланысты дезинфекция жасау үшін» алаңды жауып тастады. Кейіннен алаңға бірнеше автозак пен патруль көлігі қойылды. Деггенмен биліктің бұл әрекеті наразы халыққа тосқауыл болған жоқ. Шеруге қатысушылар қоршауға ілінбеген Ленин ескерткішінің жанына жинала бастады. Акция қатысушылары губернатордың қамалуын «саяси іс, Фургал Мәскеуге жақпай қалған» деп санайды.
11 шілде басталған шеру бірнеше күнге жалғасты. Наразылық білдірушілер алдымен жергілікті үкімет ғимаратының жанына жиналды, содан кейін Карл Маркс көшесі бойынан өтіп, губернатордың ұсталуына қарсы ұрандады. Оған қатысты соттың әділ өтуін талап етті. Өткен сенбіде елу мыңдай адам Хабаровск көшелеріне шығып, Фургалды босатуды талап етті. 600 мыңдай тұрғыны бар қалада бұған дейін осыншама халық шеруге шықпаған. Тіпті Ресейдің ірі қалаларында да соңғы 20 жылда осындай ауқымды шара өтпеген. Осы статистиканы назарға ала отырып, сарапшылар бұл шерулер толқынын «революцияға қадам» деп бағалады.
19 шілдеде Ресейдің Сібір, Қиыр Шығысындағы бірнеше қалада Фургалды жақтаушылар шеруі өтті. Акция қатысушылары Владивосток, Новосибирск орталығымен жүріп өтті. Полиция Владивостокта екі адамды ұстап, кейіннен босатты.
Жексенбілік митинг осымен тоғызыншы рет өткізіліп отыр. Демалыс күндері 30 градус ыстыққа қарамастан адамдар плакат ұстап, көшеге шықты. Барлық шеруге билік тарапынан келісім берілмеген, бірақ полиция ешкімді ұстаған жоқ. Шерулерге күн сайын 10 мыңнан 85 мыңға дейін адам жиналған.
Бүгін Ресей президенті Владимир Путин Сергей Фургалды отставкаға жіберді. Аймақ басшысының міндетін уақытша атқаруды Михаил Дегтяревге табыстады. Ол да Фургал сияқты ЛДПР партиясының өкілі. Бұрын Дегтярев Мәскеу мэрі сайлауына екі рет қатысқан.
Фургал ісі
Хабаровск губернаторы Сергей Фургал 9 шілдеде ұсталды. Ертесіне Мәскеу сотының шешімімен қамауға алынды. Тергеу мәліметі бойынша, губернаторға 2004-2005 жылдары үш кәсіпкер – Александр Смольский, Евгений Зори мен Олег Булатовтың қастандықпен өлтірілуін ұйымдастырды деген айып тағылған. Олардың барлығы металл саудасымен айналысқан. Ал осы саладағы кәсіпорындардың бір үлесі Фургал мен оның әйеліне тиесілі.
16 шілде тергеу комитеті Фургалдың екі кісі өлтіру мен қастандыққа қатысы бар екенін ресми мәлімдеді. Фургал өз кінәсін мойындаған жоқ. Қорғаушыларының айтуынша, кезінде кәсібінде серіктес болған әлдебіреудің сөзіне ғана сүйеніп, осыдан 15 жыл бұрын болған қылмыстарға айыптап отыр. Өлке тұрғындарының басым бөлігі де бұған күмәнмен қарайды.
Сергей Фургал – ЛДПР Думасының депутаты, 2018 жылдың күзінде Хабаровск өлкесінің губернаторы болып сайланды. Сайлауда ол Кремль мен «Единая Россия» қолдаған өңір басшысы Вячеслав Шпортты жеңді. Сенсациялық жеңістен кейін Фургалды аймақта «халық губернаторы» деп атайды.
Қазір Ресейде 800 мыңға жуық адамнан вирус анықталып, дертке шалдыққандар саны күн санап артып отыр. Соған қарамастан, елдегі ірі шерулер толқынының басылар түрі жоқ.