БалташТұрсымбаев танымал саясаткер, қоғам қайраткері. Ол кісі облыс әкімі, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ауылшаруашылығы министрі, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарған. Зейнетте болғанына қарамастан, қоғам өміріне белсенді араласып келеді.
Елдегі қазіргі саяси ахуал көптеген сауалдарды тудырып отыр, енді солардың мән-жайын толық білу үшін, осы салада қызмет етіп, саяси-қоғамдық өмірге бейжай қарамайтын Балташ Тұрсумбаевтан Мұрат Телібеков rezonans.kz сайтына сұхбат алған екен.
– Елдің бүгінгі жағдайын қалай сипаттайсыз? Біреулер қарқынды дамып келеміз дейді, ал басқалары кері кетіп бара жатқанымызды айтуда.
– Меніңше, біз бір орында тұрмыз. Бірақ, үлкен жобаларды жүзеге асырып, қарқынды дамып келе жатқанымыз жайлы халық арасында жалған насихат бар. 25 жылдың ішінде біз дербес болып, демократияны дамытуға бет алдық. Кезінде, Батыстың дамыған елдері дәрежесіне жетуді мақсат етіп, Сингапур, Оңтүстік Корея, Кувейт секілді елдердің қатарынан табылуға тиіс болғанбыз. Ақырында, ештеңеге де жете алмадық деуге болады. Егер, Совет үкіметі кезіндегі экономикалық ахуалмен салыстыратын болсақ, біз көп дүниені жоғалтып алдық. Өзіміздің өндірісіміз жоқтың қасы, қайта өңдеу өнеркәсібі мүлде тоқырады. «Казахселмаш», «Павлодар трактор зауыты» т.б. бәрі қирады.
– Бірақ Астананы салып алдық емес пе? Жерімізде жас әрі заманауи қала пайда болды. Мұның несі жаман?
– Астана ешқандай экономикалық пайда әкеліп жатқан жоқ.
– Бұл сәтсіздіктердің себебі неде?
– Тәуелсіздігіміздің алғашқы 10 жылында саясатта мұндай кері кетушілік болмаған. Бірақ, кейіннен шенеуніктерді ешкім бақылап, тексеріп, реттеп отырмаған соң, өздерімен-өздері болып кетті. Содан жемқорлық «қарқынды дамып» жатыр. Оны әлі күнге дейін тоқтата алмай келеміз.
– Демек, бар мәселе жемқорлықта болып тұр ма?
– Бұл негізгі себептердің бірі. Кезінде біз ауыл шаруашылығында әлеуетті екендігімізді айтқан едік. Содан бізге көлемді несиелерді бере бастады. Қазіргі таңда берешегіміз 160 миллиард доллардан асып отыр. Біз жыл сайын 30 миллиард доллар төлеп отыруымыз қажет.
– Бірақ, қазір жемқорлықпен күрес қарқынды жүріп жатқанын байқап отырмыз. Шенеуніктерді тексеріп, түрмеге отырғызып жатқан жағдайлар көбейіп кетті.
– Келісемін. Беделді шенеуніктерді де ұстап жатыр. Алайда, бұл жемқорлардың тым аз бөлігі ғана. Елде әділетті қоғамды қалыптастыруға тиіспіз. Бұл үшін бізге көзбояушы емес, нағыз демократия қажет. Жақында Германияға барып қайтқан едім. Бір жергілікті тұрғынмен әңгімелесіп отырып, оған: «Сіздің көлігіңіз неге ескі?» - деп, сұрақ қойдым. Бірақ, оның жауабы мені таңқалдырды: «Менің деңгейім ондайға мүмкіндік бермейді. Тіпті ақшам бола тұрғанымен, мен өзіме қымбат көлік сатып алып міне алмаймын. Егер ақшам бола тұрып, соған сәйкес өмір сүрсем, айналамдағы адамдар менімен араласпайды, тіпті көршілерім амандасудан қалады», - деген болатын.
– Айналамызға қарасақ, барлығы көлік мініп, тіпті қалаға сыймай жатыр. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарғандығының дәлелі бола ала ма?
– Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында бізде үлкен пирамида қалыптасты деуге болады. Оның төбесінде 30 000 адам, оларға 20 000 адам қызмет етеді. Міне осы 50 000 адамда көлік те, үй де, сарайлары да бар. Олар мұның бәрін халықтың ақшасына алып жатқаны белгілі.
– Сонда биліктің жемқорлықпен күресуге қауқары жетпейді дегенді айтқыңыз келіп отырған секілді. Мемлекет оның тұтқынында қалып қойған. Онда неге Қытайдағыдай өлім жазасын енгізбеске?
– Мен өлім жазасына қарсымын. Біз барлық жұртты жұмылдырмай, бұл мәселенің шешімін таба алмаймыз.
– Неліктен халықты араластырмайды?
– Ол кезде елді басқару қиындап кетеді. Керек болса барлық жемқорларды халықтың сотына салу керек.
– Ал, билік мұны қалай ма?
– Әрине жоқ!
– Неліктен?
– Өйткені, олар өз ісіне берілген адамдар. Күні-түні билікті мақтап, оның шетелдегі беделінің қалыптасуына кішкене болсын үлесін қосып келеді.
– Бәлкім елде белгілі бір саяси өзгерістер орын алғалы жатқан шығар. Мысалы, Ата заңға өзгертулер енгізілді, халық жақында болатын Парламент сайлауы жайлы айта бастады.
– Ешқандай да өзгеріс болмайды.
– Онда мұның бәрі не үшін жасалып жатыр?
– Бұл адамдарда үміт пайда болуы үшін ұйымдастырылып отыр. Халықтың төзімін нығайту үшін. Барлығы да баяғыдай қалмақ. Билік тек бір қолға ғана қарап қалған, ал бұл қолдың барлығын бақылауға мүмкіндігі жоқ. Содан Президенттің айналасындағылдардың өздері де түрлі қулыққа барып жатады.
– Қазір биліктің кімге берілетіндігі, мұрагер жайлы көп айтылып жүр.
– Ешкімге берілмейді де, мұрагер де жоқ. Егер денсаулығы болса, елді Президенттің өзі-ақ басқара беретін болады.
– Біз еліміздің сыртқы саясатқа белсенді араласып келе жатқанын байқап отырмыз. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып, Сүриядағы қақтығыстарды шешуге де өзінің үлесін қосып келеді. Бұл елдің беделінің артып келе жатқандығын көрсете ала ма?
– Біз келіссөздер жүргізу үшін саяси алаң ұсынған едік. Бірақ, бұдан ешқандай да нәтиже шығып жатқан жоқ. Ал, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі жайлы айтатын болсақ, бұл ұйым геосаяси жағдай, елдегі тыныштық және қоғамның толеранттылығын ескереді. Бұл жақсы. Алайда, бұдан ел экономикасына келер ешқандай да пайда көріп тұрған жоқпын.
– Қазақстанға діни экстремизмнің қаупі төніп тұр ма?
– Меніңше, алдағы уақытта бұндай қауіп төніп тұрған жоқ.
– Ал елдің батыс өңіріндегі діни қақтығыстардың себебі неде?
– Олардың басты себебі – жалақының аздығы.
– Ал оңтүстік өңірдегі тұрғындардың да жалақылары мардымсыз емес пе?
– Батыстағы тұрғындардың әл-ауқаты тікелей мұнаймен байланысты. Баррельге 100 доллар төлеп тұрғанда бәрі жақсы болған. Содан мұнай бағасы төмендеген сайын жалақы да азая берді. Содан бұл ауылшаруашылығымен айналысатын аудан болмағандықтан, барлық азық-түлікті сатып алуға тура келеді. Халық арасында дүрбелең осыдан туындайды. Мысал ретінде Жаңаөзендегі оқиғаны айтуға болады. Осындай халықтың наразылығынан билік басындағылар да дұрыс шешім қабылдамай, барлығын күшке салып жататыны да бар.
– Биліктегі ішкі элиталық қақтығыс ушығып кетті деуге бола ма?
– Жоқ, олардың арасында ешқандай шайқас та, қақтығыс та жоқ. Биліктегілер тек тендерлер үшін бәсекеге түседі.
– Бірақ белгілі бір топтар, бірлестіктер бар емес пе?
– Ондай ештеңе жоқ, тек тендерлар ғана.
– Ал журналистерді неліктен түрмеге отырғыза бастады?
– Мен бұл әдісті құптамаймын. Тек күшке салып, түрмеге тоғытқанша, адамдарды өзіңнің адалдығыңа сендіре білу керек. Ал олай болмаса, билік өкілдері халықтың наразылығына ұшырап, елдің әлемдік аренадағы беделіне нұқсан келуі мүмкін.
Ауд. Гауһар Жақыпбай
“The Qazaq Times”