Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа телевизиялық үндеу жасады. Үндеуде президент пандемия кезінде Қазақстан ұшырасқан мәселелер, елде қалыптасқан ахуал жөнінде мәлімдеп, ел медицинасы пандемияға дайын болмағанын мойындады.
Өз кезегінде президент Қазақстан денсаулық сақтау саласының пандемияны жеңуге дайын болмағанын толықтай мойындап, тергеу жұмыстары жүргізілетінін ескертті. Тоқаевтың айтуынша, елдегі ахуалдың күрт нашарлауына «экс-министр қызметіндегі қателіктер, халықтың сақтық шараларын сақтамауы» себеп болды. Бұл жөнінде ол: «Індетпен күрестің нәтижелі болуы ең алдымен барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне баланысты. Бұл өте қауіпті, батпандап кіретін, мысқалдап шығатын дерт. Коронавирустың таралуына байланысты денсаулық сақтау жүйесіне көп ауыртпалық түсуде. Ашығын айту керек, денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ», – деп мәлімдеді.
«Бұл індетті адамзат жуық арада жеңе қоймас. Алайда уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп, еңсемізді түсіруге тағы да болмайды. Салмақты, сабырлы болайық. Біздің жұмысымыз айқын, қоғам алдында еш нәрсені жасырмай, ашық айтамыз. Болашақта да солай болады», – деді.
Сонымен қатар Тоқаев 13 шілдені Ұлттық аза күні деп жариялады. «Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені ұлттық аза күні деп жариялаймын», – деді ол.
Әлем бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 11 миллионнан асты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты «пандемия» деп жариялаған болатын. Вирусты алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді.
Пандемия басталғалы, Қазақстандағы ахуал күрт нашарлады. Ресми мәліметтер бойынша, республикада КВИ жұқтырғандардың саны 51 059 адамға жетті. 264 адам қайтыс болды. Мыңдаған адам өкпе қабынуына (пневмония) шалдыққан, ажал құшқандар бар. Денсаулық сақтау министрлігі пневмония диагнозы қойылған науқастардың біразынан коронавирус дерегі анықталған жоқ дейді. Бірақ оларды да COVID-19 хаттамасымен емдеп жатыр.
Ауруханаларда науқастарға орын, дәріханаларда қажетті препараттар тапшылығы жағдайдың ушығуына әкеп соққан.
2 шілде Мемлекеттік комиссия отырысында Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру шаралары қаралып, елде 14 күнге карантин шектеулері енгізілген. Сол күні қазіргі денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде COVID-19 дертінен қайтыс болғандар саны аптасына бір рет жарияланады деп мәлімдеді. Кей сарапшылар министрліктің өлім-жітімді есептеу тәсілін сынап, бұл елдегі пандемия жағдайын нақты бағалауға кедергі келтіреді деп санайды.