Бас дәрігердің мәліметіне қарағанда, елімізде 135 томография, 46 диагностикалық орталық бар екен. Ал сарапшылар пневмония түріндегі вирустың асқынған түрі өршіген тұста мұның аздық ететінін айтады.
Бригада мен жедел жәрдем жетіспейді. Отандық өндірушілерден 807 жедел жәрдем көлігі алынбақ. Үкіметтен 1,2 млн тест үлгісін сатып алуға миллиард теңге қаржы бөлінді. Осы арқылы қор жетілдіріліп отырады. Тест жақын күндері келеді.
Эпидемия ахуалына қарай аймақтарда тест талабы бекітіліп, жедел жәрдем бригадасының шақыртуымен халықты тестілеуге мүмкіндік тумақ. Осы орайда ведомство басшысы амбулаториялық-емханалық көмек қашықтан көрсетіледі, учаскелер деңгейінде шамамен 3 мың мобильді бригада құру жоспарланып отырғанын хабарлады.
– 7 жылжымалы зертхана жұмыс істеп тұр. Шілде айында тағы 8 диагностикалауға арналған мобильді зертхана сатып алу көзделген. Бұлардың барлығы ауылды жерлерде қолданады. Қазіргі уақытта Жамбыл облысының Қордай және Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданында пайдаланып жатыр, – деді министр.
Елдегі стационардағы орындардың 60%-ы толып қалған. Астана мен Алматыда бұл көрсеткіш 90%-ға дейін жетті.
Республика бойынша 348 медициналық мекемеде 26 мың төсек-орын дайындалған. Тамыз айының соңына қарай реанимация және интенсивті терапия бөлімдері бар қосымша 10 мың орын әзірлеу жоспарланып жатыр. Қазіргі таңда Қазақстанда 3294 дана жасанды тыныстау аппараты (ИВЛ) бар, оның 907-сі маусым айында сатып алынды. Алдағы уақытта тағы мың құрылғы сатып алынбақ.
30 маусымдағы есеп бойынша, вирус жұқтырған 23,6 мың науқас емделіп жатыр. Стационарда 9800 адам жатса, 13,8 мың науқас амбулатор-поликлиникалардың бақылауында. Үш мегаполисте жаңа модульді емханада және 340 медициналық мекеме 27 991 орындық стационарға айналды. Аймақтағы эпидемия жағдайына байланысты қосымша орындар ашылып отыратын көрінеді.
Жоғарыда берілген дерек-мәліметтің бәрін жақында Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалған Алексей Цой бүгін елордадағы Орталық коммуникация қызметінде өткізген онлайн брифингінде айтты.
Елде дәріханаларда дәрі тапшылығы пайда болды. Орталық басты дәріханалардың алдында ұзын сонар кезек. Қазақстандықтар вирустың клиникалық белгілеріне ұқсас аурумен жаппай ауыра бастаған. Жедел жәрдем қызметі үлгере алмай, тек жағдайы ауыр науқастарды тасымалдап жатыр. Ауруханалар лық толы, кадр жетіспейді. Кейбір өңір әкімдіктері дәрігерлерге вакансия жариялауда. Бүгінгі таңда вирус жұқтырып, жалпы дерекқорға тіркелген науқастардың жиынтық есебі 40 мыңға таяды. Әлемде бұл көрсеткіш 37-орынға тиесілі. Дегенмен бұдан өзге күніне мыңдаған адам пневмония бойынша анықталып отыр. Мамандар мұны кезінде байқалмай, бүгін асқынған коронавирустың салдары деп бағалайды. Алайда Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ-ға тек симптомды науқастардың ғана есебін ұсынуда. Сарапшылар науқастарды ауру белгісі бар-жоғына байланысты екіжақты есеп жүргізуді, вирусы асқынғандарды жаздыгүні пневмония қатарына қосуды «статистиканы бүркемелеу арқылы шынайы жағдайды жасыру, манипуляция» дейді.
Президент Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы» кеңінен насихатталып жатқан тұста ел үкіметі мамандардың бұл сынына әлі мойын бұра қойған жоқ.
;feature=youtu.be