Әлем бойынша коронавирусқа шалдыққандар саны 8 миллионнан асты.

Bloomberg сайты ұсынған деректерге сүйенсек, дерттен 436 406 адам көз жұмған. Антирекорд саны бойынша Америка көш бастап тұр. Мұнда 2 миллионнан астам адам вирус жұқтырған. АҚШ, Ұлыбритания, Бразилияда індеттен ажал құшқандар саны жоғары.

Қазақстанда өткен тәулікте 938 адамнан вирус дерегі тіркелген. Оның ішінде індет белгілері 383 науқастан анықталған. Қалған 400 науқаста ауру симптомсыз. Елде вирус жұқтырғандардың жалпы саны 20684-ке жетті. Оның 9388-і емделіп шықса, 81 науқас қайтыс болған.

Наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдың Ухань қаласынан тараған коронавирус инфекциясын пандемия деп таныды. Пандемия – бір елдің тұтас аумағын, іргелес мемлекеттерді, кейде тіпті дүниежүзінің көп елін қамтитын айрықша күшті эпидемия. Ол – белгілі бір індеттің тұтас бір халыққа жаппай жұғуы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұның алдында 2009 жылы тұмау вирусының H1N1 серотипінің («шошқа тұмауы») таралуын пандемия деп жариялаған еді.

"The Qazaq Times"