Коронавирустық инфекциямен күресте швед билігі өзге тәсіл таңдады: ұжымдық иммунитет қалыптастыру мақсатында елде карантин енгізген жоқ, тұрғындар арасында қалыпты өмір сүру формасы сақталды. Дегенмен Швецияның бас эпидемиологы Андерс Тегнелл ұсынған бұл тұжырым індетпен күресте айтарлықтай нәтиже көрсеткен жоқ. Керісінше, өлім-жітім саны бойынша Швеция әлемдік антирекорд орнатқан елдер тізімінде көш бастады.

Пандемиямен күресте Швеция мен әлемнің өзге елдері екіге бөлінген. COVID-19 дерегі алғаш тіркелген мемлекеттер жаппай төтенше жағдай енгізіп, қауіпсіздік шараларын күшейтті. Ал Швеция коронавирусты жеңудің жалғыз жолы – ұжымдық имммунитет қалыптастыру екенін айтты. Яғни індетті мейлінше көп халық жұқтырып, жазылып шығуы керек. Тегнелл ұсынған тәсіл швед премьер-министрі Стефан Левен үкіметі тарапынан қолдауға ие болды. Тұтас Еуропа, Азия, Америкада шектеу шаралары енгізіліп, тұрғындар «төрт қабырғаға қамалған» уақытта Швеция халқы бейқам өмірін жалғастырды. Швед үкіметі күн сайын 50 адамнан көп жиналуға болмайды деген ресми үндеу жариялаумен ғана шектелді. Бірақ әлемдік статистикаға зер салсақ, швед билігі ұстанған стратегия оң нәтиже берген жоқ: елде 10 млн тұрғыннан 4,4 мың адам ажал құшса, көршілес Дания, Норвегия және Финляндияда вирус құрбандарының саны 600 адамнан асқан жоқ.

Қазіргі уақытта Швецияның әлемнен «оқшауланып», вирусты жеңу жолында ұстанған жеке-дара бағыты қатаң сынға ұшырап отыр. Бірнеше ай бұрын локдаун мен өзін-өзі оқшаулау шараларын енгізудің қажеті жоқ деген швед эпидемиологы Андерс Тегнелл елде қайтыс болғандар санының артуына байланысты «Швеция радиосына» сұхбат беріп, «өзі ұсынған стратегия кесірінен өлім саны артты» деген тұжырымды жоққа шығарды. Сұхбатта ол: «Егер біз коронавирустың қандай болатынын толық түсінгенімізде, басқа жолды таңдар едік. Бірақ соңғы үш-төрт ай ішінде біз бұл аурудың үлкен ықтималдықпен қайта таралатынын аңғардық. Яғни басқа мемлекеттер ұстанған қатаң позиция да жоғары нәтиже көрсетпеген», – дейді.

Швед моделі және ахуал

10 миллионнан астам халқы бар Швецияда вирус жұқтырған 40 мың науқас тіркелді. Дерттен 4,5 мың адам көз жұмған. Локдаун енгізілген Дания, Норвегия және Финляндияда қазіргі уақытта өлім-жітім саны әлдеқайда аз. Данияда – 580, Норвегияда – 237, Финляндияда – 321 адам қайтыс болған. Ал Швецияда бір күн ішінде 74 адам ажал құшқан. Яғни қатаң шара қабылданбаған Швецияда өлім саны күннен-күнге артып отыр.

Наурызда Еуропада вирусты жеңу жолында екі бағыт қалыптасты: қатаң карантин және ұжымдық иммунитет. Екінші бағытты Ұлыбритания мен Швеция билігі таңдаған. Бірақ тез дендеген вирусты жеңу қиын болғандықтан, Ұлыбритания екінші бағыттан бас тартып, елде төтенше жағдай енгізді. Ал Швеция бастапқы сценарийге үміт артты.

Төрт айға жуық уақытта Швецияда қоғамдық көлік қозғалысына шектеу қойылған жоқ, мектептер мен балабақшалар қалыпты жұмысты жалғастырды. Швеция үкіметі дәл осындай тәсіл денсаулық сақтау саласына ауыртпалық әкелмейтінін айтты. Швед дәрігерлері тұрғындарда вирусқа төзімділік қалыптасады деп болжады. Алайда ұжымдық иммунитет пайда болған жоқ. Кейіннен Стокгольм университеті математикалық есептерге негізделген жаңа модель ұсынды. Модель авторы Тим Бритон халықтың 40-45%-ы вирус жұқтырып, сауыққан жағдайда пандемияны жеңуге болады дейді. Ал Франциядағы Пастер институтының зерттеушілері аталған көрсеткіш 65% болғанда ғана антидене қалыптасып, пандемияны ұжымдық иммунитеттің көмегімен бақылай аламыз деген тұжырымға келді.

Мамырдың ортасында Францияда бұл көрсеткіш 4,4%, Стокгольмде, 7,3% болды. Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, Швецияда вирус жұқтырғандардың басым бөлігі қарттар. Демек иммундық жүйесі әлсіз адамдар тобымен ұжымдық иммунитет қалыптастыру қиын.

Швед халқы арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде 51% тұрғын үкімет ұсынған бағытты қолдайтынын, 31% респондент швед моделіне күмән келтіретінін айтқан. Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Майк Райан Швециядағы карантинсіз өмірге жоғары баға беріп, швед эпидемиологиы Андерс Тегнелдің тұжырымына қолдау білдіріп отыр. ДДҰ сарапшысы Швеция карантиннен шыққысы келетін басқа елдер үшін үлгі деп санайды: «Ел билігі азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнатып, азаматтардың әлеуметтік қашықтықты сақтауға қабілеттілігін қалыптастырды және әлемдік дертке дайындығын көрсетті. Менің ойымша, Швеция локдаунсыз өмірге оралудың үлгісі саналады», – дейді маман.

Швед моделін оң деп бағалайтын сарапшылар Италия, Испания, Бельгия, Франция, Ұлыбритания сынды Еуропа елдерімен салыстырғанда, Швециядағы көрсеткіш әлдеқайда төмен екенін алға тартады. Мұнымен қатар, швед денсаулық сақтау жүйесіне ауыртпалық түскен жоқ: дәрігерлік жабдықтар, қорғаныс құралдары мен реанимацияда орын жетіспеушілігі орын алмады дейді сарапшылар.

Швед дәрігер Йохан Гизецке «Lancet» журналында жарияланған мақаласында: «Қатаң локдаун қарт адамдар мен қарттар үйінің тұрғындарын қорғамайды. Қандай шаралар енгізілсе де, вирусты жеңудің абсолютті бағыты белгісіз. Бір жылдан кейін барлық Еуропа елдерінде коронавирустан қайтыс болғандар мен дертке шалдыққандар саны бірдей болады. Яғни төтенше жағдай, карантин шаралары енгізілсе де, ұжымдық иммунитет қалыптастыру бағыты таңдалса да, нәтиже бірдей болады», – дейді. Ал Норвегиядағы жұқпалы аурулар жөніндегі маман Фроде Форланд пандемия әдеттегі тұмауға қарағанда әлдеқайда жұқпалы және ауыр зардаптарға әкеп соғатынын айтып, швед моделі өлім көрсеткішін арттырды деп санайды.

Түйін

Алғаш Қытайдың Ухань қаласында тіркелген COVID-19 коронавирусы санаулы уақыт ішінде әлемнің 180 еліне тарап үлгерді. Мемлекеттердің пандемиямен күрес тәжірибелері әртүрлі. Мәселен, карантин режимін қатаң сақтаған Гренландия вирусты жеңген алғашқы ел болса, карантин талаптары сақталмаған Ресейде 430 мыңнан астам кейс тіркелді.

Әлеуметтік қашықтық сақтау бойынша бекітілген цифрлар да әртүрлі:

Гонконг, Дания, Қытай, Литва, Сингапур, Франция – 1 метр

Оңтүстік Корея – 1,4 метр

Аустралия, Бельгия, Германия, Греция, Италия, Нидерланды, Португалия, Ресей – 1,5 метр

АҚШ – 1,8 метр

Канада, Испания, Ұлыбритания – 2 метр.

Аптасына екі-үш рет коменданттық сағат енгізген Түркияда вирус жұқтырғандар саны 150 мыңнан 30 мыңға дейін азайса, карантин талаптарынан бұрын, әлеуметтік мәселеден көз ашпаған Перу коронавирустың Латын Америкасындағы жаңа ошағына айналды.

Арнайы эксперимент жүргізген Италияның солтүстігіндегі Чинто-Эуганео атты шағын қалада COVID-19 жұқтырудың жаңа жағдайлары төмендеген. Кішігірім коммунаның барлық 3,4 мың тұрғыны вирус симптомдарының болу-болмауына қарамастан коронавирусқа тест тапсырып, диагнозы расталғандар мен олар байланыста болған адамдардың барлығы оқшауланған. 10 күн өткен соң, оқшуланғандардың барлығын қайтадан медициналық сынақтан өткізген. Нәтижесінде сырқаттанғандардың саны 90%-ға азайған. Ал әлем елдерінен өзге, өзіндік модель ұсынған Швециядағы вирус деректері әлі де жоғары. Кей сарапшылар қалыпты өмір салтын ұстанған Швеция мен қатаң шара қабылдаған мемлекеттер арасында айтарлықтай айырмашылық болмайды деп есептегенмен, швед үкіметі қолдаған бағыт талайдың сынына ұшырады. Демек қауіпті дертті жеңудің абсолютті бағыттары жайында қандай да бір гипотеза ұсыну қиын.

"The Qazaq Times"