Түрмеде белгісіз жағдайда қаза болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің өлімінен үш ай өтті. Маусымның 1-і марқұмның анасы және бір топ белсенді президент әкімшілігі мен прокуратураға барып, «негізсіз тоқтаған істі қайта тергеу» туралы талап-арыз өткізді.
Өлімі қоғамдық резонанс тудырған Дулаттың анасы Гүлбараш Жолмұхамбетова Азаттыққа президент Тоқаевтың әкімшілік кеңсесіне үндеуі мен қабылдауын сұраған хатын ресми түрде тапсырғанын айтқан.
– Мен президент Қасым-Жомарт Тоқаев баламның өліміне қатысты алдын ала пікір айту арқылы тергеуді басқа жаққа бұрды деп санаймын. Бұл ойымды 31 мамыр саяси құғын-сүргін құрбандары күніне ашық хат етіп әлеуметтік желіде арнайы жарияладым. Себебі ұлым Дулат Ағаділді де сол саяси қуғынның құрбаны деп есептеймін. Сондықтан президентпен жүздескім келеді, – дейді артында алты баласы қалған белсендінің анасы.
Бұдан бөлек ол ұлының өлер алдындағы сәті бейнелеген түрмедегі видеосын беруді және «оның өліміне кінәлі санайтын құқық қорғау органдары қызметкерлерін жауап алып, прокуратураның әрекетсіздігіне шара қолдануды сұраған» арыз өткізді.
Перзентінің құнын даулаған Жолмұхамбетова адвокаты Ғалым Нұрпейісовпен бірге астана прокуратурасы «қылмыс құрамы жоқ» санап тоқтатқан істі қайта ашуды талап етіп, прокуратура шешіміне шағымданатынын да айтты. Сондай-ақ елдегі азаматтық қоғам белсенділері де изоляторға аяқтай кіріп, кебінмен шыққан Ағаділдің өлімінде «саяси астар бар» деп санап, әділ шешім жолында күресе беретінін жеткізді. Ал бас прокуратура бұған қатысты ешқандай жауап бермеді.
Бұған дейін 24 ақпан кешкісін сағат 20:48-де формасыз келген бір топ полицей «сотқа тіл тигізді» деген айыппен Дулат Ағаділді «ешқайда кетпеу» шарасы ретінде үйінен алып кеткен еді. Бірақ небәрі 30 шақырымға жетер-жетпес қашықтықтағы изоляторға түнгі сағат 00:00 шамасында жеткізіліп, ертеңіне, яғни ақпанның 25-і күні қайтыс болған. Құзырлы органдар сол күні-ақ азаматтық құқық пен демократиялық құндылықтардың орындалуын талап етіп, бірнеше рет сотталған белсендінің өлім себебін «жүрек қан тамырларының жетіспеушілігі» деп атаған.
Әлеуметтік желі қолданушылары мен Дулат Ағаділдің қазасын аза тұтқан астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Тараз қалаларына жиналған белсенділер оны жүректен қайтты деген «ресми нұсқаға» сенбейтінін, бұрын-соңды денсаулығына қатысты шағымы болмағанын айтып еді. Ағаділдің рухын жоқтаған, істің әділ әрі ашық жүруін талап еткен жұрт бірнеше күн бойы жиналып президент Тоқаевтың, ішкі істер министрі Тұрғымбаевтың атына талап-арыз жолдаған. Алайда ешқандай ресми жауап берілмеді.
Дулат Ағаділдің «...сотталуға да дайынмын. Өлтіріп те, ұрып та, пышақтап та кетуі мүмкін. Мұны істесе, арнайы қызметтер ғана істейді. Көшедегі біреу істемейді. Өйткені мен көшеде беталды жүрмеймін, арақ ішпеймін, темекі шекпеймін, басқа біреудің ала жібін аттаған емеспін, ұрлық жасмаймын. Сондықтан мұндай әңгімелер болып жатса, сабырлық сақтап сенбеңіздер» деп биліктің арнайы күштік құрылымынан сезіктенетін әрі қастандық жасалуы ықтимал екенін айтқан бейнеүндеуі интернетте тараған.
Артында 6 бірдей баласы қалған Дулат Ағаділ – әлеуметтік проблемалар және азаматтық құқықты сақтау мәселесін көтеріп жүрген белсенді. Биыл тамыз айынан бері бірнеше әкімшілік жазаға тартылып, кем дегенде 60 тәулік қамауда отырған.
Белсендінің қазасына байланысты АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі, Ұлыбритания елшілігі және Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Қазақстан билігін тергеуді ашық әрі әділ жүргізуге шақырған. Қазақстандық құқық қорғаушылар да Дулат Ағаділдің қазасын «саяси сипаты бар» деп санайтынын айтқан.
Дегенмен өткен бейсенбіде, 28 мамыр күні астана прокуратурасы азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің өліміне қатысты іс тоқтағанын хабарлаған.