Өткен сәрсенбіден бері әлемде коронавирус жұқтырғандар саны күнделікті 100 мыңнан түспей келеді. Аз уақытта тіркелген жағдай саны жағынан қаралы рекорд бірнеше реет жаңарып үлгерді. 6,2 миллионнан астам Жер тұрғыны қауіпті вирус жұқтырып үлгерді. Ауру меңдеп, айыға алмай, жарық әлемнен қайтқандар қатары 370 мыңың үстінде. Барлық кейстің жартысына жетпейтіні, 2,8 миллионы дертінен сауыққан. Қазақстан және оның көршілес елдеріндегі жағдай қалай? Карантин дедлайнын созған елдер...
ДДҰ Түркіменстанға COVID-19 індетіне қарсы күресте вирустың ауанын бақылау бойынша арнайы ұсыным жасады. Ал Ашхабад басшылығы мен шенеуніктер халыққа «тіс жармауға» әм «артық сөйлемеуге» кеңес берді. Түркіменстан билігі 26 мамыр күні ДДҰ-ның аймақтағы өкілдері мен сарапшылармен бірлесіп өткізген жиында да елде коронавирус дерегінің анықталмағанына сендіруге тырысып бақты. Орта Азияның ең «авторитар аймағындағы» БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, әлі күнге дейін онда медициналық қызметкерлер мен қарапайым азаматтарға «коронавирус не COVID-19 дертіне тән белгілерін, тіпті қауіпті кеселдің атауын айтуға тыйым салынған». Көбіне «Отан мен Аркадагты ғана құрметтеп-ардақтауға» арналған цензураға жергілікті медиа да бағынуға мәжбүр. Әлем елдері коронавирусты таратпау мақсатында ақпараттық саясат пен сақтану ережесін құлағдандыруды мықтап қолға алып жатқанда, Ашхабадтың бесаспап көсемі Бердімұхамедов әдеттегідей жабық жолды таңдады.
Оңтүстіктегі көрші Өзбекстан елінің жағдайына үңілсек, тіркелген кейстер саны үш есеге кем. Әлемде халық саны бойынша 41-орында тұратын, 34 миллионнан астам азаматы бар елдегі эпидемия жағдайын сарапшылар жоғары бағалауда. Бүгін таңдағы мәлімет бойынша, вирус жұқтырған науқастардың саны 3662-ге жеткен. Оның 2,8 мыңы ауруынан айығып шықса, 15-і қайтыс болған. Бұхара және Самарқанд облыстарында індеттің жаңа ошақтары анықталып жатқандықтан, елдегі карантин мерзімі 15 маусымға дейін ұзартылды. Өңіраралық көлік қатынасы әзірге тоқтап тұр. Дерттің таралу көрсеткішіне қарай аймақтар жасыл, сары, қызыл деген деңгейлерге бөлінген. Жасыл, яғни қауіпсіз аймақтарда күшейтілген карантин тәртібінде той өткізуге рұқсат берілген.
Айырқалпақты ағайын Қырғыз еліндегі ахуал бірқалыпты. Аты жаман дертті жұқтырғандардың жиын есебі 1,8 мыңнан сәл асқан. 1817 адамның үштен екі бөлігі сауығып, үйіне жіберілген. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нұрболат Үсенбаевтың мәәлімдеуінше, көктемнің соңғы күнінде Қырғызстанда 69 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Ресми ақпаратқа сәйкес, барлығы 16 адам көз жұмған. Қазақстанмен қатар Бішкек те 11 мамыр ТЖ режимі мен коменданттық сағатты тоқтатып еді. Ауырған науқасы ең көп өңірлер қатарында ел астанасы Бішкек (555), Нарын (372) және Шу (275) облыстары тұр.
Солтүстікте қоңсы қонған Ресейде екінші күн қатарынан 9 мыңнан астам кейс тіркеліп отыр. Жедел штабтың мәліметінше, өткен күні 9035 адамнан вирус табылған. Сондай-ақ жексенбіде 162 кісі қайтыс болған. Кейінгі күндері жағдай біршама тұрақталған. Нақтырақ айтқанда, соңғы екі аптада күніне орташа есеппен 8-9 мың кейстің үстінде анықталуда.
Жуырда ғана федерация көлемінде карантин шаралары әлсіреген еді. Маусымның 1-інен бастап Мәскеуде аптасына 3 күн кесте бойынша серуендеуге рұқсат етіледі. Кейбір аса қажетті (азық-түлік емес) дүкендер мен бірқатар сервистік компаниялар жұмыс істейді. Дегенмен медициналық бетперде тағу өрісі кеңейіп, енді тұрғындар тек ғимарат ішінде ғана емес, көшеде де тағып жүруі міндет. Ресейде жалпы жиыны 415 мыңға жуық адам қатерлі вирус жұқтырған. Кремль сарайындағы денсаулық сақтау ведомствосының дерегінше, оның 4855-і қайтыс болған. Алайда халықаралық алпауыт ақпарат құралдарының зерттеуінше, «төртінші билігінде» мемлекеттік үгіт-насихаттың үлесі басым алып держава аумағында қайтыс болғандар саны әлдеқайда көп, «мыңдаған адамның диагнозы өзгертіліп жазылған» деседі. Қазіргі таңда ауырғандардың 42%-ы, яғни 176 мыңдайы дертінен айыққан көрінеді.
Күллі жаһан жұртын елеңдетіп, экономика-мемлекет құрылымдарын есеңгіреткен қатерлі індеттің бастапқы ошағы Қытай кейстер саны жағынан айлап алғашқы орында тұрса, бүгін 17-ші орынға ысырылған. Осы күнге дейін тіркелген 83 мың науқастың небәрі 76-сы ғана ауруханада емделіп жатқан көрінеді. 4,6 мыңнан астам адам індеттен қайтыс болып, өзгесі түгел ауруынан айығып шыққан-мыс. Десе де аталған дерекке күмәнмен қарайтын сарапшылар мен зерттеу ұйымдары, қарапайым халықтың қатары қалың. Бейжіңнің ресми мәліметін терістейтін немесе оған күдіктене қарайтын тарап өкілдері өз уәжі ретінде Ресейдегідей биыл көктемде қаза болған «марқұмдардың тізімі былтырғы, одан алдыңғы, тіпті соңғы бес жылғы есептен анағұрлым жоғары» екенін алға тартады. Ал Қытай билігі мамыр айында бар-жоғы 143 адамнан инфекция табылғанын хабарлады.
Қазақстандағы жағдайға оралайық. Денсаулық сақтау министрлігі кейінгі үш күнде 1400-ге тарта адамның коронавирусқа шалдыққанын хабарлады. Кейстердің ең көбі астанада (101), Атырау (69), Қарағанды (59), БҚО (44), және Қызылорда облыстарында (31), сондай-ақ Шымкентте (32) тіркелген. Көктемнің соңғы айының соңғы күні үш бірдей (Шымкенттің 61 жастағы, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының 54 және 53 жастағы тұрғындар) азамат қайтыс болып, барлық құрбандар саны 40-тың үстіне шықты.
Жиынтық кейс 11 мыңнан асқанына қарамастан, бүгіннен бастап көптеген шектеу шаралары тоқтады. Қалааралық, аймақаралық және астана-Алматы қалаларының кіреберісіндегі блок-бекеттер алынып тасталды. Фитнес залынан бастап моншаға дейін, қонақ үй, қоғамдық тамақтану орындары ашылды.
Ведомство таратқан хабарға сенсек, 5404 пациент ауруынан айығып, сауығып үйіне жіберілген. 5,8 мыңдай адам әлі емделіп жатыр. Өкінішке қарай, ресми ақпарат бойынша, COVID-19 вирусын жұқтырған 41 адам ның жағдайы қиындап, қайтыс болған. Дегенмен бірқатар БАҚ өкілдері (Информбюро және Азаттық) Қазақстанда вирус жұқтырған кем дегенде 72 адамның қайтыс болғанын анықтап хабарлаған еді. Ел арасында COVID-19 вирусының барына күмәнмен қарайтын, сенбейтін жандар көбейіп келеді. Сарапшылар мен белсенділер бұл үрдісті ақпараттандырудың жеткіліксіздігі және ашықтықтың болмауымен байланыстырады.