Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су тасқыны себепті ТЖ жарияланды. 

Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов түнгі сағат 00:00-де төтенше жағдай жариялауға тапсырма берді.

Бүгін, 2 мамыр таңғы сағат 04:30-да Мақтаарал ауданының шекарасындағы Орталық далалық коллекторынан (өткізу қуаты - секундына 120 текше метр) су төгіліп, Жеңіс және Жаңа тұрмыс ауылдарын су алды. «Сондай-ақ облыстық мәндегі «Мырзакент - Жеңіс - Жаңа тұрмыс» тасжолын су басқан. Көлік жүруі мүмкін емес» делінген әкімдік хабарламасында. Сондай-ақ бүгін сағат 11:30 шамасында аталған ауданға қарайтын Фердауси ауылы да су астында қалғаны хабарланды.

Азаматтарды апатты аймақтан көшіріп жатыр. Фото: ашық дереккөз

Қазіргі таңда апаттық-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Әзірге 5400 адам әртүрлі жолмен эвакуцияланған. Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Нұрлы жол елді мекендерінің тұрғындары аудан орталығы Мырзакентте орналасқан Мырзакент мектеп-гимназиясына (600 орын), С.Рахымов атындағы жалпы орта мектебіне (700 орын), Пушкин (400 орын), Абылайхан орта мектептеріне (500 орын) эвакуацияланып, оған 6 автобус жұмылдырылған. Мақтаарал ауданының әкімі, аудандық төтенше жағдай штабының төрағасы Бақыт Асановтың төрағалығымен 2 мамыр түнгі 00:00-де арнайы жиын өтіп, төтенше жағдай жариялау жөнінде тапсырма берілді.

Түркістан облысындағы су алған елді мекендегі көрініс. Фото: ашық дереккөз

Қазіргі таңда жоғарыда аталған ауылдардан басқа  Мырзакент, Жантақсай елді мекенінің тұрғындарын эвакуациялау мәселесі қарастырылып жатыр.

;feature=emb_title

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев шұғыл штабтың жұмысы бойынша арнайы мәлімдеме жасады. Аймақ басшысы ешбір азаматтың зардап шекпегенін, мал басының аман екенін айтып сендіруге тырысты.

Қызыл судың тасқынын тоқтатуда арнайы техника қолданылып жатыр. Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Өзбекстанның Сырдария облысында орналасқан "Сардоба" су қоймасы толассыз жауған жауын мен қатты дауылдан соң бөгет бұзылған. Коммуникация желілері мен егістік алқабын, бірнеше ауылды су алып, салдарынан 11,5 мың өзбекстандық эвакуацияланған.  Осыған байланысты кеше түсқайта, сағат 16:00 шамасында Түркістан облысының Мақтаарал ауданының бірнеше елді мекенінде орналасқан коллекторларға су толған.

Өзбекстандағы су апаты болған аумақ. Фото: ашық дереккөз

2010-2017 ж.ж. аралығында жеті жыл бойы салынған Сардоба су қоймасының сыйымдылығы 922 млн текше метрге шығады.  Жуырда ғана мұнда 2022 жылы қолданылысқа беру жоспарланған қуаттылығы 10,7 МВт ГЭС құрылысы басталған.

"The Qazaq Times"