Жамбыл облысы Қордай аудандық соты ақпанда осы ауданда болған ұлтаралық жанжалға себеп болды делінген жолдағы кикілжіңге қатысты сот үкімін оқыды. Сот айыпталушы Қордай ауданы Сортөбе ауылының тұрғыны 27 жастағы Марат Юнхуды "Бұзақылық" және "Денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабы бойынша кінәлі деп тауып, 2 жыл және 6 айға бас бостандығынан айырды. Сот сонымен бірге "Бұзақылық" бабы бойынша айыпталған Сортөбе тұрғыны Эрсман Юнхудың (бірінші айыпталушының әкесі) бостандығын 2 жыл 6 айға шектеді, - Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жариялады.

Басылым сот үкімінің 24 сәуірде шыққанмен ақпарат құралдарына бір аптадан кейін ғана белгілі болғанын жазды.

Бұл істе Қордай ауданы Қаракемер ауылының 78 жастағы тұрғыны Төлеген Құдашбаев екі баласымен бірге жәбірленуші ретінде танылған. Сот үкімі бойынша, айыпталушылар моральдық шығын ретінде жәбірленушілерге 3 млн теңге төлеуі тиіс және сот шығынын толығымен мойнына алады.

Ақпарат бойынша, кикілжің 5 ақпанда Сортөбе ауылында болған. Тергеу органдарына сілтеме жасаған zakon.kz сайтының жазуынша, Марат Юнху жолға шығып, ауладан ағасы мінген жүк көлігі шыға алуы үшін көліктерді тоқтатқан. Дәл осы кезде Төлеген Құдашбаевты балалары көлікпен дәрігерге апара жатқан. Екі жақ арасында төбелес болып, қарияның жамбасы сынған, оның ұлының бас сүйегі мен миына зақым келген.

Бұған дейін ішкі істер министрлігі Қордайдағы жанжалға осы кикілжің себеп болды деп айтқан.

7 ақпан кешке Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, ресми дерек бойынша, 11 адам қаза тауып, 180-нен аса адам зардап шеккен. Қордайдағы жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдары көп зардап шеккен.

Қазақстан үкіметі жанжалға байланысты 120-дан астам қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. ("Адам өлтіру" бабы бойынша 11 іс). Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бірнеше шенеунік және полиция департаментінің басшысы қызметтен кетті. Оның орнына сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды.​

29 сәуірде Алматыдағы тергеу изоляторында Жамбыл облысы Қордай ауданында болған ұлтаралық жанжалға байланысты ұсталған Бекбол Кибаевтың қайтыс болғаны белгілі болды. Прокуратура осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Оқиғаның басқа жайттары белгісіз.​

"The Qazaq Times"