«Ел үйде отырғанда белсенділерді болмайтын ілікпен ұстап жатыр» деген жазбалар әлеуметтік желілерде көбейді. Бұған негіз де жоқ емес. Сәуірдің ортаңғы онкүндігінде азаматтық қоғамға біраз құрық салынғандай болды. Көбінің айыбы – «билікті сынауға» саяды.
Елді елеңдеткен ұстаудың бірі реформа жасауды талап еткен, «Нұр Отан» партиясының «кемшіліктерін ашық сынап жүрген» азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшевқа қарсы Қылмыстық кодекстің «Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат тарату» (274-бап, 4-тармақ) бабы бойынша іс қозғалып, тергеу басталды. Өткен сенбі белсендіні екі айға қамады. Оған «билік пен Нұр Отан партиясын сынағаны үшін» былтыр да іс қозғаған.
Ильяшевті қамауға «негіз болған» айыппен президент Тоқаев қоғам сенімін арттыру мақсатында құрған Кеңестің (ҰҚСК) мүшесі болған, медиаменеджер, Хабар және КТК арналарында басшылық қызмет атқарған Арман Шораев та ұсталды. Сондай-ақ полиция оның «әлеуметтік желілерде бірнеше рет шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратып, төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпке қауіп төндірді әрі қоғам мен мемлекет мүддесіне зиян тигізді» деп хабарлады. Кеше, 20 сәуір күні Шораев ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылғаны айтылды.
Ал «Төтенше жағдай режимін бұзды» деген айыппен басқару жүйесіндегі кемілікті ашық сынап жүрген белсенді Ұлан Шәмшетті 18 сәуір саяжайында ұстап әкетіп, қамаған көрінеді.
Дәл осы айыппен алматылық азаматтық қоғамның белсенді өкілі Геннадий Крестьянскийдің де үстінен әкімшілік іс қозғалды. Іске карантинге жабылған Алматының блок-бекеттерінің бірінде 26 наурыз күні тікелей эфирге шығып, қауіпіздік шараларының кемшілігін сынағаны себеп болған. Белсенді тағылған айыппен келіспейді. Құқық қорғау органдары алматылық тағы бір белсенді Даная Қалиеваға Қылмыстық кодекстің «Билік өкілін қорлау» бабымен іс қозғап, сотқа жолдаған.
Қоғамды дүрліктірген ұстау-жазалау оқиғасының бірі Қазақстанға белгілі «полиция сақшысы» атанып кеткен шымкенттік Руслан Жанпейісовтің ісі болды. Мегаполистің блок-бекеттерінің бірінде өздігінше тексеріс жүргізбек болған белсендіні сот «Төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекет жасады» және «Төтенше жағдай режимін бұзды» деген екі айыппен 35 күнге қамады.
Тағы бір жазалау шарасы сәуірдің алғашқы дүйсенбісі Шу ауданындағы «Қазпошта» мекемесіне жиналған жұртты көріп, тікелей эфирде «халыққа жағдай жасалмағанын» айтқан жамбылдық белсенді Бағдат Бақтыбаевқа да қолданылды. Азаттықтың хабарлауынша, ол Facebook желісіндегі тікелей эфирі үшін 10 күнге қамалып шықты.
Арман Шораевтың ізін ала қазақстандық миллиардер Марғұлан Сейсенбаев та 20 сәуір әлеуметтік желідегі аккаунттары арқылы «өзіне қауіп төніп тұрғанын», үйінің айналасын 30-40 шақты «комитеттегілер» торуылдап жүргенін жариялады. Тіпті телеграм арнасында көпшіліктен «негізсіз жаламен ұстай қалған жағдайда өзіне қатысты ресми деректерге сенбеуін сұрап», аккаунттарының кілтін ауыстырып, қамданғанын хабарлады.
Сарай мәнерінде сөйлейтін сарапшылардың көбі «жылымық кездің жемісі» туралы айтып жүрсе, азаматтық қоғамның белсенділері әртүрлі себеппен жауапқа тартылып жатыр.