Белгілі меценат, қоғам белсендісі Марғұлан Сейсембай өзінің Фейсбук желісінде өзіне қауіп төнуі мүмкін екендігін жазды. Бұған дейін елдегі қоғам белсенділері түрлі айыппен қамауға алынған болатын.
Ол жазбасында: «Достар, менің ізіме түскенге ұқсайды. Соңғы бірнеше күн бойы Алель Агро қызметкерлерінің тыныштығы қашты. Кеше түнде Алель Агро басшылығын тұтқынға алды. Күні бойы банктерден құжаттарын алдыртып, үйлерінде тінту жүргізді.
Мүмкіндігімді пайдаланып, мен ешқандай да қылмыс жасамағанымды айтқым келеді. Бір де бір бизнесте мен ешнәрсеге қол қойып, болмаса басшылық етпедім. Қазір олар Алель Агроға қатысты субсидиялар алу кезінде алаяқтық пен қаржы жымқыру бойынша қылмыстық іс қозғап отыр. Алель Агро айып тағылатындай инвестициялық субсидиялар алған емес. Менің бұл субсидиялардың үлестірілуі, не алынуына ешқандай қатысым болмаған, қазір де еш қатысым жоқ. Сондықтан, бұл нағыз саяси іс, олар мені қамап тастамақшы немесе ауызымды жаптырғысы келіп отыр.
⠀
P.S. Менің үйімнің айналасында 30-40 шақты адам жүр. Шамасы комитетчиктер», – деген.
Бұған дейін ол белгілі журналист, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі, қоғам белсендісі Арман Шораевтың “төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты” деген күдікпен ұсталғанына байланысты «Арман Шораевты Алматыға әкеле жатыр. Бүгін кешке оның құқықтарына уақытша шектеу қою шараларын белгілеу бойынша сот өтеді. Егер оған да Әлнұр Ильяшевке жасағандай, бірден екі айға абақтыға жабу шарасы қолданылса, соңғы күндері белсенділерді тұтқынға алу әрекеттерінің барлығын ескерсек, билік басып-жаныштау жолын таңдағаны және ешқандай да реформаларға үміт артудың мәні де жоқ екенінің айқын белгісі болмақ. Қоғамның қордаланып қалған мәселелерін бейбіт және эволюциялық тұрғыда шешудің тағы да бір мүмкіндігінен айырылсақ, өте өкінішті болмақ. Билік өз таңдауын жасап жатыр. Арман, сен мықтысың, өз-өзіңе берік бол! Алла сенің және біздің осы сыннан да аман өтуімізді жазсын!», – деп жазған болатын.
Естеріңізге сала кетсек Марғұлан Сейсембай 1966 жылы Жезқазған облысында дүниеге келген. Қазақстандық «Альянс Банк» АҚ-ның Директорлар Кеңесінің төрағасы, ресейлік «СтарБанк» ЖАҚ-тың бақылаушы акционері, «Сеймар» компаниясының негізін қалаушы, Қазақстан Республикасы Шахмат федерациясының президенті, "Seimar Social Fund" коммерциялық емес қайырымдылық қорының құрылтайшысы, Қазақстандағы "Heileyberry School Almaty" жекеменшік ағылшын мектебінің құрылтайшысы сынды қызметтер атқарған.