Әсем Жапишеваның айтуынша, полиция 1 наурыз күні полиция Oyan, Qazaqstan азаматтық қозғалысының 4 белсендісі Айдос Темірғалиев, Бауыржан Әзілхан, Фариза Оспан және Әлия Қасеновадан заңсыз тартып алған жеке куәлігін бүгін адвокаттың араласуымен «әрең» қайтарып берген.

– Бірақ төртеуіне «билік өкіліне бағынбады» деген айыппен әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады. Ал бұл айып бойынша 5 тәулік қамау немесе 40 АЕК айыппұл қарастырылған. Десе де адваокат танысқан хаттамада кафеде отырған жерінен ұсталды деп емес, «митингке шыққан жерінен ұсталды» деп жазылған екен, – дейді Әсем Жәпишева.

Алдағы уақытта қозғалыс мүшелеріне полициядан шақырту келуі мүмкін. Барлық белсенді Алматы прокуратурасына заңсыз ұстағандықтан арыз жазып жатыр. Полиция Жәпишеваны «үйінен заңсыз алып кеткен» және Айдос Темірғалиевті «ұрып-соққан».

1 наурыз Қазақстандағы демкоратиялық-оппозициялық күштер бірігіп жалпыхалықтық митингке шығатынын мәлімдеген еді. Осы күні арнайы жасақ Oyan, Qazaqstan жастары үйінен және бұрынғы Фурманов пен Жолдасбеков көшелерінің қиылысындағы қоғамдық тамақтану орнынан күштеп алып кеткен. Алматы қаласындағы әртүрлі полиция бөлімдеріне жеткізілген 40-қа жуық қозғалыс мүшесі кешке дейін босатылған.

Кеше ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев сегіз қалада өткен митинте бар болғаны 80 адам ұсталып, төртеуі қамалды десе,  https://www.facebook.com/groups/ActivistsNotExtremists/ және Qaharman  азаматтық құқық бастамашыл тобы мониторингі бойынша кемі 125 адам ұсталғанын хабарлады.

"The Qazaq Times"