Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Алғыс айту күні Қазақстандағы үкіметтік емес барлық саяси ұйымдар мен азаматтық қозғалыстар бейбіт шеруге шығатынын және қолдайтынын жариялады.
Oyan, Qazaqstan азаматтық қозғалысы 1 наурыз күні «тозығы жеткен жүйе саяси белсенді адамды өлтіріп тынды» деген уәжбен түрмеде жұмбақ жағдайда көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің өліміне байланысты бейбіт митингке шығатынын мәлімдеді. «Жарқын болашақ үшін өзімізді заңсыздық пен бопсалаудан қорғап үйренуіміз керек» деп санайтын қозғалыстың креатив жастары «саяси көзқарасымыз сай болмаса да, жақындарымызбен бірігіп, көмек қажет ететіндерге қол ұшын созуға дайын екенімізді көрсететін мүмкіндік болады», – дейді facebook желісіндегі ресми парағында.
Жиын ұйымдастырушылары алаңда «Назарбаевтың отбасымен қоса саяси аренадан кетуін», «қаусаған диктатор мен шабармандарына қуғын-сүргіншіл тираниясына шыдап отыра бермейтінін» және «билік ауысып, адам хақын жоғары қоюын» талап етеміз дейді.
Сонымен қатар билікке қарсы ұстанымдағы экс-банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін, Еуропада бейбіт, ал елде экстремистік ұйым ретінде танылып, қызметіне тыйым салынған Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы да аталған шеруге шақырды. «Саяси тұтқындарды босатуды, Дулат Ағаділдің қазасын әділ тергеуді және экс-президент Назарбаевтың командасымен бірге толық отставкаға кетуін» талап етуге шақырған Әблязов әдеттегідей интернет арқылы бейнеүндеу жолдады. 2017 жылдың жаз кезінен бері ашық насихат жүргізуді бастаған, елорда сотының үкімімен сырттай өмір бойына сотталған. ҚДТ жақстастарының қосалқы ұйымы «Көше партиясы» да аталған шеруде негізгі қатысушылардың қатарынан көрінуі мүмкін.
Алғыс айту «мерекесінде» өз наразылығын білдірушілер қатарында Демократиялық партия құру тобының жетекшісі саясаткер-журналист Жанболат Мамай да кеше арнайы мәлімдеме жасады. «Жалпы елде жағдай дұрысталуы үшін бір-ақ нәрсе керек. Бұл – Назарбаевтар отбасы биліктен толық кетуі керек. Олар билік тұтқасын ұстап тұрғанда Қазақстан ешқашан гүлденіп-көктемейді де, дамымайды да. Бәрін тежеуші Нұрсұлтан Назарбаев пен оның әулеті түгелімен кетуі тиіс. Осыдан басқа талап болмауы керек», – дейді ол. Биліктің негізгі қайнар көзі – халық екенін еске алған белсенді «ат төбеліндей топ миллиондаған халыққа өзінің шешім-қалауын таңбау қажет» деп санайды. Оның айтуынша, «әділдікті талап етіп, ердің құнын сұрау – елдің заңды конституциялық құқығы, Дулаттың қазасы «Қазақ көктемін» бастады және онда Н.Назарбаевтың режиміне ешқандай орын жоқ».
Алматы қаласындағы бір топ азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің қайтыс болғаны хабарланған күні «билік рұқсат берсе де, рұқсат бермесе де бейбіт митингке шығатынын» хабарлады. Олар әкімдіктен дәл осы күнге көпбалалы аналардың мәселесі бойынша өтінім бергенін, бірақ жауапты органдар қанағаттандырмағанын, рұқсат беруден бас тартқанын жеткізді. Бастамашыл топ мүшесі белсенді Құрал Сейітханұлы «Қауіпсіздік кеңесі деген өтірік ұйымнан бастап барлық жүйе ауысуы керек, сондықтан елді оянуға шақырамын! Оянбаған-күреспеген халықты Құдай да ұнатпайды қажет болса. Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін деп, Дулаттың өлімін даулауымы керек» дейді. Сондай-ақ шеруге шақыру бейнеүндеуін facebook желісіндегі жеке парағына жариялаған Даная Калиева «белсенділерге рұқсат бермегеніне қарамастан біз шығамыз, әуелде әлеуметтік себеппен Ганди саябағында өткізбек едік, соңғы оқиғадан кейін (Дулат Ағаділдің қазасы – QT) енді әкімдік алдында болады. Саяси тұтқындардың абақтыдағы өміріне алаңдап, уайымдауға мәжбүрлейді», – дейді.
Ескі оппозиция гвардиясынан Халық құрылтайының басты ұйымдастырушысының бірі, белгілі журналист Рысбек Сәрсенбайұлы «жүйеге қарсы кез келген бейбіт шеруді қолдайтынын» айтады. «Біз Дулат Ағаділдің жерлеу кезінде жұрт, ел болып ант бердік. Ақиқат үшін күресуге! Оның өлімі – қандықол полицияның ісі, жүйенің жемісі. ...Қазіргі таңда билікке наразы емес адам жоқ, табыла қалса ол парламент пен жоғары жақтағылар ғана. Жеке пікірім, Назарбаев пен оның жүйесіне қарсы күресте халық жағындамын», – деп қолдайтынын, елмен бірге шығатынын айтты ол.
Бүгін түсте соңғы ұйымдардың бірі болып, партия құруды көздейтін Respublika қозғалысы да Демпартиямен бірге 1 наурызға жоспарланған митингке шығатынын хабарлады. «Дулат Ағаділдің қазасы – жеке адамның немесе қозғалыстың емес, Қазақстанның адам құқығын басты құндылық санайтын барша азаматының ортақ қайғысы» деп санайтын ұйымдастыру тобы facebook желісіндегі ресми парағында негізгі бес талабын көрсетті. Олар:
Дулат Ағаділдің өліміне кінәлілер заң бойынша жазасын алуы керек. Оның өлімі – оны тұтқындау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмауының салдары деп есептейміз;
Қазір түрмеде отырған барлық саяси тұтқындарды босату;
Қазақстанда саяси көзқарастары үшін қудалауды, қысым көрсетуді тоқтату;
Осындай заң бұзуларға қарсы жауапкершілікті күшейту, әділ, тәуелсіз сот жүйесін құру;
Халықпен диалог жасанды, көзбояу кеңестерде жүруі мүмкін емес. Еститін үкімет қыртқан сөз болмай, іс жүзінде дәлелденсін. Халықтың шын даусын естігісі келсе, еркін, бейтарап алаңға келсін.
Қазір саяси ұстаным, көзқарастардың айырмасына қарап бөлінетін уақыт емес екеніне баса мән берген республикалықтар «біз талап ететін өзгерістер мен қол жеткізгіміз келетін мақсат ортақ, ...қазіргі билік құқықтарымызды қамтамасыз етуге қабілетсіз, тіпті мүдделі емес екенін толық дәлелдеп бітті» дейді.
Осылайша, Oyan, Qazaqstan және Respublika, ҚДТ мен ҚДП, Алматы белсенділері, Халық құрылтайы, Көше партиясы... жексенбі күні сағат 12:00-де орталық алаңдар мен әкімдік алдына бейбіт шеруге шықпақ. 2016 жылдың 14 қаңтарында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні етіп жариялады.
Әдетте Қазақстан соты сырттай өмір бойына бас бостандығынан айырған, қазір Францияда тұратын Мұхтар Әблязов шақырған шеру қарсаңында «арандап қалмау» туралы үндеу жариялайтын бас прокуратура әзірге ешқандай әрекет білдіре қойған жоқ. Жуырда ғана, 22 ақпан бірнеше қалада қатарынан өткен санкцияланбаған митингте құқық қорғаушылардың есебінше, 300-ге тарта азамат ұсталғанымен, ІІМ бар болғаны 53 деп хабарлған болатын.