Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 1 наурыз күні еліміздің бірнеше қаласында өткен митингте 80-ге жуық адам ұсталғанын мәлімдеді. ІІМ мен құқық қорғау ұйымдарының мәліметі екінші мәрте қабыспауының себебі неде?
«Бас прокуратураның ескертуіне қарамастан, кеше біраз азамат экстремистік ұйымдар үшін рұқсат етілмеген орындарда митинг ұйымдастырмақ болды. Полиция қоғамдық тәртіпті ретке келтіру үшін шара қабылдады. 80-ге жуық адам полиция бөліміне жеткізілді. Әңгімелесуден кейін барлығы жіберілді», - деді Е.Тұрғымбаев.
Министрдің сөзінше, ұсталғандардың біреуіне айыппұл салынып, үшеуі әкімшілік қамауға алынған көрінеді. Оның екеуі полицияға қарсылық көрсеткені үшін, біреуі митинг ұйымдастырғаны үшін қамалыпты-мыс. Бұл күні министр айтқандай Қазақстанда экстремистік ұйым ретінде танылып, қызметі шектелген ҚДТ ғана емес, үкіметтік емес барлық саяси ұйымдар мен азаматтық қозғалыстар бейбіт шеруге шығатынын және қолдайтынын жариялаған. Кеше Алматыда жай азаматтардан бөлек, тілшілер де митинг белгіленген жерге жетпей ұсталып жатты. Соның қатарында өзін журналиспін деп таныстырған Әсел Жаңабай, «Дат» газеттер жобасының жетекшісі, танымал журналист Ермұрат Бәпиді және орталықтағы кофехананың бірінен 30-дан астам Oyan, Qazaqstan мүшесін полицейлер күштеп автозакқа салып әкетті. Республика алаңы маңының өзінде тілшілеріміздің көзбен санағандағы есебі бойынша, 40-қа жуық адам ұсталғанын ескерсек, Алматыда жалпы жиыны 70-тен кем емес адам полиция бөліміне жеткізілген. Сонымен қоса алғыс айту күні болған шеруде астана, Шымкент, Ақтөбе қаласында полиция ондаған азаматты ұстағаны белгілі болды.
Ал https://www.facebook.com/groups/ActivistsNotExtremists/ және Qaharman азаматтық құқық бастамашыл тобы жүргізген мониторингі бойынша, дерек мүлдем басқаша. 80 емес, кемі 125 адам. Facebook желісінде жарияланған мәлімдемеде бейбіт шеруде ұсталғандардың толық аты-жөні көрсетілген:
1 наурыз құқық қорғаушылар 9 қалада 155 саяси аңду-қудалау оқиғасын тіркеді. Оның ішінде 8 қалада 125 адам ұсталған:
- Алматыда 78 жағдай (70-і ұстау, 8-і қуғындау);
- Астанада 31 жағдай (23-і ұстау, 8-і қуғындау);
- Ақтөбеде 12 жағдай (5-еуі ұстау, 7-еуі қуғындау);
- Семейде 3 жағдай (біреуі ұстау, 2-еуі қуғындау);
- Қостанайда бір қуғандау жағдайы;
- Атырауда 10 ұстау жағдайы;
- Оралда 4 жағдай (2-еуі ұстау, 2-еуі қуғындау);
- Шымкентте 13 ұстау жағдайы;
- Ақтауда 3 жағдай (біреуі ұстау, 2-еуі қуғындау).
Бұл ішкі істер министрі мен құқық қорғаушылар ұйымы ұсынған деректердегі бірінші сәйкессіздік емес. Бұған дейін де ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаев 22 ақпанда бірнеше қалада өткен санкцияланбаған митингте бар болғаны 53 адам ұсталғанын айтқан болатын. Алайда құқық қорғаушылар 300-дей азаматтың күштеп ұсталғанын хабарлаған еді. Осыған байланысты Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы 22 ақпан Қазақстан билігінің көпе-көрнеу ұстау әрекеті жайлы мәлімдеме жасап, Қазақстандағы ұстауды «масқара», «ұят» деп бағалады. Әрі әкімшілік жүйені сенбідегі бейбіт митинг кезінде қамалған азаматтарды дереу босатуға шақырды.
Айтпақтай, жуырда ғана ІІМ сайтында елдің полицияға сенімі артып келе жатқаны туралы зерттеу нәтижесі жарияланды. Ерлан Тұрғымбаевтың сөзінше, «респонденттердің 38,3%-ы толықтай келісетінін, 51,2%-ы ішінара полицияға сенеді әрі келіседі»-мыс.