Сіздің «Музыка да шекара жоқ» деген сөзді үнемі естіп жүргеніңіз анық. Алайда бұл сөздің авторының кім екенін білесіз бе? Бұл 29 жастағы, әлемді талантымен таңқалдырған пианист Нобуюки Цудзиидің (ағыл. Nobuyuki Tsujii, (жапон.) 辻井 伸行) сөзі болатын.
Әлемнің сан жерінде мыңдаған тыңдаушы көрерменін орнынан тік тұрғызған талантты пианист әрі композитор Нобуюки Цудзии бұл өмірге зағип болып келіпті. Алайда Тәңір оған жұртты таңдай қақтырар музыкалық дарын сыйлапты. Ол сол дарынымен музыканттар үшін ең бағалы Вана Клиберн атындағы алтын медальды еншілеген.
Тумысынан зағип болып дүниеге келген Нобуюки Цудзиидің бойында адамның ақылы жетпейтін көптеген қасиеттер бар. Айталық, ол түстерді көрмесе де дәм сезу түйсігі арқылы ажырата алады екен. Мүмкін ол музыкадан басқа ешнәрсені көре алмайтын болар. Нобуюки Цудзии екі жасында рождествалық «Jingle Bells» әнін түйсігімен орындап, ерекше музыкалық қабылетімен Жапонияға танымал болған. Төрт жасында музыкаға жүйелі түрде ден қойып, он жасында Осакадағы Симфониялық орталықта алғашқы дебютін орындайды. Он екі жасында Нобуюки, Токиодағы Сантри Холлда және Нью-Йорктың Карнгеи-Холлдағы концерттік залында өнер көрсетеді.
Пианистің репертуарларында Моцарттың, Бетховеннің, Шопеннің, Листің және Паганиннің Дебюсси сынды әлемдік классик композиторларының шығармалары бар. Ол өзі де жүрек қылын тербейтін көптеген композициялық шығармалардың авторы. Әлемге кең тараған жапондық драмалар мен кино фильмдердің арқау музыкасын жазған. Талант иесінің өзі туралы да кино түсірілген.
Нобуюки Цудзии Руре атындағы фортепионалық фестивальге қатысып Вашингтон, Индианаполис, Хьюстон, Абу-Даби сынды салтанатты сарайларында өнер көрсеткен. Ол оркестр басқарушылары мен бірге танымал дрижерлер: Владимир Ашкенази, Владимир Спиваков, Ютака Садолармен шығармашылық жолын жалғастыруда.
“The Qazaq Times”