Сүрия үкімет күштерінің әуе соққыларынан 33 түрік әскерінің қаза болғанын Анкара да растады. Бұған жауап ретінде Түркия Сүрия үкіметіне тиесілі барлық нысанның шабуыл нысанасына айналатынын айтты. Тіпті, Сүрия үкіметіне қарсы соққы турасында түрік СІМ басшысы Мевлюд Шавушоглу НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергпен де пікір алмасқаны мәлім болды.

Башар Асад режиміне қарасты әскери күштердің Идлибтегі шабуылдарына Ресей қолдау көрсеткені баршаға белгілі. Дамаск билігі Идлибті оппозициялық қарулы топтардан қайтарып алуды көздейді. Бірақ, Идлибке қарсы қарулы операция Түркияның мазасын кетірді және қарсылығына тап болды. Себебі, шекарасына жақын Идлиб провинциясының Түркия үшін стратегиялық маңызы зор екенін бұған дейін де айтқан едік. Оның үстіне аталған аймақта Сүрияның өзге аймақтарынан жан сауғалай келген босқындарды қосқанда 3-4 млн адам өмір сүріп жатыр. Аймақтағы тұрақсыздық Түркия үшін жаңа әлеуметтік мәселе тудыруы да мүмкін.

Бұған дейін, нақтырақ айтқанда, 2017 жылғы Сочи келісімінен бері қарай аймақты Түркия өз бақылауына алып келді. Онсызда Анкара билігі бұл аймақты өзінің тікелей ықпалындағы өңір санайды. Онда және Түркия, Иран қолдауындағы оппозициялық күштер де бар.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ақпан айының бас шеніндегі шабуылдан кейін қатаң жауап қайтарып, Идлиб жерінен Сүрия үкімет күштерінің толықтай шегініп шығуын талап еткен. Әрі, қаза болған түрік әскерлерінің кегін алатынын айтқан.

Сүриядағы соңғы қақтығыс оқиғаларына байланысты түрлі сұрақтар туды. Екі ел арасында соғыс болуы мүмкін бе? Ресей Анкара мен Дамаск арасында ара-ағайын бола ала ма? Түркия мен Сүрияның қайсысы шегініс жасауы мүмкін? Батыс Азия (Батыста Таяу Шығыс делінеді) жағдайына ой жүгірткен көзқарақты жұрт осы сауалдардың жауабін іздеп жатыр.

Көптеген сарапшылар Башар Асад күштері аймақты толық бақылауына алғанша әскери операцияларды тоқтатпайтынын айтады. Оның үстіне Башар Асадтың бұл жоспарын Мәскеу тарабы қолдап отырған сыңайлы. Себебі, барлық қарсы күштерге соққы беруге әскери қолдауын аямай жасап келеді. Бірақ, Идлиб жанжалы бойынша Сүрия мен Түркия арасында соғыс болса бұл бір ғана әлеуметтік дағдарысты ғана емес, саяси дағдарысты да ала келмек. Себебі, Сүрия мәселесіне бас тыққан державалар мен өзге күштер де аз емес. Барлық тарап та Идлиб жанжалынан пайдаланып өз мүддесін қорғап қалуға тырысады. Сондықтан да сарапшылар Сүрияның солтүстік-батыс аймағындағы бұл қақтығыс тұтас Орта-Шығысқа жайылып кетуі мүмкін деп те алаңдайды.

Мәселені тағы бір қырынан қарағанда, Идлиб мәселесі түрік басшысының саяси беделіне кері әсерін тигізді. Шекара сыртындағы түрік әскерлерінің шығыны көбейген сайын, ел ішіндегі Ердоғанның саяси беделі төмендей түспек. Оның үстіне оған АҚШ пен Ресейге тек қарай алмай қалды деген сындар қазірдің өзінде айтылып жатыр. Бұның бәрі Түркияны «Орта-Шығыс батпағына» батыра түспек. Аталған аймақтың даулы жанжалдары бір бас сұққан тарапты оңай жібере қоймайтыны белгілі.

Тағы бір қырына қараған сарапшылар, Идлиб мәселесі Ресейдің беделі мен ықпалын арттыратын болды деп қарайды. Олардың келтірген уәжіне қарасақ, Идлиб жанжалына тоқтау сала алатын ең көп мүмкіндік қазірше Мәскеудің қолында ғана тұр. Бұған дейін Сүрия мәселесі бойынша Түркиямен де пікір бірлігіне келе алған. Тек, Ресейдің кімді, нені күтіп отырғаны туралы пікірлер әр-алуан.

 

“The Qazaq Times”