Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Боррель Сүрияның Идлиб аймағында жалғасып жатқан шиеленісті тез арада тоқтатуға шақырады.
Еуроодақ өкілі Twitter парақшасында: «Идлибте болып жатқан шиеленісті дереу тоқтату керек. Үлкен ашық халықаралық әскери қақтығысқа түсу қаупі бар. Бұл сондай-ақ, салдары ауыр қайғы-қасірет тудырады және қарапайым тұрғындарға қауіп төндіреді. ЕО барлық тарапты жылдам эскалацияға шақырады. ЕО қауіпсіздік мүдделерін қорғау үшін барлық қажетті шараларды қарастырады. Біз барлық мүдделі қатысушылармен байланыстамыз», – деп жазды.
Соңғы кездері Идлибтегі ахуал күрделеніп барады. Осы аптада Сүрияның Идлиб провинциясында әуе соққысы салдарынан 33 түрік сарбазы мерт болған. Мәліметтер бойынша, сарбаздар Сүрия үкімет күштерінің әуе соққысы салдарынан көз жұмған. Дегенмен жағдайға қатысты ресми Дамаск билігі қандай да бір ақпарат тарқатқан жоқ. Соңғы ақпар бойынша, түрік билігі қарсы соққыға көшкен.
Оқиғадан кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қорғаныс министрлігінің басшылары, сыртқы істер министрі мен Қарулы Күштері Бас штабының өкілдерімен шұғыл кеңес отырысын өткізді. Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлут Чавушоғлұмен сөйлескен НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг «Біз Ресейдің Сүрия әскеріне қолдау көрсетіп отыранын жақсы білеміз және Кремльдің бұл қадамын қолдамаймыз. Алдағы уақытта жағдай ушығып кетпес үшін Ресей шегінуі тиіс. НАТО Түркияға қолдау білдіреді», – деді. АҚШ пен НАТО Түркияға ресейлік С-400 зымырандарынан бас тарту туралы ұсыныс білдірді. Қазіргі уақытта аймақтағы жағдай мен Түркия-Ресей байланысы жіті бақылауда.