Алматыда наразылар қала прокурорынан жауап ала алмаған соң әкімдік ғимаратының алдына барып, әкім Бақытжан Сағынтаевтың шығуын, халық талабын орындауын талап етіп тұр.
50-ге тарта белсенді «митингке жиналмағанын» әрі президенттің атына «Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымын жергілікті билік іске асырмайтынын, басшы ретінде қадірсіздік танытатынын» айтып ескертті. «Сағынтаев, шық!», «Бостандық!», «Халықтан неге қорқады?» деп ұрандасқан жұрттың алдына арнайы жасақ келіп, әкімдік алдын күзетіп тұр.
Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Есенбековтің уәжіне ешкім құлақ түрмеді. Олар 22 ақпан санкцияланбаған митингте ұсталған 18 азаматты абақтыдан дереу босатуды әрі екі күн бұрын түрмеде қаза болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің өлімін әділ тексеруді талап етуде.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев әдеттегідей (қыркүйектен бері) наразы топтың алдына шықпады.
Жиналғандар Дулат Ағаділдің өліміне тікелей билік кінәлі, билік бұл арқылы қоғам белсенділерін қорқытуды көздеп отыр, билікке қарсы шықпауға көндіргісі келеді деп санайды. Соңғы бейнеүндеуінің бірінде «өзінің ішімдік ішпейтінін, темекі тартпайтынын, билік кез келген әдіспен өлтіруі мүмкін екенін» ескерткен Дулат Ағаділдің белсенділер оның бұрын соңды «жүрек талмасымен» ауырмағанын айтады.
Бүгін Ақмола облысындағы Ағаділді соңғы сапарға шығарып салған тұста Ақтөбе, Алматы, Шымкент және Таразда белсенділер марқұмды еске алып, азаматтық белсенділерді қуғындауды тоқтатуды және биліктің түгелдей ауысуын талап етті.