ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев өткен аптаның сенбісі, 22 ақпанда бірнеше қалада болған санкцияланбаған митингте бар болғаны 53 адам ұсталғанын айтыпты. Ал құқық қорғаушылар бұған дейін 300-дей азаматтың күштеп ұстағанын хабарлаған.
22 ақпандағы митингіде «53 адам ұсталып, 10 адам әкімшілік жазаға тартылған, профилактикалық әңгімеден кейін 43 адам босатылған» деп жауап беріпті ішкі істер министрі Тұрғымбев Азаттық тілшісіне.
– Бас прокуратураның бірнеше рет ескерткеніне қарамастан кейбір азаматтар ақпанның 22-сіне рұқсат етілмеген жиынға шықты. Қоғамдық тәртіпті сақтау және рұқсат етілмеген митингіге жол бермеу үшін шара қолданылды, – деді бас полицей үкімет отырысынан кейін.
Адам құқығын қорғаушылар жариялаған мониторинг деректер қорында 22 ақпан күні Қазақстанның түрлі қалаларында болған митингілер кезінде «300-ден астам адам ұсталды, екі адам жарақаттанды» деп хабарлаған еді. Бір Алматы қаласының өзінде оқиға орнынан күні бойы хабар таратқан редакциямыздың тілшілері көзбен санағанда 130-150 шақты азаматтың күштеп ұсталғанын жеткізген болатын.
Ерлан Тұрғымбаев тіпті жарақаттанғандар жоқтығын жеткізіпті.
22-сі түске дейін дәл осы маңда Демпартияның бастамашыл тобының жүз шақты жақтастары ұсталғаны хабарланған болатын. Ал түстен соң экс-банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін, елде экстремистік ұйым ретінде танылып, қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы жақтастарының Алматы қаласындағы рұқсат етілмеген митингінде кем дегенде жүзге жуық адам автозакқа тиеліп, әкетілген еді.
Бұл күні Шымкент, Тараз, Ақтөбе, астанада митинг өтеді деп белгіленген жерге келген белсенділерді полиция ұстап жатыр. Жер-жерде ұсталғандар «Назарбаев кетсін!», «Шал, кет!» деп ұрандатты. Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағында күзет күшейтіліп, 20-дан астам адамды полиция әкеткен. Таразда да орталық көшелерде арнайы жасақ жұмылдырылды. Ақтөбе мен астанада полиция кем дегенде он адамды әкетті. Митинг жоспарланған аймақтарда ғаламтор жұмысы нашарлаған.
Сол күні-ақ әлемдік адам хақы қозғалысы Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы 22 ақпан Қазақстан билігінің көпе-көрнеу ұстау әрекеті жайлы мәлімдеме жасап, Қазақстандағы ұстауды «масқара», «ұят» деп бағалады. Әрі әкімшілік жүйені сенбідегі бейбіт митинг кезінде қамалған азаматтарды дереу босатуға шақырды.
Айтпақтай, дәл митинг өтетін күні ІІМ сайтында елдің полицияға сенімі артып келе жатқаны туралы зерттеу нәтижесі жарияланды. Ерлан Тұрғымбаевтың сөзінше, «респонденттердің 38,3%-ы толықтай келісетінін, 51,2%-ы ішінара полицияға сенеді әрі келіседі»-мыс.