Әлемдік адам хақы қозғалысы Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы 22 ақпан Қазақстан билігінің көпе-көрнеу ұстау әрекеті жайлы мәлімдеме жасап, әкімшілік жүйені сенбідегі бейбіт митинг кезінде қамалған азаматтарды дереу босатуға шақырды.
Штаб пәтері Лондонда орналасқан ұйымның дерегінше, 22 ақпан таңертең Алматыда оппозициялық партияны тіркеуді, билікке сын айтқандарды қудалауды тоқтатуды талап еткен 70-ке тарта адам ұсталған.
Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директорының орынбасары Денис Кривошеев «Қазақстандағы адам құқығы жағдайы бұрын да нашар еді. Енді тіпті нашарлай түсті. Билікке сын айтқандардан осыншама қорқып, оларды қудалау үкіметтің сөз бостандығынан қаншалықты шошитынын көрсетеді», – деді.
Кривошеев мәлімдемесінде «Демократиялық партия» құруды көздейтін бастамашыл топ «билік тарапынан жасалған қудалау мен қысымнан соң» сенбіге жоспарланған құрылтай съезден бас тартқан.
«Демпартияны және басқа оппозициялық топтарды қолдағаны үшін ұсталғандарды босатуға шақырамыз. Қазақстанда пайда болып жатқан оппозициялық топтарды қуғындау – масқара, ұят жағдай (These attempts to crush Kazakhstan’s nascent opposition movement are shameful– халықаралық ұйым мәлімдемесінен). Саяси партия құру – адам құқығының, сөз бостандығының, бейбіт митингіге шығудың негізі. Қазақстан билігі адам құқықтарын сақтап, оппозицияны қолдағандарды я наразылыққа шығып ұсталғандарды босатуы тиіс» делінген ресми хабарламада.
22 ақпан Алматы, Шымкент, Тараз, Ақтөбе қалалары және астанада митинг өтеді деп белгіленген жерге келген белсенділерді полиция күштеп ұстап әкетті. Жер-жерде ұсталғандар «Шал, кет!», «Оян, Қазақстан!», «Назарбаев кетсін! Дариға кетсін!» деп ұрандатты. Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағында күзет күшейтіліп, 20-дан астам адамды полиция әкеткен. Таразда да орталық көшелерде арнайы жасақ жұмылдырылды. Ақтөбе мен астанада полиция кем дегенде он адамды әкетті. Митинг жоспарланған аймақтарда ғаламтор жұмысы нашарлаған. Әзірге ІІМ ұсталғандар туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Десе де ұсталған азаматтардың дерекқорын әзірлеп, изоляторға ас-суын жеткізіп жүрген құқық қорғаушылар шамамен 300-дей адам қамалған дейді.